Қоғам мен заң – егіз ұғым

Көкшетау қалалық орталықтандырылған балалар және жасөспірімдер кітапханасында Қазақстан Республикасының 30 жылдық мерейтойына орайластырылып, жастарды егеменді еліміздің берік іргетасы, азаттығымыздың айшықты айғағы әрі құндылығы болып табылатын Ата Заңымызға аса ұқыптылықпен қарауға, өз орталарында адал және әділ болуға, шынайылыққа арқа сүйеуге үндеген «Құқықты біз қалай түсінеміз?» атты сұхбат кеші өткізілді.

Кездесуге қаламыздың тұрғыны, өз ісінің майталманы, заңгер-адвокат Жұлдыз Шәріпұлы Байтуғанов шақырылды. Заңгер оқырман жастарға өз құқықтарын қалай қорғауға болатыны жайлы көптеген мағлұматтар беріп, қойған сауалдарына жауап берді.

Мемлекетіміздің Ата Заңының 1-бабында «Қазақстан Республикасы құқықтық және әлеуметтік мемлекет, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деген қастерлі сөздер енгізілген. Бүгіндері құқықтық мемлекет құрамыз деген заманда әрбір адамның өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң білімі саласынан мағлұмат алғаны дұрыс. Өйткені, заң дегеніміз – өмірдің түзу жолы. Заңның мықтылығы атында емес, орындалуы мен әділдігінде. Өзі шығарған заңды өзі құрметтеген билік, сол заңды аттамай, тура жолмен жүріп, еліне адал қызмет еткен азаматтар ғана мұратына жетеді.

Демек, жоғымызды түгендеп, елдігімізді айшықтаған баға жетпес байлығымыз – тәуелсіздігімізді қастерлеп, заңымызды құрметтей білейік. Сонда ғана, ынтымақ-бірлігі жарасқан қазақ елі әлі талай асуларды бағындырып, биік белестерге қол жеткізетінін естен шығармайық.

Фарида Сүлейменова,
Көкшетау қалалық орталықтандырылған балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасының кітапханашысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар