Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың жаңа жылдық құттықтауы

Құрметті ақмолалықтар!
Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды келе жатқан жаңа 2022 жылмен шын жүректен құттықтаймын!
Жаңа жыл – бәріміз жаңа үміт, жақсылық пен қуаныш күтетін ерекше мерекеміз. Біз де келер жылдан экономикалық өсу, тұрақтылық пен береке күтеміз. Өткен жыл да бәріміз үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Олардың ішіндегі ең бастысы – қастерлі Тәуелсіздіктің отыз жылдық мерейтойы. Мерейлі жылы көптеген әлеуметтік-экономикалық міндеттер шешілді. Осының бәріне нәтижелі еңбек пен бірліктің арқасында жеттік. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызға бірлескен табысты жыл үшін алғысымды білдіремін!

Міне, екі жылдан бері түрлі шектеулерге салған коронавирус індеті баршамызды қатаң сынаққа алып келеді. Бұрын-соңды кездеспеген індетке қарсы тұра отырып, біз алға басып келеміз, болашаққа сеніммен қараудамыз. Ақмолалықтар індетке және оның зардаптарына қарсы күресте ұйымшылдық, еңбексүйгіштік пен үлкен жауапкершілік таныта білді. Осы бір кезеңде тынымсыз еңбек еткен медицина, полиция қызметкерлері мен еріктілерге ерекше ризашылығымды білдіремін.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір дағдарыстың жаңа мүмкіндіктері болатынын атап көрсеткеніндей, қиындықтарға қарамастан, біз сіздермен бірге орасан зор жұмыстар атқарып, әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық салаларындағы елеулі жетістіктермен және оң өзгерістермен барша қазақстандықтар үшін маңызды биылғы мерейтойлық жылды аяқтап отырмыз.

Барлық әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша өңіріміз жақсы қарқын танытып, жақсы табыстарға ие болды. Жыл бойы біз өмір сүрудің қауіпсіз және ыңғайлы жағдайын жасадық. Жаңадан тұрғын үйлер, әлеуметтік және өнеркәсіп нысандары, мектептер мен бала бақшалары салынып, жол-көлік инфрақұрылымын дамытып, әлеуетті жобаларды іске асырдық.

Биылғы жылы мемлекеттің елеулі қолдауының арқасында облыс бойынша 20 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы сомасы 10 миллиард теңгенің 26 білім беру нысандарының құрылысы мен қайра жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр.
4 мыңнан астам бала тегін секциялар мен үйірмелермен қамтылды. Өңірімізде екі бірдей дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілсе, тағы да үш спорттық кешен салынып жатыр.

Көкшетау қаласында онкологиялық жаңа емхана іске қосылды. Таяуда Қосшы қаласында жаңа емхана ашылады. Целиноград ауданында дәрігерлік амбулатория мен ПМСП орталығының құрылыс жұмыстары жалғасып келеді. Жергілікті маңызы бар 800 километр жол жөнделді. 48 елді мекеннің сумен жабдықтау жүйелері салынып, жөндеуден өткізілуде. Өңіріміздің экономикасын дамытып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлес қосқан барлық ақмолалықтарға шынайы алғысымды білдіремін.

Өтіп бара жатқан жыл мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өмірінде маңызды оқиғаларға толы болды. Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ауылдық округтердің әкімдерін сайлау болып өтті. Сөйтіп, Ақмола облысының 99 ауылдық округтерінің әкімдерін тұрғындардың өздері сайлап алды. Тәуелсіздік алған кезеңнен бері елімізде үшінші рет халық санағы жүргізілді. Сол санақ қорытындысы бойынша халық санының өскені байқалып отыр. Қосшы ауылы облыстық маңызы бар қала мәртебесіне ие болды. Бұл елеулі оқиға! Жаңа Қосшы қаласы облысымыз бен Елордамыздың дамуына оң әсерін тигізетініне сенімдімін.

Өңіріміздің рухани өмірінде де айтарлықтай жақсы жаңалықтар болды. Көкшетау қаласы Қазақстанның мәдени астанасы атанды. Әсіресе, облысымыздың ғана емес, тұтас еліміздің спорттық өмірінде елеулі оқиғалардың болғандығын ерекше атап өтемін. Пауэрлифтер Давид Дегтярев екі мәрте өз жеңісімен қуантып, ол Қазақстанның құрама командасының қоржынына Токио Олимпиадасының және Тбилиси қаласында өткен чемпионатта жалғыз алтын медаль салып, еліміздің мерейін асырды. Белградта өткен Әлем чемпионатында жерлесіміз Теміртас Жүсіпов алғашқы алтын медальға ие болды. Ақмола өңірінде осындай талантты да, еңбексүйгіш және мақсаткер адамдар қатары аз емес. Біз оларды әрдайым мақтан тұтамыз!

Келе жатқан Жаңа 2022 жыл да ел тағдырындағы маңызды да айтулы жыл болары даусыз. Келесі жылы біз үлкен мерейтойларды атап өтеміз. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылды «ТМД елдерінің халық шығармашылығы және мәдени мұрасы жылы» деп жариялады. Сонымен қатар, келер жылы еліміздің Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығын да мерекелейміз. Атақты жерлесіміз, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, Қазақстан авиациясының генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің 100 жылдық мерейтойын атап өтеміз.

Құрметті жерлестер!
Біздің барлық қол жеткізген табыстарымыз ол бірлігіміз бен бір мақсатты жұмыстар жүргізуіміздің нәтижесі. Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді халқымызға тән еңбексүйгіштікпен, ынтымақ-бірлігімізбен табысты шешіп, жаңа жылда да ілгері басып, дамимыз деген сенімдемін.

Халқымызда «ырыс алды – ынтымақ» деген аталы сөз бар. Баршамыз бірлесіп қана еліміздің береке мен бірлігін сақтай аламыз! Жаңа жыл қарсаңында барлық ақмолалықтарға мықты денсаулық, ырыс пен береке, оқуда да, еңбекте де табыстар және отбасының бақытын, кәсіптеріңізге табыс тілеймін. Тәуелсіз еліміздің шаңырағы биік болсын!

Жаңа жыл құтты болсын!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар