Жақында бір қызық тойға бардық. Әлгіні той деп айтуға бола ма екен?!. Әлі бала дүниеге келмеген, бірақ, бойға біткен. Соның құрметіне арналған отырыс болды. Той иелерінің ата-аналары, бауырлары мен достары жиналыпты.
Біз қазақ еліктегіш халықпыз ғой. Бүгінде әсіресе, жастар жағы шет елдің мән-мағынасыз салтын, ұлттық ділімізге сай келмейтін дәстүрлерін қайталап, Инстаграмдарына түрлі сипаттағы суреттерін салып жатады. Мәселен, осыдан он шақты жыл бұрын «Хеллуинді» тойлап, тіпті жоғары оқу орындарында да атап өту белең алған еді. Енді осыдан бір жарым жылдай бұрын «Гендер-пати» деген мерекесымақ іс-шара пайда болды. «Біреудің қаңсығы басқаға таңсық» дегендей, жастарымыз шетелдің түрлі дәстүрлеріне еліктеп, бой ұруда. Ал, оларға «айналайын, балам-ау, бұндай салт бізде жоқ қой», «қызым, мұның ұят болады» деп тыйып жатқан не ата-ана жоқ. Бүгінде оны әлеуметтік желідегі блогерсымақтар былай тұрсын, өнегелі отбасылардың қыздары мен келіндері жасап жатқанға не етерсің? Сонда ер-азаматтарымыз ұсақталып кеткен бе деп ойлайсың. Шермиген әйелінің қарнын сүйіп, немесе оны сипап суретке түсу не сән? Сол суреттерін «Инстаграм» секілді бүгінде қарқынды дамып кеткен әлеуметтік желілерге салады. Былайша айтқанда, әйелінің екіқабат екендігін жаһанға жариялаудан арланбайды. Сонда біздің жігіттеріміздің арғы бабаларынан бойына сіңірген еркектік намысы қайда кеткен?!
Ал, әйелдер қауымына келсек, қазақ әйелі бойына бала біткенін жариялап, жаһанға жар салмаған. Оны жасырып, тіл-көзден қорғаған, екіншіден «ұят болады» деп қымсынған. Керісінше, кең көйлек киіп, ішін білдірмеуге барынша тырысқан. Тіпті, кейде төркін жағы қыздарының жүкті екендігін білмеген, босанып, дүниеге сәби әкелгенде ғана қайын жұрты келіндерінің ата-анасынан сүйінші сұраған. Сондағы қыздар әкесі мен бауырларының көзінше шермиген қарнымен жүруге ұялған. Сонымен бірге, жүкті әйелдерді қайын жұрты сәлем салудан босатады екен. Сондағы мақсат – келіннің қайын ағаларының алдында ұялмауы үшін.
Бүгін бәрі керісінше. Бала құрсаққа біткенін білісімен қыздар Инстаграмда «сүйіншілеп» жүктілікті анықтайтын тест таяқшаларын екі сызығымен жариялайды. Өздері соған қоса «тіл-көзден сақтасын» деп жазып қояды. Сонда өздері жариялап отырып, несіне тіл-көзден қорқады? Бірінші УЗИ-ді өткенін жазып, екінші УЗИ-ден кейін барлық жақындарын шақырып, «Гендер пати» жасап тойлайды. Осы гендер-пати деген не екендігін түсіндіріп берсек, бұл мереке АҚШ-та пайда болған және бүгінде бүкіл әлем халқына таралып кетті. «Gender reveal party» іс-шарасының басты мақсаты – дүниеге келетін баланың жынысын жариялау. Әйел баланың жынысын өзі сұрамай, УЗИ түсірген
дәрігерге қағазға жаздыртып алады. Дәрігерде бір тілім қағазға ХХ немесе ХV деп жазып береді. Оны күйеуі де білмейді. Сосын баланың жынысын айту үшін той жасайды. Бірақ, бұл жерде УЗИ-дің шатасуы мүмкін ғой. Бойға баланы бітірген Алла тағаланың өзінің де тосын сый жасап, гендер-патиден кейін күткендері керісінше шығуы мүмкін ғой… Яғни, ұл дегені қыз болып, қыз дегені ұл болып шыққан жағдайлар да тәжірибеде аз емес. Сонда жаңағы бәленбай адамды жинап ап, көгілдір немесе күлгін киім киіп, той жасағандар қандай күйде болар екен? Ол аз дегендей балаға киім алып, бөлмесін жабдықтап қоятынын қайтерсіз? Алдын ала дайындауды жаман ырым демесе де, көгілдір түсті бөлмеге қыз, күлгін бөлмеге ұл келсе қайтеді? Біле білсек, тіпті, қазақтар әлі тумаған баланың жынысын анықтамақ түгілі, бала дүниеге келген соң да, қырық күн өткенше сырт көзден тасалап, оны ешкімге көрсетпей ұстаған ғой.
Мұндай тойды тренд үшін шала қазақ блогерлер жасап жатса, ақырын жабулы қазан жабулы қоямыз ғой, ал, елге танымал адамдардың отбасылары жасап жатқанда өзіңді қоярға жер таппай, ұялады екенсің…
Осылай өзгенің қаңсығын өзімізге жабыстыра берсек, ұлттық ділімізге тән көлегейлеп ұстайтын, қасиетті санайтын ештеңе қалмайтын тәрізді. Жоғарыда айтқан жиында үлкен ағаларымыздың алдында өзімізді қоярға жер таппадық.
Ырысты САТКЕН.