Асыл азамат, ардақты әріптес еді

Темірхан Ниязұлы бауырымызбен 2018 жылдың мамыр айында таныстық. Мені сол жылы осы Көкшетау жеріне, Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетіне ректор лауазымына тағайындаған едім.

Ұжымда алғашқылардың бірі болып, Темекең танысқанды. Ол түсінікті де, Темекеңнің осы ұжымда істегеніне төрт-бес жылдың жүзі болған, әрі бірінші проректор қызметінде болса, жергілікті жағдайды жақсы білетіндігі көрініп тұрды. Оқу орнының материалдық жағдайы, нысандары, оқытушылар мен ғалымдардың әлеуеті, жетістіктері мен осал тұстары жағынан көп мағлұмат алдым. Кейін менің алдағы жоспарларыма, негізгі бағыттарға күш салуға, олқылықтарын оңтайландыруға көп септігін тигізді.

Темірхан өзі оңтүстік елдің тумасы, киелі Түркістан жағынан, сүйегі қалың қоңырат елінен, ал анасы солтүстіктен, осы Атбасар өңіріндегі Арғын, Алтай тармағынан. Жолдасы Ардақ Абай елінің қызы Семейден екен. Өсіріп отырған ұл-қыздары бар, ұйып отырған отбасы екені көрініп тұрды. Өмірді көргені, көңілге түйгені бар азаматтығын кейін ақырын-ақырын жұмыс бабында араласа жатқанда байқадым. Екінің-бірі ұлттық университетте істеп, шеткері оқу орнына келе бермесі анық. Өзім де Алматыда оқып, оқу орындарында істегендіктен әңгімеміз де тез жарасып, ортақ таныстарымыз табылып, оңтүстік жақтағы үйренген, бойымызға сіңірген жақсы бір қасиеттерді Көкше өңірінде де пайдалануға, іске асыруға атсалыстық. Әр өлкенің өзінің бір еркешеліктері болады, өзіне тән қасиеттері, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, менталитеті болады. Темірханның бауырмалшылдығы, қонақжайлығы, кісіге үйірлігі, өмірлік тәжірбиесі, көптеген адамдарды білуі, тануы жұмыс барысында көп септігін тигізіп отырды. Бірге істеген үш жылдай уақыт ішінде біз қаншама рет көптеген іс-шаралар өткіздік, конференция, мерейтойлар. Тіпті, комиссиялар, тексерулер өтті, сонда бір байқағаным Темірхан әрқашанда сабырлы, байыпты, тіпті жүзінен де ешбір абыржығанын, күйіп-піскенін байқамайтынмын, қайта ақылға салып, асықпай ойлана отыра өзінің шешімін айтушы еді. Содан өзің де сабаңа түсіп, қайсыбір істен абыроймен шығып кететінбіз.

Тағы бір таңқалғаным, Ардақ екеуі тез арада, қысқа мерзім ішінде Көкше жұртымен, осындағы жерлестерімен де, әріптестерімен де, етене араласып кетті. Бірінің қуанышын, бірінің қиындығын бөлісе жүріп, біте қайнасып жататын. Жігіттермен бірге аңшылыққа, балық аулауға барады, Бурабай, Зеренді, Айыртау, Сандықтау, Имантау дейсіз бе, осы өңірдің барлық сұлу жерлерін, қыр-сырын меңгеріп алған. Бірде Сандықтау-Балқашын аумағындағы ағаш ішіндегі керемет бір жерге алып барғанды. Жанымызда ылғи сыйлы меймандар, бәріне Темекең әлгі әдемі алаңқай жерді көрсетіп бір демалдырғанды. Аталмыш шағын ғана аймақтай жерді ғалымдар да дәлелдеп, адамға жақсы бір аура сыйлап табиғи таза әсер беретінін Темірхан толықтай айтып,  қонақтарды таңқалдырып еді.  Кейін «Тұлпар» атты сауықтыру кешеніне алып келіп өз қолынан тамаша, дәмді етіп, өзбекше палау да жасап беріп еді.

Оқу орнының жұмысы көп, бірі келіп, бірі кетіп жатады, бірде жетіп, бірде жетпей  дегендей, сондай уақытта Темірхан киіздің бір шетін ұстап, көмектесе кететін. Уақытпен де, адаммен санаспай білек сыбана кірісіп әрқашан жаныңнан табыла қоятыны қазір де жетіспейді. Осы пандемия басталғанда Темірхан Ниязұлы бас болып игілікті істерді қолға алғаны есімде. Бірден студент-медиктерден еріктілер отрядын құрып барлық аурухана, поликлиника, клиникаларға көмекке жіберуді ұйымдастырып еді. Өзі де асханада Ардақ екеуі ыстық тамақ дайындап, облыстық ауруханадағы медициналық қызметкерлерге бірнеше рет апарып, көмек көрсетіп еді. Кейін облыстық әкімшілікпен келісе отырып, бір жатақханамызды осы індетпен күресіп жүрген қызметкерлер, медбике, дәрігерлерді орналастырдық, басы-қасында Темірхан жүрді. Оларға керек-жарақтарын әперіп, қажетті мұқтаждарын ұйымдастырып, барлық жағдайларын жасауға барынша күш салып еді. Біреуге қолұшын беруге дайын тұрушы еді, тегі ме, әлде тәрбиесі солай ма? Екеуі де шығар, әрине.

Тіпті, осы Темірхан бұл өмірден кетеді деп ешқашан ойламап едім, кәртайып тұрған жоқ, денсаулығы да қатты сыр бергенін байқаған жоқ едім, ұсақ-түйек, ыңқыл-сыңқыл бәрімізде де бар ғой, жұмыс жағдайында елемей жүре бересің, мән бермейсің. Ауруханаға жатар алдында кабинетіме келіп біраз шаруаларды ақылдасқан болатынбыз, сонда қызуы көтеріліп өзін жайсыздау сезініп тұрғанын көріп бірден ауруханаға барып, дәрігерге қаралудың міндетті екенін айтқанмын. Соның алдында ғана бір-екі жұма бұрын ақсақалымыз, сексеннің үшінен асқан профессорымыз, арамызда шауып жүрген Қадыржан Әбуев ағамыздан осы бір жұқпалы індет жұғып ойламаған жерде айырылып қалғанбыз да. Темірхан өзі бастап әріптестерімен менің, ұжымның атынан үйіне барып, бата жасап көңіл айтып шыққанды. Басын шайқап, сақталмаса болмайды деп жүретін. Өзім де осы аурумен қатты ауырып, ауруханаға жатып шыққанмын. Содан сол күні, ұмытпасам ақпанның онынан былай болу керек, Темірхан да ауруханаға жатты. Кім жамандыққа қияды, ойымызда еш уайым жоқ, жас қой, тез жазылып кетер деп жүрдік, айналасы бірер жұманың ішінде ажалдың құшағына кете барды… Қайтеміз, қимаймын, қайғырамын, орны толмай ойсырап тұр. Ендігі айтарым, зайыбы Ардаққа, бала-шаға, ұрпақтарына Жаратқан жақсылығын берсін.

Аз ғұмыр кешсе де артына тәрбиелі үрім-бұтағын қалдырды, немересін көрді. Бір адамға жетерлік атақ-дәрежесі, бір елге сыйарлық абыройы, бір азаматқа тән адами асыл қасиеттері болды. Шоқан университеті, Көкшетау елі, әріптестері, шәкірттері ешқашан ұмытпақ емес. Атын есте қалдыру шараларын қолға алып, еңбектерін, өмір жолын насихаттау, қалың жанашыр қауымға қауыштыру жағын қарастырып жатырмыз. Басқа қолдан келер амал қайсы…

Жатқан жері жайлы болсын.

Марат СЫРЛЫБАЕВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау  университетінің ректоры.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар