Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмола облысының тарихи топонимдері - АРҚА АЖАРЫ

Ақмола облысының тарихи топонимдері

Көкшетау қаласындағы «Достық» үйінде Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіне қарасты «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Ирина Бекзатқызының «Ақмола облысының тарихи топонимдері» атты жинағының тұсаукесері болып өтті. Аталмыш жинақ Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Ақмола облысының тарихи-географиялық атауларын зерттеу және қалпына келтіру» жобасы аясында дайындалған.

Жиынға өңіріміздің зиялы қауым өкілдері мен ғалымдары, студент жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Іс-шараны «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің директоры Ермек Бекенұлы жүргізіп отырды.

– Бабалардан мирас болған қасиетті жер-су атауларын қайта түлетіп, жаңғырту бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Сондықтан да бұл іс-шараның мән-маңызы зор. Қазіргі таңда ономастика ғылымы маңызды сипатқа ие болып, ел мен жердің келелі мәселелерін қозғап келе жатқан үлкен бір әлеуметтік сала ретінде қалыптасты, – деді ол өз сөзінде.

Жиында Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова сөз сөйлеп, өңірімізде ономастика саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
– Халқымызда «Жеріңнің аты, бабаңның хаты» деген сөз тегіннен тегін айтылмаған. Жер-су атаулары – тарихымыздың айғағы. Өйткені, ізі сайрап жатқан жеріміз талай заманның жаңғырығын бізге осы атаулар арқылы жеткізгені анық. Небір аты аңызға айналған тұлғалардың құтты қонысы – Ақмола өңірі де тұнып тұрған шежіре екендігі анық. Осындай қасиетті жерімізде елді мекендердің атауларын қазақшаландыру, көне атауларын қайта жаңғырту жұмыстары аясында көптеген игі шаралар жүзеге асырылып жатыр, – дей келе, Алтынай Байқадамқызы өңірімізде атқарылып жатқан игі шараларды тілге тиек етті.

Жиында Ақмола облысының тарихи топонимдері туралы кітап авторы Ирина Бекзатқызы сөз сөйледі. Автор өз сөзінде жинақтың жарыққа шығуына қолдау білдірген облыс әкіміне, облыстық ішкі саясат басқармасына, жалпы тіл жанашырларына алғыс білдірді.

Құнды кітап үш бөлімнен тұрады. Автор Алматы мен Омбы қалаларындағы орталық архив құжаттары мен географиялық карталардағы құжаттар негізінде Ақмола облысында орысша аталып жүрген 64 елді мекеннің байырғы қазақша атауын тауып, дәлелдеп жазған. Атап айтар болсақ, ескі құжаттарда Макинка – Аютөбе, Партизанка – Тұрымтай, Новоселовка – Жалтыркөл, Михайловка – Жыланды, Степногорск қаласы – Бесқарағай деп аталған екен. Сондай-ақ, қазіргі Ақкөл ауданындағы Новорыбинка ауылының алғашқы атауы Шортанкөл болса, Бұланды ауданына қарасты Никольск ауылының байырғы атауы Жарлыкөл болған. Бұл мәліметтер «Ақмола уезінің Моншақты, Есіл, Ақмола, Нұра, Спасская және Шерубай-Нұра болыстарының картасында» көрсетілген. Сонымен қатар, аталған кітапта келтірілген деректерге сүйенсек, Бурабай көлі мен Үлкен Шабақты көлінің ескі атаулары Қарағайлы көлі мен Көкшетау теңізі деп көрсетілген.

Мінекей, осындай тың деректер қамтылған кітаптың өскелең ұрпаққа берер тағылымы зор. Бұл туралы аталмыш жиынға қатысқан ардагер журналистер мен ғалымдар, ақын-жазушылар да өз ойларын ортаға салып, жинақтың танымдық сипатын ерекше атап көрсетті.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар