Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір…

Иә, шын сөз. Қой тез өседі. Бір жарым жылда-ақ, қозың тоқтыға, одан ірі қойға айналып жүре береді. Кеңес заманында әр қойдан 140-150-ден қозы алынып жүрді. Терісі де, жүні де пайдаға асты.

Жалпы, қазақ қашан қойдан безіп еді? Қонағына бас, жамбас тартып, құдасына құйрық-бауыр жегізіп, күйеу балаға төс ұсынып, арқа-жарқа болып жатпаушы ма еді? Науқасын қой сорпасын беріп қуаттандырып, әлжуазын әлдендіріп алмаушы ма еді? Коронавирус індеті әлемді жаулап, қырғидай тигенде қой сорпасының қуаты, шипасы ауызға бірден ілікпеп пе еді?..

Айтқалы отырғанымыз, бүгінгі таңда осынау пайдалы іспен айналысуға, қой бағуға көбінің, әсіресе, жастардың құлқы жоқ екен. Түсініп көріңіз!.. Бір қарасаң жұртқа жұмыс, жақсы еңбекақы, табысты іс керек. Бірақ… қой бағып, төл өсіргісі жоқ. Бірқатар қожалық, серіктестіктердің басшылары қой баққан адамға айына 150 мың теңгеден тұрақты жалақы төлеп тұруға дайын. Тіпті, қожалықтың малына қосып, өз малыңды да бақ, дейді екен. Жемшөбін түсіріп беруге де келісер еді. Ауылдағы мал баққан қазақ үшін аса бір қолайлы жағдай емес пе? Қожайыныңның малымен бірге өз малыңды да бағасың, есесіне еңбекақың жүріп жатыр. Жоқ. Ауыл жасы оған да көнбейді…

Әйтпесе, қой өсіргеннен ешкім опық жемес-ті. Мәселен, осы күндері Көкшетаудың базарында қой етінің бір келісі 2500-ден 2800 теңгеге дейін тұрады. 15-20 келі ет шығатын тоқтыңыздың тірідей құны 40-45 мың теңге шамасында. 25-30 келіден еті бар қой құны 60-70 мың теңге. Бұл табыс емес пе?! Жұртымыз айт, наурыз мерекелері, бесікке салу, тұсау кесу, құда шақыру сияқты дәстүрлі дастархандарына да алып ұрып, бір қой сойғанды қалап тұрады. Қой іздейді. Қаланың шеткі үйлерінде қорасында азын-аулақ қой ұстап, алушыға сол жерде қолма-қол сойып, басын үйітіп беріп, табыс тауып отырғандар да бар. Бірақ, көп емес.

Бүгінгі таңда облыстың жеке шаруалары, жеке шаруа қожалықтарында бар-жоғы 86 мыңға жуық қой бар көрінеді. Одан әрі дамытып, қой тұқымын асылдандыру қолға алынып жатқан жоқ. Тері мен жүні де пайдаға асырылмайды. Соған Үкімет қаншама жылдан бері бір жағдай жасаған жоқ. Ал, көпшіліктің таза теріден тігілген, таза жүннен тоқылған сапалы, пайдалы киімге қызығатыны шындық. Тек, осы шикізат көзін игерудің қиыспай тұрғаны. Өзге жұрт болса оны-мұныдан, қалдықтан бізге көйлек-көншек тігіп сатып отыр. Мәселен, қырғыздардың қой жүнінен сырма салып, жасаған жылы күртешелерін көргенде, өзіңдегі ұқыпсыздық үшін бармағыңды тістегендей боласың.

–Қой шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан қолдау жоқ емес, бар. Мысалы, шет елден әкелінген асыл тұқымды әр бас үшін 30 мың теңге субсидия бөлінеді. Ел ішіндегі асыл тұқымды шаруашылықтардан алынған әр басқа 15 мың теңге көлемінде өтемақы жасалады. Әттең, мал тұқымын асылдандыру, қолдан ұрықтандыру қолға алынбай тұр. Осы шаруамен айналысуға тұрғындардың ынтасы жоқ. Бір жөнін тауып, бұл істі жандандыруымыз керек, – дейді, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Көшенов.

\Өңірде қой өсірумен айналысып отырғандардың бірі – Ерейментау ауданы Новомарковка ауылындағы шаруа қожалығының жетекшісі Қуандық Сәбитов 1700 бас қой өргізіп отыр. Малы жартылай асыл тұқымды. Айтуы-на қарағанда, оған біраз көмек-қолдау, жеңілдік қажет.

–Жайылымымыздың шамасы үш жарым мың гектар жер. Жеткілікті. Тек су жағы қинап тұр. Өз қаражатымызға құдық қаздырдық. Су 65 метр тереңнен шығып, оның әр метріне 25 мың теңгеден төлеуге тура келді. 600 бас қой сиятын мал қорасын да салдық. Несиемізді жеңілдету жағы қарастырылса, жаңа бір жеңілдетілген несие түрлері ашылса, дейміз. Сәл еңсе тіктеп, көтеріле бастасақ, банктегі қарызымызды өтеу үшін малымызды етке өткізуімізге тура келеді, – дейді ол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтар күні Қазақстан Рес-публикасы Парламенті Мәжілісінде сөйлеген сөзінде «Ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару керек» дей келе, бірқатар тапсырмалар берді. Субсидия алуды жеңілдетуді, оның қолжетімді және ашық болуын тапсырды. Демек, қой өсіремін деушілерге де көмек болары сөзсіз. Мәселе, жастардың осы бір ата кәсібімізден алшақтап кеткендігіне келіп тірелгендей. Егер мемлекет тарапынан көмек нақтылана түссе, табыс табуды ойлаған талайлар қой өсіруді қолға алары кәміл.

Жалпы, біздің өңірге қой өсіру жат емес. 1996-1997 жылдары бұрынғы Көкшетау облысында 1 миллионға жуық, яғни, 963 мың бас қой болыпты. Негізінен миронос, жібек жүнді тұқымдас қой, жеңіл өнеркәсіп, ет шаруашылығы үшін өсірілген. Семей, Ақтөбе, Жамбыл қалаларындағы фабрикалар сол жүнді қабылдаған. Одан түсетін түсім қомақты болған. Сол фабрикалардың жабылуы да (қазір Жамбыл фабрикасы ғана жұмыс істеп тұрса керек) осы өңірде қой өсіруге кері әсер еткен.

Демек, тек жүн үшін ғана емес, етін де тұтынушы қызығып аларлықтай асыл тұқымды қой өсіріп шығарған жөн болар. Ғылым мен технология қарқынды дамыған бүгінгі заманда оған да қол жетіп қалар. Сөйтіп, Арқа төсінде де ақтылы қой өріп, қотан қозыға толар деп сенеміз. Бәлкім, жұрттың амалсыздан далаға лақтырып жатқан мал терісі мен жүнін қабылдап, пайдаға асыратын шағын цехтар, фабрикалар ашылса, шаруаға қаншама көмек, қолғабыс болар еді. Қазір жиі ауызға алына бастаған жаңа Қазақстанның алдындағы бір міндет бәлкім, осы шығар…

Серік Жетпісқалиев,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар