Тәлімгер аға тағылымы

Кісілік келбеті, азаматтық ажары көкірегіңді қоламтаның шоғындай қыздырып жүретін, көңіліңе ыстық бейнелер болады. Соның бірі әрі бірегейі талай талапты жастың бағын ашқан, қиялына қанат бітірген, қолтығынан демеп, асқаралы арман биігіне шығуына себепкер болған, тәлім-тағылымы мол, жанашырлығы басым абзал азаматтың бірі – Қаратай Раев. Қаратай ағамыз еңбек жолын Алаш даласында тың және тыңайған жерлерді игеруге бағытталған тарихи оқиға өріс алған кезде бастаған. Он жетіге жаңа толған бозбала Қамысақты МТС-ында тракторшылар курсын бітіріп, Арқа жеріне кешегі кеңес өкіметінің түкпір-түкпірінен сансыз бұлақтың жылғаларындай құйылып жатқан тың игерушілермен бірге бастаған екен.

Біз Көкшенің белгілі азаматтары Болат Көшімбаев, Алтай Айдархановтармен тонның ішкі бауындай араласып, жақсы қарым-қатынаста болдық. Қаратай аға Алтай екеуі көрші тұрды. Бастары қосыла қалған кезде есті естеліктер, өткен дәуірдің өнегесі туралы аталы сөз айтылатын. Міне, сол кезден бастап халық қадірлеген азаматтың бойындағы кісі қызығарлық қасиеттерді танып, дән риза болғанымызды айта кетпекпін. Айтпақшы, еңбек майданына білек сыбанып кіріскен сонау жылдары да осы бір азамат туралы жылы лебіздерді жиі еститінбіз.

Өн бойында еңбекке деген ынтызарлығы басым, құлшынысы қапысыз, жауапкершілігі жоғары жалынды жастың адал еңбегі лайықты бағаланбай қалған жоқ. Басшылар тарапынан мақтау-марапатқа ие болып жүрді.

1956 жыл Қазақстан үшін құтты да мерейлі жыл болды. Тусырап жатқан ен дала түрен тиген соң диқандардың маңдай терімен көктеп, өлшеусіз еңбектері ақталып, Отан қамбасына тұңғыш рет миллиард пұт алтын астық құйды. Қазіргі күні бұл жай кейбір адамдарға оншалықты әсер етпеуі де мүмкін. Ал, сол бір дәуірде теңдесі жоқ ерлік, ерліктің нәтижесі, еңбектің қайтарымы болатын.

Мүлгіген Сарыарқаның сайын төсінде төрткүл дүниені ұлы еңбектің дүбіріне бөлеп, манаураған ұйқысынан оятқан, талықсыған тәтті түсінен арылтқан сөз жоқ, тың жорығы, яки еңбек жорығы болатын. Мылтықсыз майдан деп атаса да болғандай. Тек шиыршық атқан еңбек майданының бар қуаты адам игілігіне, қоғам байлығына арналған. Осы жорықтың бел ортасында Қаратай ағам да жүрді. Талмай тырбанып еткен еңбегі үшін «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бір қызығы, осы тың төсін түлеткен медалін әскер қатарында жүргенде Белоруссия Жоғарғы Кеңесі  төрағасының қолынан алыпты. Еңбектегі ерлігі ескеріліп, жас жауынгер полктың тұрақты ту көтерушісі болған. Елге оралған соң автобазада техника моторын жөндеуші болып өзінің жаны қалайтын ісіне білек сыбана кірісіп кеткен. Ынта мол, ықыласы ерен жалынды жас іле техникумды да бітіріп алды. Инженер болып қызмет істей жүріп, өз ортасының жақсы істерге ұмтылған ниеттерін қолдайтын қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Жергілікті комитеттің, партия ұжымының бастамаларын қос қолын көтеріп қолдап отырды. Қолынан іс келетін азаматтың осы бір белсенділігін аудан басшылары да дер кезінде тани білді. Іле партия қызметіне шақырылды. Арада үш жыл өткен соң жоғары партия мектебіне жолдама да берді. Міне, еңбекке толы шежіренің ең алғашқы әліппесі осылай сабақталған еді.

Өткен күндердің жадымызда жатталған көне суреттеріне жан бітіріп, бір тірілтіп өтейін. Қаратай ағамыз басқарған жылдары «Жаңаауыл» кеңшарының тасы өрге домалап, әлеуметтік-экономикалық дамуы адам айтқысыз жақсарды. Тың жерде түлеген кеңшарда қарапайым еңбек адамдарына барлық жағдай туғызыла бастады. Төрт құбыла тегіс қайнаған қызу еңбектің дүбіріне бөленіп, төңіректің бәрі осы бір жырмен сәулеленіп тұратын. Жақсы күндерге деген ұмтылыс ел тұрғындарының алпыс екі тамырындағы қанды ойнатып, жалпы жұрт қатардан қалмай ортақ іске тегіс жұмылған уақыт. Іле кеңшар орталығы Жаңаауылда көрсең көзің тоймайтын екі қабатты зәулім сауда орталығы салынды. Сол жылдардағы өлшеммен безбендегенде ажарын көрген сырттың адамы аузының суы құрып айтатын ғажап жаңалық еді. Бала бақша, монша, бірінен-бірі өткен еңселі тұрғын үйлер бой көтерді. Жергілікті жұрт сауна деген дүниенің не екенін еміс-еміс естісе де, рахатын көре қойған жоқ шығар. Таңсық дүние болатын. Сол саунаңыз да салынды. Ал, көпшіліктің моншасының рахатын жалпы жұрт көрді.

Осындай жағдай тудырылған соң елдің еңбекке деген ынтасы да адам айтқысыз тәуір болатын. Кеңшарда отыз бес мыңнан астам қой, мыңнан артық жылқы, мың жарымдай қара мал бағылды. Даланың төсін толтырған ақтылы малмен бірге ақық дән де масағы кереғарыс болып, баданадай-баданадай дән салып, бастарын көтере алмай, еңбек адамының ерен еңбегіне тағзым еткен тәрізді иіліп тұратын. Сағым ойнаған сары далада сары алтыннан қаймақ жаққандай бар аймақ масағын бұлғап теңіздей толқып тұратын. Өткен күндердің осы бір әдемі суреттері еңбекті бағалай білетін әр көкіректе мәңгілік жатталып жүрер сұлу суреттер екен ғой. Он сегіз мың гектар алқапқа дәнді дақылдар егіп, сол дәннің бір түйірін ысырап етпей жинайтын кеңшар Ленин ауданындағы төрт құбыласы тең, босағасына ырыс байланған, береке біткен, бірлігі мол шаруашылық болатын.

Қаратай Әйткейұлы міне осындай сабасының қоры үзілмеген озық шаруашылықты басқару, ғұмыры таусылып бітпейтін қат-қабат науқандық жұмыстарға басшылық жасаумен қатар, азаматтарды да өсірді. Әсіресе жас мамандарды тәрбиелей білу өнері, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, тәлімгерлік тағылымы тамаша қасиеті болатын. Осы кеңшарда бас маман, партия ұйымының хатшысы болып қызмет еткен азаматтардың көбі кейін кеңшар директоры, аудан басшысы деңгейінде туған еліне қызмет істеді.

Сол бір кезеңде ауыл шаруашылығының ірі ұйымдастырушысы Қаратай Әйткейұлымен қоян-қолтық қызмет істеген бөлімше меңгерушілері Қайролла Зұлқышев, Елубай Бытышев, Мұстақ Жақыпов, Әшім Балтабаев, Байкен Тәжмиев, Теміржан Шәймерденов, Қали Қадесов, Баттал Әлімжановтарды  ілтипатпен атай кеткен орынды.

Тасы өрге домалаған шаруашылықтың іргесін бекемдеуге, шаңырағын биік көтеруге қарапайым еңбек адамдары да өз бойларындағы қайтпас қайрат, қажырларына орай ортақ игілікке өз үлестерін қоса білді. Таяғы құтты Жүсіп Әубәкіров, Қайыржан Тәуекелов, Жүніс Мадиев, Зектай Уағитов, Қабдеш Қабенов тәрізді шопандардың еңбектегі ерлігі лайықты бағаланып, атақтары жер жарып тұрды. Құрығы құтты жылқышы Айтпай Қозғановтың қара қарғаның миы қайнайтын аптап ыстықта, атанды алып жығатын ақпанның аязында әр биенің соңынан құлын ертіп жанкешті еңбек еткенін жалпақ жұрт жақсы білетін.

Міне, осындай ілкімді істің көзін тауып, дұрыс жолға қоя білудің арқасында 1986 жылы «Жаңаауыл» кеңшары белгіленген жоспарды асыра орындап, мол егін жинады. Шаруашылықтағы қой басы түгел, жүннің сапасы жоғары болып, жылды табысты аяқтады. Табысына орай миллионер кеңшар атанды.

Қаратай ағамыз адамның жан-дүниесін, оның ішкі иірімдеріндегі сезімнің нәзік қылын тамыршыдай тап басатын сұңғыла жан. Еліміздің арғы-бергі тарихын жақсы біледі. Әсерлі әңгіме, ажарлы аңыз сол кісінің аузында. Тағылымды мысал, өміршең өнеге сол кісінің бойында. Кеңшарда қызмет еткен жас толқынның бәрі дерлік саясы мол бәйтеректей Қаратай ағамыздың жұмыс әдісі, адамдармен тіл табыса білуі, көп ішінен жақсыны дөп басып айыруы тәрізді қасиеттерін өз бойларына сіңіруге тырысты.

Біз білетін Қаратай ағамыз ақылыңа ақыл қосатын, келелі кеңесін айтатын, жалпақ жұртқа жанашыр жақсы адам.

Амангелді Бекхожин,

еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар