Қайран, жүрек, сыйғызған бар ғаламды…

Арқадағы сал-серілер дәстүрінің лайықты жалғастырушысы, әнші-композитор, ақын, тау-кен инженері Иран сал Тасқараұлының есімі қалың жұртшылыққа жақсы таныс. Кезінде халқымыздың Жайық Бектұров, Кәкімбек Салықов сияқты біртуар перзенттерімен ағалы-інілік, шығармашылық тығыз қарым-қатынаста болған Иран салдың биыл 83 жасты артқа тастағалы отырған өнегелі ғұмыры небір өмір тағылымдарына, ән мен жыр соқпақтарына толы. Газетіміздің бетінде көптен көрінбей кеткен қарт ақынның мына өлеңдерін біз оқырман назарына соңғы «Сексен асу»  кітабынан алып, ұсынып отырмыз.

Иран Тасқара

 Тағы да ФБ – сайтындағы айтқандарым

Азаматым! Аттама намыс, арды,

Қанағат қыл қазақша қолда барды.

Айтқан сөзің қабысып iс-қимылмен,

Халыққа бола бiлсiн жүрек жарды.

 

Тыя бiл асқан нәпсiнi,

Жасайық көптеп жақсыны.

Қызмет ету халыққа,

Бақ сыны мен тақ сыны.

 

Бай болыңдар еңбек, бизнес тiрлiкпен,

Бай болмаңдар жемқорлықпен, билiкпен!

Қулықпенен, шіренудi қойыңдар!

Сүрейік өмір жүгiнiң елге сыйлықпен!

Еркiндiгiм сонда алға басады,

Құшағын ел билікке де ашады!

 

Жалт-жұлт еткен сұм жалған сырғанайды,

Атып жатыр таңдарым нұрлы, арайлы.

Қайран, жүрек сыйғызған бар ғаламды,

Кәусар сезiм төгiлер жыр қалайды!

 

Құшақ жетпес жайсаңдарға адамда,

Сөзім өтпес айтқанменен наданға.

Нәзiктiгiм, жақсылығым білінбес,

Мына соқыр, тыныш болған заманда.

 

Мына өмірде жанамын, сүйіп өтем,

Ақындыққа сауын боп, иiп етем.

Былғай ма деп арымды аппақ таза,

Жоламаймын наданға күйi бөтен!

 

Уа, адамдар! Құшаққа бәрiң сыймайсың,

Бұлқынасың, өзіңше көнбей қинайсың!

Жаратқан Құдірет бәрiмiзге дем берер,

Құшағын Алла неге адамға қимайсың?!

 

Баяғы енді заман жоқ,

Ағысты бөгер амал жоқ!

Өзгеріп тұр қоғамым,

«Қитұрқы», қулар – адам көп!

 

Жылқыдай үркек болмаңдар,

Бірлікті әркез қолдаңдар.

Оқшауланып жаспын деп,

Құйылмай жатып толмаңдар!

 

Сәнімен төрге қоныңдар,

Кәрімен бірге болыңдар!

Даналық нәрмен сусындап,

Сонан кейін толыңдар!

 

Алыстады ағайын,

Достар да қалды азайып.

Шалқыған өмір тарылып,

Тартырар ма екен сазайын?!

 

Сыйласуға жат жақсы –

Деп айтқан бірақ қазағым.

Иран сал деген ат жақсы –

Халқымның сыйы, ғажабым!

 

Осы күнгі әнім

Ұмытпай жастық жалынын,

Тазалығын арымның,

Жарты ғасыр бас қосқан,

Қасиетін сүйген жарымның.

Еркелеген еліме

Иран сал болған серің мен,

Аялап халқым, балалар,

Ән-жыр боп әлі өрілем!

 

Билікпен болмай жұмысым,

Халқым болды тынысым.

Алтын қаздым, жез қаздым,

Байлыққа бөлеп ел ішін.

Өнерді қуып он жастан,

Өткіздім талай той бастан,

Лауазымды қызметте

Жалғадым ән-жыр қоймастан.

 

Адамдық бойда жылу бар,

Сауық-сайран құру бар.

Өтті де, кетті жастығым

Қызыққан талай сұлулар!

Өкінбеймін өткенге,

Қуанам нұрды сепкенге.

Қуат беріп бір Алла

Осы жасқа жеткенге!

Жақсы жандармен жанастым,

Мамандармен санастым.

Жамандарға жұғыспай,

Жақсылықпенен жарастым.

Ерімін Қазақ Алаштың,

Намыспен ұлттық өр астым.

Елдікті Еркін ұран қып,

Ұрпаққа ән-жыр жол аштым!

 

Көңіл қалғанда

Бәрі – мансап,

Бәрі – жансақ,

Тұрар аңсап,

Ештеңе жоқ тұрақты!

 

Арман – алшақ,

Жігер – жалтақ,

Салтым –  салтақ,

Өмір жиі жылатты!

 

Билік – биік,

Көкке тиіп,

Ісі сұйық,

Шеше алмас көп сұрақты!

 

Жақын жат боп,

Өтірік шат боп,

Саған қат боп,

Жиі-жиі тиісті!

 

Көңіл – алаң,

Салғырт санаң,

Құм боп талан,

Қоқыс болып ұйысты!

 

Өмір – шідер,

Қайғы үдер,

Кімдер үзер?

Көңілің, көппен суысты!

 

Кәрілік – қалқан,

Тұлпар – тарпаң,

Ошақ – ортаң,

Іздегендей қуысты!

 

Мынау өмір

Мынау өмір – жанталасқан, арбаған,

Саудаға сап арыңды да алдаған.

Мынау өмір – ата-баба жалғасы,

Аруағы қыр соңыңнан қалмаған.

 

Мынау өмір – жиырылтқан жүйкеңді,

Келтірмеген ерлікке де икемді.

Біреу келіп құшақ ашса алдыңнан,

Біреу келіп қасынуға сүйкенді.

 

Мынау өмір – жиырылған жыландай,

Сарт еткізіп уын шашар сұранбай.

Жалт-жұлт етер Тәңір көкке самғаған,

Жан сырларың аят қылған Құрандай.

 

Мынау өмір – бұрын-соңды көрмеген,

Замананың шыңына асқар өрлеген.

Көпті көрген, дана болып шықсаң да,

Қайта бастау мүмкіндігін бермеген.

 

Қайран, өмір! Армандаумен өтер де,

Арманға елдік ұрпақтарым жетер ме?!

Тізгіндеген жастық дәурен жігері,

Зуылдайды соққан желдей өтерде!

 

Алаш

Бөкейханов Әлихан Алаш ері,

Байтұрсынов Ахмет кемеңгері.

Алаш туын көтеріп тар заманда,

Дербестікке қол созған қазақ елі.

 

Ақиқатты Абайдай жарып айтқан,

Ұлт намысын оят деп жанып айтқан.

Мәңгі сөнбес білімнің шырағындай,

Болашаққа жарық жол салып айтқан.

 

Шаттанамын еркін ел құрғаныма,

Құйылғандай елдіктен нұр жаныма.

Бақытты ұрпақ атынан бас иемін,

Еңіреген ел үшін құрбанына.

 

Шуылдаған Алаш деп ел құлағы,

Ол білімдік, көсемдік ен бұлағы.

Елдік пенен Еркіндік қол ұстасып,

Енді ісі Алаштың жаңғырады.

 

Жеткенімде тәуелсіз нұрлы күнге,

Тәуба қылып қазақтың тірлігіне.

Ұрпағы боп Алаштың мен тілеймін,

Таупық берсін елімнің бірлігіне.

 

Қайран, ауыл

Аққан өзен, айдын шалқар көлдерім,

Ащы, тұщы өңшең балхаш жерлерім,

Көл суалып, жер қуарып, құт кеткен,

Иесі қазақ жетім қалған ерлердің.

Әлеуметтік көмек аз боп қауымға,

Жол салмадық, су бермедік ауылға.

Елі көшіп, қаңырап қалды жер-ана,

Шыдай алмай нарықтықтай дауылға.

Талай ғасыр кешті бастан ауылым,

«Геноцид» пен аштық, нәубат дәуірін.

Ширек ғасыр еркіндікке ел жеткенде,

Аңдып тұр ма құлдық бұғау, бауырым?!

Қайран ауыл – елдігімнің панасы,

Ұлан-байтақ жерім – қазақ анасы.

Сол анадан айырылмасын мәңгілік,

Тәуелсіздік алған қазақ баласы!

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар