Сүт безінің қатерлі ісігі өршіп тұр

Сүт безі қатерлі ісігі әлемдеәйелдер арасында ең көп таралған дерт түрі. Статистикаға назар салсақ, 13 пен 90 жас аралығындағы әрбір оныншы әйел адамда аталмыш дерт кездеседі екен. Қазақстанда жыл сайын сүт безі обырымен сырқаттанудың 5 мыңға жуық жаңа жағдайы анықталады. Елімізде сүт безі обыры ауруы соңғы 15 жылда тұрақты түрде бірінші орында тұр. Қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім қатарында сүт безі обыры 3-ші орын алады және жыл сайын 1200-ге жуық әйелдің өмірін қияды екен. Ақмола облысында былтырдың өзінде 2 жүзден астам әйелден сүт безі обыры анықталып, өлім-жітім саны 54 пайызға артыпты.

Медбике Жұлдыз Сүлейменова

Жалпы, елімізде қатерлі ісік аурулары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Олардың ішінде соңғы жылдары өкпе ісігі күрт өссе, ізінше тізімде сүт безі ісігі тұр. Республикада Ақмола облысы обыр ауруларынан болатын өлім-жітім саны бойынша бесінші орында, ал, сырқаттанушылықтан алтыншы орында екен.Бүгінгі күні Ақмола облысының онкологиялық диспансеріне 9 мыңнан астам науқас тіркеліп, ем қабылдауда, өкінішке орай олардың арасында 20 бала да бар. Өткен жылдың өзінде онкологиялық аурулардан 662 адам қайтыс болыпты, ал, 2119 адам емделіп шығыпты. Егер науқастар дер кезінде медициналық скринингтер мен тексерулерден өтіп, қатерлі ісік алғашқы сатысында-ақ анықталса, аталмыш аурудан айығуға мүмкіндік мол.

Врач рентгенолог Әліби Ташкин

–Қатерлі ісікті үш түрлі жолмен, атап айтқанда ота жасау әдісімен, сәуле түсіру арқылы және химиялық препараттардың көмегімен емдеуге болады. Менің бөлімшем тек химиялық препараттармен жұмыс істейді. Бұл жай ғана антибиотик немесе ауырсынуды басу үшін ғана берілетін дәрі емес. Ол қатерлі ісіктің клеткаларын өлтіруге арналған препараттар, – дейді облыстық онкологиялық диспансерінің химиятерапия бөлімінің меңгерушісі Меңдігүл Латиф.

Статистикаға сүйенетін болсақ,  биыл Ақмола облысындақатерлі ісіктен болатын өлім -жітімнің саны азайған. Мәселен, өкпе обырынан қайтыс болғандар саны – 4,7 пайызға, асқазан обырынан болатын өлім-жітім 9 пайызға кеміген. Алайда, ішек обыры бойынша жүргізілетін статистика  1 пайызға ұлғайса, сүт безі қатерлі ісігінен қайтыс болғандардың саны жоғарыда атап өткеніміздей 54,2 пайызға дейін өскен.

–Былтыр тұтастай алғанда, қатерлі ісік аурулары 2020 жылмен салыстырғанда 8,7 пайызға өсті. Бірінші орында өкпе қатерлі ісігі тұрса, одан кейін әйелдер арасындағы сүт безі обыры, ізінше колоректальді ісік, асқазан жарасы, жатыр мойыны обыры болып кете береді. 2020 жылы обыр ауруымен тіркелгендер саны 1567 адам болса, 2021 жылы 1701 адамға дейін жетті. Сүт безі ісігіне 219 әйел шалдықты. Егер кез келген адам белгілі бір ауырсыну, жара тәрізді ісіктерді байқаса, тез арада дәрігерге көрінуі керек. Әрі жыл сайын өткізілетін медициналық тексерістерден уақытында өтіп тұрса, ауруды ушықтырып алмай, ем қабылдап, айығып шығуларына болады. Сондықтан, облыс тұрғындарынан, әсіресе әйелдер қауымынан маммолог, гинеколог дәрігерлерінен қорықпай, жылына бір тексеріліп тұруларын сұраймыз. Ерте анықталған дерттің емі жеңіл болады, кеш білсек әрине, науқасқа ауыр тиеді, –дей келе, Ақмола облыстық көпбейіндіауруханасы басшысының онкологиялық аурулар жөніндегі орынбасары Болат Әбішев облыс бойынша республикада обыр ауруымен өмір сүрудің 5 жылға дейінгі тәжірибесі қалыптасқандығына ерекше назар аударды. – Біз еліміз бойынша онкоауруларды емдеуде сапа жағынан ең жоғары көрсеткішке иеміз. Қатерлі ісіктің алғашқы сатысын, одан кейінгі орташа және асқынған жағдайларына барынша кәсіби тәжірибемізді салып, ғалымдармен ақылдасып жұмыс жасаймыз. Егер ауру қатты асқынған болса, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына жібереміз, бірақ, негізінен алдын ала анықтап, ем жүргізу, ота жасау әрекеттері өзімізде іске асырылады. Науқастарға басқа өңіргежолдама беріп жатсақ, ол жақта да тегін емделеді. Алдағы уақытта облыс орталығында үлкен онкологиялық аурухана салынады деген жоспар бар.

КТ бөлімі

Өткен жылы ақпанда жаңа онкологиялық емхана іске қосылған болатын. Ел қазынасынан 26 миллиард теңге шамасында қаржы  жұмсалған медициналық мекеме қазіргі заманғы диагностикалық құрал-жабдықтармен, МРТ, компьютерлік томография, эндоскопиялық аппараттардың толық кешенімен, цифрлық маммографпен жабдықталды. Бүгінде онда 7 онко-дәрігер (хирург, онко-хирург, онко-гинеколог, торакальді хирург, онко-уролог, лор, маммолог) өз бағыттары бойынша қатерлі ісікке тап болған адамдарды қабылдап, емдеу жолдарын белгілейді.

–Онкологиялық дертке шалдыққан науқастарға алғашқы медициналық-санитарлық кәсіби көмек көрсету мақсатында жыл сайын сала қызметкерлерін арнайы оқытудан өткізіп тұрамыз. Бұл орайда, былтыр Алматы онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мен Нұр-Сұлтан қаласындағы онкология орталығынан профессорларды шақырып, науқастарға алғашқы көмекті көрсететін 300-ден астам маманды онкоауруларды ерте анықтау бойынша біліктіліктерін арттыру бағытында оқыттық. Былтыр материалдық-техникалық базамыз да жаңартылды. Біздің басқа медициналық мекемелерден айырмашылығымыз, облыстық ауруханаға қарағандықтан, ондағы диагностикалық және емдеу мүмкіншіліктерін толықпайдалана аламыз.Қазіргі уақытта онкодиспансерде дәрігер тапшылығы аса байқалмайды. Былтыр 4 дәрігер, 3 химия-терапаевт пен бір онко-гинеколог келді. Онкологиялық аурулармен күресте талай жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан онко-дәрігерлердің ішіненМеңдігүл Латиф, Нұрбол Ерланұлы, Марлен Дәулетұлы, Мұрат Жәнібекұлы, Вячаслав Танкиев, Қуаныш Ыдырысұлы секілді мамандарды атап өткен жөн, –деді өз сөзінде аурухана басшысының орынбасары.

«Әйелдер арасында кездесетін сүт безі қатерлі ісігін болдырмау, осының алдын-алу мақсатында қандай ұсыныстар айтар едіңіздер?» деген сауалымызға мамандар:

– Сүт безінің қатерлі ісігі – бұл әрбір оныншы әйелде кездесетін қатерлі жаңа түзіліс. Омырау обырын кез-келген жаста анықтауға болады. Бірақ 65 жастан асқан әйелдерде бұл қатерлі ісіктің пайда болу қаупі осы жасқа дейінгілерге қарағанда 6 есе жоғары. Ауру пайда болу қаупі жоғары әйелдер үшін дәрігер профилактикалық емдеу шараларын тағайындайды. Жалпыға бірдей ұсыныстар мен кеңестер сүт безінің қатерлі ісігінен 100 пайыз сақтай алмайды. Алайда, дұрыс тамақтанып, белсенді салауатты өмір салтын ұстанса, зиянды әдеттерден бас тартып, күйзеліс әсерін мейлінше төмендетсе, жалпы өз денсаулығына қамқорлықпен қараса, онкопатологияның туындауқаупін азайтуға болады, –деп жауап берді.

Ырысалды ШАМШИЕВА,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар