Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткізілген кезекті әкімдік мәжілісінде өңірдің 2022 жылғы қаңтар айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындық шаралары туралы мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Дүзелбаевтың баяндамасы тыңдалды. Негізінен биылғы жылдың алғашқы айы ойдағыдай қорытындыланыпты. Дәлірек айтқанда, өнеркәсіпте өндіріс көлемі 91,2 миллиард теңгені құраған. Тауар өнімінің нақты көлем индексі 101,1 пайыз. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде нақты көлем индексі 143,3 пайыз болған. Бұл өсім мыс кендерін өндіру көлемінің 79, 6 пайызға, құрамында алтыны бар кендерді өндіру көлемінің 68,5 пайызға артуына байланысты екен. Өңдеу өнеркәсібіндегі нақты көлем индексі 95, 5 пайызды көрсеткен. Азық-түлек өндірісінде сары май 2,3 есе, құс еті 50,7 пайызға, ет және субөнімдерді өндіру 13,9 пайызға ұлғайған. Сондай-ақ, алкогольсіз сусындар өндірісі 118,7 есеге, минералды су өндірісі 21,7 пайызға өсіпті. Машина жасау саласында астық жинайтын комбайндар 68,4 пайызға, подшипниктер жасау 8,6 пайызға, тракторлер өндірісінің көлемі 16,4 пайызға өскен. Металлургия саласында Доре қорытпасын өндіру көлемі 17,3 пайызға көтерілген. Өңделмеген күміс өндірісінің көлемі 73, 4 пайызға артқан.
Облыстың ағымдағы жылының көрсеткіштерін айта келіп, Қ.Дүзелбаев ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 19,6 миллиард теңгені, ал, өткен жылдың осы деңгейімен салыстырғанда нақты көлем индексі 100,7 пайызды құрағанын атады. Шаруашылықтар тірі салмақта 15,3 мың тонна ет, 16 мың тонна сүт, 59, 7 миллион дана жұмыртқа өндірген.
Баяндамашы құрылыс жұмыстарының көлемі 863,8 миллиард теңге болып, 114,6 пайызды құрағанын айтты. Дегенмен, өткен жылғы көрсеткіш бұдан жоғары еді. Құрылыс жұмыстарының төмендеуіне Біржан сал, Астрахан, Ақкөл, Целиноград, Жақсы, Ерейментау сияқты аудандар, барлығы 15 аудан жол берген. Тұрғын үйді пайдалануға беру де төмендеген. Ал, мемлекеттік бюджетке 26,3 миллиард теңге салықтар мен міндетті төлемдер түскен.
Қ.Дүзелбаев әлеуметтік саланың көрсеткіштеріне де нақты тоқталды. Денсаулық сақтау саласында өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда туберкуллезбен ауыру көрсеткіші 35 пайызға өсіпті. Қан айналу жүйесінің дерттеріне шалдығу 32,1 пайызға төмендеген. Жалпы өлім 10,2 пайызға, қатерлі ісіктен болатын өлім 0,5 пайызға, қан айналым жүйесінің ауруларынан шетінеу деңгейі 10,1 пайызға өскен. Денсаулық сақтаудың күрделі шығындары үшін 2022 жылы 1,3 миллиард теңге бөлінген.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Н.Атығаев өз баяндамасында Ақмола облысының аумағында тасқын және еріген қар суы басуы мүмкін аймақтарда 13 мыңнан астам адам тұратын 17 ауданда 125 елді мекен бар екендігін айтты. 2021 жылдың жаз және күз айларында елді мекендерді тасқын қаупінен инженерлік қорғау мақсатында жоспарлы іс-шаралар жүргізілген. Жоспарланған 53 елді-мекен 100 пайыз қамтылған.Жергілікті атқарушы органдар ауыл-селолардан 313 мың шаршы метр қар шығарған. Ол жұмыстар жалғасуда. Өзендерде жарылыс жұмыстарын жүргізуге ғарыштық мониторинг қызметтеріне техникалық ерекшеліктер әзірленіп, бюджеттік өтінімдер даярланған, конкурстық рәсімдер өткізілген.
Н.Атығаев өз баяндамасында кейбір аудандардың су тасқынына қарсы жұмыстарды дұрыс жүргізбегенін, үйілген топырақтың тығыздалмағандығын, су қоймалары реттегіштерінің қорғанысын, төтеп беру мүмкіндігінің күшейтілуі керектігін ескертті. Қысқасы, тасқынға қарсы дайындықты бақылау, тексеру, бөгеттерді бекіту жұмыстары алда да жалғаса бермек. Ақпанға қоса, наурыз айы да қарлы болуы мүмкін деп күтілуде. Демек, сақтық шаралары мұқият жүргізілуі керек.
Өңір басшысы Ермек Маржықпаев баяндамаларда сын айтылған аудандар әкімдерінен, мекемелер мен басқармалар жетекшілерінен жіберілген кемшіліктердің себеп-салдарын түсіндіруді талап етіп, ол мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді.
–Жалпы, біз жыл басынан бастап әр айды ойдағыдай, жақсы көрсеткіштермен қорытындылауымыз керек. Сонда, жылдық көрсеткіштеріміз де жоғары болады, – деп қорытындылады облыс әкімі жиынды.
Серік Сапарұлы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.