Жылдың қуанышын айшықтаған және міндеттерін белгілеудің бір сәті

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев кезекті жұмыс сапарымен Бурабай және Біржан сал аудандарында болып, қайта жаңартылған бірқатар әлеуметтік нысандарда атқарылған жұмыстың сапасына көңіл бөлді.

Степняк қаласында блокты-модульді қазандықтың құрылысы аяқталыпты. «Степняк Су» мекемесінің директоры Дмитрий Езовтың айтуынша, жаңа нысан жеке секторда тұратын тұрғындардың 35-40 пайыздан астамын, сондай-ақ, бірқатар әлеуметтік нысандарды орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта жылуды тарату желілері тартылуда. Жұмыс сапасын тексеру және бағалау барысында аймақ басшысы жылу тасымалдаушыларға алдағы маусымда жылу берудің болашақ тарифтері туралы тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстарын бастауды ұсынды. Д.Езов жылу құны қаладағы басқа қазандықтардағыдай болады деп сендірді.

Біржан сал атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінде облыс әкімі аты аңызға айналған ақынның шөбересі Марал Теміртасовпен кездесіп, музей жәдігерлерін бірге тамашалады. Мәдени нысанның қызметкері Гүлден Аққошқарова тарихқа саяхат жасатып, музей жұмысымен таныстырды. Өз кезегінде облыс әкімі музей ұжымына сәттілік тілеп, келушілерді көбейту бағытындағы жұмыстарды жүргізуді жалғастыруды тапсырды.

Сонымен бірге, бұл күні Степняк қаласының тұрғын үй алуға жылдар бойы кезекте тұрған жиырмадан астам отбасы үшін жаңа жыл қарсаңында баспаналы болу бақыты бұйырды. Оларға аймақ басшысы жаңа салынған үйден көптен күткен пәтерлерінің кілттерін табыстады. Пәтер кілттерін алғандар қатарында бірнеше жыл бойы кезекте тұрғандар, өздерінің бұрынғы үйлері апатты деп танылғандар және мемлекеттік қызметшілер болды.

–«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ақмолалықтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күннің өзінде 21 отбасы жаңа жылды үйде қарсы алмақшы. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Келесі жылы кезекте тұрған азаматтар үшін осындай тұрғын үй алаңдарын салуды жоспарлап отырмыз, – деді Ермек Маржықпаев.

Абай атындағы орта мектепте облыс әкімі бұған дейін де болған еді. Негізі 1965 жылы қаланған білім ордасы биылға дейін күрделі жөндеуді көрмеген. Жазғы каникул кезінде күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алып, аяқтау көзделген болаты. Алайда, мердігермен келісім-шарттың кеш жасалып, бюджеттен қаржының уақытылы түспеуіне байланысты жөндеу жұмыстары кешеуілдетіп басталған-ды. Десе де, жаңа жыл қарсаңында оқу процесіне зиян келтірілмей, мектептегі құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Білім ордасының директоры Руслан Әбуовтің айтуынша, оқу орны айтарлықтай жаңғыртудан өтті. Қазір Степняк қаласының басты мектептерінің бірі ретінде заманауи келбетке ие. Ғимаратты қарап шыққаннан кейін аймақ басшысы жұмыстағы кейбір кемшіліктерді атап өтіп, оларды жақын арада түзеуді тапсырды.

Ал, Бурабай ауданындағы Досов атындағы Қатаркөл жалпы білім беретін мектебінің жөндеу жұмыстарының сапасына облыс әкімінің көңілі толмады. Еске сала кетсек, биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 350 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаржыға нысанның ішкі жалпы құрылыс жұмыстары, қасбеті мен шатырын жөндеу, сумен жабдықтау, кәріз, жылыту және желдету жүйелерін жөндеу, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізілуі тиіс еді. Алайда, атқарылған істі тексеріп көрген аймақ басшысы құрылыс жұмыстарының сапасыздығын қатты сынға алып, жөндеуді құрылысшылар емес, одан хабары жоқ адамдардың істегеніне налыды. Мердігер – «SCS инжиниринг» серіктестігінің өкілі Лашынтай Ысқақовқа тез арада барлық кемшіліктерді жою үшін нақтылы тапсырмалар берді.

Щучинск қаласындағы мамандандырылған сәбилер үйінде Ермек Маржықпаев ғимараттың ағымдағы жөндеу жұмыстарының қорытындысымен танысты. Мекемені аралау барысында облыс әкімі жаңа жылдық шыршаның жағылу салтанатына қатысып, мұндағы бүлдіршіндерге тәтті сыйлықтар мен ойыншықтарды тарту етті. Сәби үйінің ұжымымен әңгімелесу барысында ғимаратқа жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстары кезінде бұрынғы кемшіліктердің жойылғандығы анықталды. Дегенмен, ғимараттың шатырын жөндеу қажет. Бұл орайда, өңір басшысы келесі жылы міндетті түрде мекеменің шатырын «жөндеу» жұмыстарының тізіміне қосатындығына уәде берді.

Ә.Бөкейхан атындағы орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтының дендрологиялық паркінің бас кеңсесі Щучинск қаласында орналасқанын көбіміз біле бермейміз. Ашық аспан астында орналасқан ерекше жерге жергілікті тұрғындар ғана емес, сырттан келуші туристер де қызығушылық танытуда. Өйткені, саябақта ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының көмегімен Солтүстік Қазақстанның күрт континентальды климатына бейімделген, өзге елдерде өсетін ағаштар мен бұталардың түрлері өседі. Олардың ішінде еуропалық шырша, Тунберг бөріқарақаты, шефердия, шар тәрізді тал және тағы басқа таңсық өсімдіктер бар. ҚазАОШҒЗИ басқарма төрағасы Әлімжан Рахымжановтың айтуынша, саябаққа инфрақұрылым жұмыстары қажет.

Мәселен, дем алушыларға арналған орындықтар мен жаяу жүретін жолдар, шағын сәулет нысандары жетіспейді. Облыс әкімі бүкіл елге танымал инс-титутпен бірлесіп, бұл мәселені шешуге қарсы еместігін атап өтіп, ол үшін ынтымақтастық бағдарламасын әзірлеу қажеттігін ескертті.
–Біз мұндай пайдалы істерді қолдаймыз. Біздің іргемізде осындай керемет саябақтың бар екендігі бір жағынан қуантады. Қандай тамаша табиғат, ағаштары қандай ерекше. Енді мұны тиісті қалыпқа келтіріп, келушілер үшін жағдай жасау керек, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің жұмыс сапары Бурабай кентінде аяқталды. Мұнда өңір басшысы желтоқсан айының басында ашылған «Wundham Hotels & Resorts» қонақ үйінің жұмысымен танысты.

Азат РАЙЫМБЕКОВ,
Ырысалды ШАМШИЕВА.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар