Әйгілі агроном Федор Моргунның «Тың туралы ойлар» кітабында «Қазақ жері қатты эрозияға ұшыраған» деген тұжырым жасаған. Бұл пікірін ғалым 1955 жылдың өзінде-ақ айтып дабыл қаққан екен. Осылайша Федор Моргун жер бетінің ылғал қабаты толыққанды талқандалу себебінен күн мен желдің әсерімен топырақ қабаты өзінің қасиетінен айырылды. «Көк пен жердің негізгі үйлесімі бұзылғандықтан көктем мен жаз бойына бip тамшы да жаңбыр тамбайтын болды» деп жазады автор өзінің еңбегінде.
Міне сонау 1955 жылдың өзінде ғалымдар қазақ даласының топырақ қабатының қауіпті жағдайда қалғанын айтып алдын алу шараларын жасау керектігі туралы жоғары жаққа хат жолдаған көрінеді. Бірақ, «Тың игеру» деген сылтаумен талқандалған жер ана сол күйінде қала берді. Одан кейінгі 40 жыл. Оған тәуелсіздігіміздің 30 жылын қосыңыз. Бұрындары шаншыған шыбық көктеп кете беретін даламыздың асыл топырағы қазір қандай жағдайда? Жалпы келешекте осы топырақ қабатының құнарын сақтап қалу мүмкін бе? деген сауалымызды ҚазАТУ-дың Топырақ талдау зертханасының меңгерушісі, жас ғалым, PhD докторы Ақгүл Кәсіпханқызына қойған едік.
–Ақгүл, Федор Моргун өзінің «Тың туралы ойлары» кітабында қазақ даласының тыңайту деген сылтаумен түгелдей жыртылып тастауын «Бұл нәубаттың ядролық бомбадан ешқандай бір айырмашылығы жоқ болатын» деп суреттеген. Жалпы, эрозияға ұшыраған топырақ қалай қалпына келеді? Оған қанша уақыт қажет?
– Егер біз Федор Моргунның жоғарыдағы сөзін қайталайтын болсақ онда қателесеміз. Жоқ олай емес. Ғалым Федор Моргун топырақтың катастрофиялық жағдайға түсіп кетпеуінің алдын алған. Әрине, топырақтың түзілу процесі өте күрделі. Оған өте көп факторлар әсер етеді. Соның ішінде ғылымға белгілі дәлелденген 5 фактор бар. Олар: 1 – аналық тау жынысы, 2 – өсімдік жамылғысы, 3 – уақыт, 4 – микро ағзалар, 5 – антропагендік фактор. Соңғысы топыраққа тікелей адамның әсер етуі деп атаймыз. Міне осы 5 бірдей фактор біріккенде топырақтың түзілу процесі жүреді.
Біз топырақ құрамында микро ағзалар бар деп отырмыз ғой. Міне, осы топырақтың өн бойындағы микро ағзаларды жойып жіберетін болсақ онда топырақ қарашірінді қалпынан ажырап құнары жоғалады. Топырақ ғылымында Гумус және қарашірінді деген екі ұғым бар. Кейбіреулер екеуін біріктіріп қарашірінді деп атай салады. Бұл қате түсінік. Гумус шынын айтқанда толықтай әлі күнге дейін зерттеліп бітпеген күрделі құрам. Топырақта органикалық қалдықтардан кейін гумус түзіледі. Оның қалай және қандай жағдайда гумус болып түзілетінін ешкім зерттеп аша алған жоқ. Ол өте күрделі элемент деп айтар едім. Мен студенттерге де осыны жиі айтамын. Қарапайым ғана өзіміз білетін мысалды айтайыншы. Қарашірінді дегеніміз топырақ құнарлылығының басты көрсеткіші.
Топырақта неғұрлым қарашірінді көп болса топырақ құрамында соғұрлым азот мол екенін білдіреді. Ал, азот кез-келген өсімдіктің дамуына тікелей әсер ететіні сөзсіз.
Енді сіз маған қойып отырған тозығы жеткен жерлерді қанша уақытта қалпына келтіруге болады деген сауалыңыз бойынша айтарым біреу ғана. Кез-келген ғалым белгілі бір уақытта көрсетілген жердің топырағын бастапқы қалпына келтіремін деп айтпайды. Және айта да алмайды. Ол тек топырақтың құнарын белгілі бір деңгейге дейін жақсарта аламын деп айтуы мүмкін. Топырақ қабатының 1 см жамылғысы қайтадан қалпына келуі үшін кем дегенде 600 жыл уақыт қажет. Енді бұл табиғи жағдайда.
– Бұл табиғи жағдайда дейсіз. Ал, құнарлы қабаттың қалпына келуі үшін тағы қандай жағдаяттар әсер етуі мүмкін?
– Антропагендік фактор әсерінен. Ол дегеніміз адам баласының араласуы әсерінен қайта оңалуы ықтимал. Ықтимал деп отырғаным, құнарлы қалпынан айырылған топырақ қайтып бастапқы 100 пайыздық қалпына келуі мүмкін емес. Ең дұрысы сол құнарлы қабатты адам әсері арқылы бір қалыпта ұстап тұру немесе жақсарту мүмкін. Топырақтан алғанды топыраққа қайтару керек. Былайша айтқанда қайтару заңдылығын жүзеге асырып отыруымыз қажет.
– Ғалымдар 2050 жылға қарай жер бетіндегі пайдалы топырақтың мөлшері екі есеге дейін азаяды деген пікір айтуда. Демек, алдағы 50 жылда адам баласының үштен екісі аштықта күнелтеді деген сөз. Осылайша жыл сайын әлемде 24 миллиард тонна құнарлы топырақ пайдасыз, жарамсыз өлі күйге айналады екен. Себебі неде?
– Жер бетіндегі пайдалы әрі құнарлы топырақтың тозу себебін мен негізгі бір ғана себепке байланысты деп айтар едім. Ол егіншілікте топырақты дұрыс өңдемеу және пайдаланбау салдарынан болып отырған жағдай. Осылайша шамамен 250 мың гектар алқап жыл сайын қолданыстан шығып отырады. Мұның ішінде жол құрылысы, қалалар мен өзге де адамзат үшін маңызды инфрақұрылымның дамуы салдарынан деп айтсақ дұрыс болады.
– Ақгүл, сіз бүгінгі таңда еліміз бойынша ең жаңа үлгіде жасақталған топырақ талдау зертханасының меңгерушісісіз. Топырақ анализін жасатқысы келетін шаруашылықтар ең алдымен жұмысты неден бастауы керек?
– Ең алдымен кез-келген шаруашылық өз алқаптарында сапалы әрі мол өнім алғысы келсе топыраққа агрохимиялық талдау жасатқаны абзал. Жұмыс осыдан басталуы керек. Топырақ өте күрделі тірі организм. Біз осыны түсінуіміз қажет. Егер адам ауырып қалатын болса ол кісіден сапалы қызмет талап ете алмаймыз ғой. Топырақ та дәл солай. Топырақ ауырып қалатын болса біз онда қалай мол әрі сапалы өнім жинамақпыз? Демек, алқапты міндетті түрде талдауға өткізіп жағдайын анықтау керек. Өйтпесек біз алқаптарымызды жоғарыда айтқан мүлде жарамсыз жағдайға жеткіземіз.
Осы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіндегі аталмыш топырақ талдау зертханасы бүгінгі таңда топыраққа отыздан астам түрлі жағдайларға байланысты талдау жасауға қауқары толық жетеді. Бірақ, біз қазір еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің арнайы бекіткен ережесіне сай топырақтың 6 түрлі көрсеткіші бойынша толықтай талдау жасаймыз. Бұл топырақтағы ең маңызды көрсеткіштер болып саналады.
Олардың қатарына: нитратты азот, жылжымалы фосфор, алмаспалы калий, ПААШ, қарашірінді (гумус), жылжымалы күкірт. Міне, осы алты көрсеткіш бойынша талдаулар жасалып топырақтың құрамын анықтаймыз. Осылайша тапсырыс жасаған шаруа қожалығының барлық алқаптары бойынша анықтамалар беріліп тиісті шаралар жасауға кеңесімізді ұсынамыз.
– Түсінігім бойынша сіздер белгіленген шаруа қожалығының алқаптарына барып топырақ үлгілерін алып келесіздер. Әлде мұны басқа бір қызмет көрсету ұйымы орындай ма?
– Жоқ. Біз тапсырысты қабылдағаннан кейін арнайы жұмыс тобы құрылады. Жұмыс тобындағы барлық адамдар агрономия саласының мамандары болуы міндетті. Себебі, түрлі жағдайлар кездесетін болса маманмен жұмыс жасау әлде қайда жеңілдірек. Бір ғана топырақ талдауын жасау үшін арнайы мамандандырылған үш топ жұмысқа кіріседі. Бірінші, танапқа шығатын топ. Олар көрсетілген алқаптардан топырақ үлгілерін жинайды. Одан кейін аналитикалық камералды жұмыспен айналысушы топ. Олар біз. Яғни, зертханада жұмыс жасаушы топ. Үшінші біз анықтаған талдаулар бойынша сандық электронды картаграмма жасайтын арнайы топ. Міне, осылайша бір ғана келісім-шарт негізінде үш үлкен жұмыс тобы қажет болып отыр. Алынған көрсеткіштерге байланысты алқаптардың деңгейлік жағдайы бойынша тыңайтқыштар енгізу негіздемелерімен нақты ұсыныстар жасаймыз.
– Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласында дәл егіншілік деген ұғым бар. Топырақ тану ғылымының осындай белгіленген шарттары немесе ережелері бар ма? Топырақ үлгілерін қандай тәсілмен жинап әкелесіздер?
– Иә, топырақталдау жұмысының өзі сіз айтып отырған дәл егіншілік жүйесінің бір тармағы.
Біздегі Ауыл шаруашылығы министрлігінің заңдылықтары бойынша суарылмайтын егістік алқапта әр 75 гектардан аралас топырақ үлгісі алынуы керек. Ал, суарылатын егіншілікте ол көрсеткіш әр 10 гектардан алынып отырады. Бұл дегеніміз өте үлкен жер аумағы. Ол жерде дәл егіншіліктен гөрі болжамдыға кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан, біз зертхананың мүмкіндігін ескере отырып 25 гектарға дейін қысқартуды сұрап отырмыз.
Осылайша қазір сол 25 гектар алқап көлемінің әр жерінен көрсеткіштер негізінде 15-20 тіпті одан да көп жерлерден топырақ қабаттарының үлгілерін аламыз. Сосын оны зертханаға әкеліп араластырып ортақ анализін шығарамыз. Міне, осы анықтамалар бойынша шаруашылыққа немесе агрономға кеңестер беріліп, зертханалық жағдайда көрсетілген негіздемелер бойынша жұмыс жасау ұсынылады.
Егер біз айтқан ұсыныстарды жер пайдаланушылар мүлтіксіз орындаса және топырақты мейлінше қажетті минералдар мен байытса, әрине, ол шаруашылықтың өнімі де, өнімінің сапасы да арта берері сөзсіз. Екіншіден ол жер пайдаланушының алқаптары жоғарыда айтқан эрозиялық апатты жағдайға түспейтіні анық. Сондықтан, қайталап айтамын біз топырақтан нені алсақ топыраққа соны қайтаруымыз керек. Міне, осы бір қағиданы берік ұстап, тіпті заң ретінде қабылдасақ, Канададан артық болмасақ кем болмасымыз анық.
– Әңгімеңізгі рақмет!
Сұхбатты дайындаған Бердібек Хабай.