Ақмола облысында бір жылда бір мыңға жуық отбасы ажырасқан      

Бірін-бірі ұнатып, арманы да бір, өмірге деген көзқарастары да ортақ болған соң отбасын құрған екі жастың көп кешікпей екі айырылып, ажырасып кететін жәйттар соңғы жылдары көптеп кездесуде. Тіпті отбасын құрған қуанышты сәтін көппен бөлісемін, ұлан-асыр той жасаймын деп, миллиондаған қаржысын көкке ұшырып, қарызға батқандары қаншама?! Ортадағы баланың көз жасына да, ата-ананың ақ батасына да қарамастан  шаңырақтар шайқалып жатыр. Талай тағдыр тәлкекке түсті. Кім кінәлі? Ажырасу неге көп? Қалай дегенмен де ер азаматқа да, әйел баласына да ажырасу абырой әпермейтіні анық.

        Бұрнағы жылдары екі жас неге ажырасып кетті дегенге екеуінің мінезі үйлеспеді деген желеу көп айтылатын. «Біреу тойып, біреу тоңып секіреді» деген ғой. Ал, қазір шынымен де күнкөріс қиындап кетті. Жас отбасылардың басым көпшілігінде өз баспаналары жоқ. Тапқан-таянғандары пәтерақыдан аспайды. Ал, үйдегі бала-шағаның тойып ішер тамағы, жарқырап киінер киімі болмаған соң, көңіл қалай пәс болмасын? Әсіресе, ер азаматқа өз отбасын асырай алмағандығын, жеткілікті деңгейде жағдайын жасай алмағандығын көру азап қой.

Мойындауымыз керек, Кеңес дәуірі кезіндегідей қазіргі жастар арақ ішіп, тағы басқа өрескел мінез таныта қоймайды. Қазіргі жастардың басым көпшілігі үй болсам, қайтсем байысам, шетелге барып демалсам, отбасымның жағдайын жасасам деген тірлікпен жүреді. Ал, оған бір отағасының айлығы жете ме? Айлығың шайлығыңнан аспайды. Жағдайыңды ұғынатын жар болса… Бірақ, үйдегі бала-шаға зар еңіреп тұрғанда әйелдің не жаны қалады? Осыдан барып, ұрыс-керіс, өзара түсініспеушілік, сезімке селкеу түсіп, аяғы ажырасуға апарады..

Қаңтар айының басында елде болған дүрбелеңге байланысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 21 қаңтарда ірі бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Сол отырыста мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде бай мен кедей арасындағы алшақтық «жол беруге болмайтын» деңгейге жеткенін айтып, қаңтардағы оқиғаның бір себебі ретінде соны атады. Сонымен қатар, «Қазақстан халқының жартысының ай сайынғы кірісі 50 мың теңгеден аспайды. Яғни, жылдық табыс 1,3 мың доллар деген сөз. Мұндай ақшаға өмір сүру әрине мүмкін емес» деді Президент.

Иә, шынымен де, елу мың теңгеге бір ай өмір сүру мүмкін бе?. Тіпті отбасылы адамға бір айға жүз мың теңгенің өзі жетпейді ғой! Осындай әлеуметтік мәселенің ушығуынан ажырасып кеткен жастар аз емес. Иә, ажырасу себебі ақшаның жоқтығына ғана байланысты емес екендігі де айқын. Түрлі себеп-салдары бар. Бірақ, басым көпшілігі осы тұрмыстың тауқыметіне шыдай алмай шаңырақтарын шайқалтып жатыр. Мәселен, өткен 2021 жылы Ақмола облысында 4686 жас-жұбай некелессе, 927-сі ажырасып кеткен. Ал, бір Көкшетау қаласының өзінде өткен жылы 1754 жас отбасын құрса, 301-і ажырасыпты. Әрине, бұл өткен жылғы деректермен салыстырғанда аз болуы мүмкін. Қалай дегенмен де, бір жылда облысымызда мыңға жуық отбасының ажырасқаны көңіл қуантар жәйт емес.

Жалпы Қазақстандағы ахуалды тарқатып айтар болсақ, мысалы 2011 жылы елімізде 44 862 отбасы ажырасқан екен. Ал, 2015 жылы 53293 ерлі-зайыпты некесін бұзған. 2019 жылы бұл көрсеткіш ұлғая түсіп сол жылы елімізде 59 796 отбасы ажырасып кеткен. 2020 жылы көрсеткіш төмендеген. Яғни 2020 жылы 48002 отбасы ажырасқан. Осыдан-ақ, қорытынды жасай беріңіз, елімізде қаншама бала толық емес отбасында тәрбиеленіп жатыр. Соңғы жылдары жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау сияқты жантүршігерлік оқиғалардың орын алуына  да осы ажырасу мәселесінің өзі ықпалы бар деп ойлаймыз. Қалай дегенмен де, кез-келген балаға әкесі мен анасының бірге тұрғаны ауадай қажет.

Балаға ана керек, әке керек, отбасы керек!

Ата-анасының қамқорлығын көрмей өскен балалар туралы айтар кезде үнемі менің ойыма Виталий орала береді. Ол жетімдер үйінде өскен өте талантты суретші бала. Сол кезде жасы бар-жоғы он-он бірлер шамасында еді. Ата-анасы ажырасып кеткен, ал анасы ішімдікке бой алдырған.  Тәрбиешілердің айтуынша суретші Виталий күн ұзақ терезенің алдында сурет салып, анасын күтіп отырады екен. Анасы ара-тұра келіп тұрады деседі. Сонда Виталийдің анасын сөкпей, оны ақтап алып сөйлеген сөзін естісеңіз, жүрегі бар адам тебіренбей тұра алмайды. Оның сол сөздері күні бүгінгідей әлі де құлағымда тұр.                                                                     – Анам жиі келіп тұрады. Сіз менің анамның жүзін бір көрсеңіз оның қандай жақсы адам екендігін бірден ұғынар едіңіз. Жүзіне нұр тұнған. Ол мен үшін сұлулық атаулының символы. Мен көбіне отбасы тақырыбында сурет салғанды ұнатамын. Осыдан кәмелеттік жасқа толғасын, әкемді де тауып аламын. Міндетті түрде бәріміз бірге боламыз. Анамды жаныма алып, қомқорлыққа бөлеймін. Күтемін, бағамын, алақаныма салып аялаймын. Қымбат кремдер, қымбат киім, қымбат тамақ әперемін. Ол тұрмыстың тауқыметіне шыдай алмаған жан ғой. Мен оны түсінемін. Ол әйел адам, өте нәзік, жүрегі де, өзі де. Ал, мен ер жігітпін! Ертең-ақ, жетілемін, сол кезде анама қамқор боламын!, –деп еді сонда Виталий. Міне, қандай болса да (мейлі ол ішкіш, я болмаса тағы басқа жаман әдетке бой алдырған адам болсын, бәрібір) бала үшін ана керек, әке керек, отбасы керек!..                                                                                                                              «Азық-түлікті несиеге алудан шаршадым!»

Гүлназым маған осылай деп назданды. Ажырасу тақырыбында мақала жазу барысында жалғызбасты аналармен де сұхбаттасып көрдім. Солардың бірі Гүлназым Ыбыраева (есімі белгілі себептерге байланысты өзгетіліп алынған).

–Газетке жазатын болсаңыз, есімімді өзгертіп беріңізші. Балаларым өсіп келеді дегендей. Ертең біреуі болмасын біреуі танып қалып, балаларыма зияны тиіп кетпесін. Қазіргі балалардың психологиясы басқа ғой, түсінесіз,–деп бастады әңгімесін Гүлназым. – Арлан екеуіміз бір-бірімізді сүйіп қосылдық. Қазір ойлаймын, сол кезде албырт жастықтың салдарынан ба, шын сүйгендіктен бе кім білсін, пәтерің бар ма, жұмысың бар ма, машинаң бар ма дегенді сұрамаппын ғой. Байлықты көздемедік қой біз деген. Қазіргі сіңлілерімді байқаймын бәрін бақай есеппен жасайды. Бәлкім солардікі дұрыс па кім білсін?! Сөйтсем, Арланымның не жоғары білімі, не баспанасы, не игерген кәсібі жоқ. Босаға аттағасын соң егіз бала көтердім. Міне дәл осы кезден басталды даудың басы. Менің негізгі мамандығым мұғалім. Ата-анам ауылда тұрса да, маған бір бөлмелі баспана сатып әперген. Басында сонда тұрдық. Арланның тұрақты жұмысы болмаған соң, бірде ана құрылыста, бірде мына құрылыста жұмыс істейтін еді. Қыс бойы мүлдем «калым» жоқ деп жатып алатын. Жұмыстан кейін үйге ішіп келетінді шығарды. Ата-аналарының тұрмысы мүлдем «жұқа» болатын. Олардың өздері қалада пәтер жалдап тұрды.  Керісінше, менің балаға алатын жәрдемақыма ортақтасатын. Олардың біреуіне де несие берейді. Себебі, отбасымен барлығы қарызға кіріп кеткен, бәрі де «қара тізімде».  Сізге өтірік, маған шын, азық-түлікті де өз атыма несие алып, сол ақшаға тамақ алып жүрдім. Келесі айда жәрдемақымен жабамын, кейін тағы рәсімдеймін. Нанасыз ба, азық-түлікті несиеге алудан шаршадым! Қауқарсыздықтан да, әлде оңай жолы осы болды ма, күйеуім ішімдікке бой алдырды. Оны тәрбиелеп, еркелігін көтеріп жүрер уақыт қайда? Арланның түзу жолға түспейтінін де түсіндім де, ажырасып кеттім. Балаларды жетілдіру керек, басты мақсатым осы.  Екі құлыншағым өмірімнің мәні мен сәні. Қазір өзім мектепке жұмысқа орналастым. Аллаға шүкір бәрі жақсы. Ақырын ортақ таныстарымнан сұрап біліп-қоямын, ажырасқанымызға бес жыл болса да, ол да әлі үйленбепті. Балалар әкесін сұрап қояды, сондай сәтте ажырасқаныма өкініп қаламын. Балалардың обалына қалмау үшін, әйел төзімді болуы керек екен, қалай дегенмен де, –дейді Гүлназым.

…  Ол соңғы сөзін дір-дір етіп әрең жеткізді. Жанарында мөлдіреп жас тұнып тұр. Оны маған байқатқысы келмейді. Мен де жаралы жүрегін жабыртқатпайын деп, әңгімені әрі қарай жалғай түсуге батылым бармады. Нәзікжанды болса да, өмірдің ауыр жүгін өзі арқалап, ауыртпалығына шыдап, көтеріп жүргеніне қарамастан балаларға обал жасадым-ау дейді тағы да.  Шіркін-ай, ана жүрегі не деген кең еді!

                                «Адал сүйген адамдардың

Аралары ашылмайды!»

 …Іс-сапарға бара жатып, жолшыбай ән тыңдадым. Ән көңілдің ажары ғой. Жүректе кірбің болса, емдей алатын да ән.

Соңғы кезде елімізде болып жатқан жағдайлар жүректі ауыртпай қоймайды. Иә, елдің жайы ойлантпайды емес, жүрек болғасын алаңдайды да. Несін жасырамыз, елімізде аштық болмаса да, ашкөздік жайлаған.  Бір-бірімізбен араз болмасақ та, адамдардың арасында бауырмашылдық жоқтың қасы. Аға буын жастарға кінә артады, жастар аға буынды кінәлайды. Осы мақаланы жазу барысында да бірнеше адаммен сұхбаттастым. Бір-біріне өкпелі жандар. Қайсыбірін тізесің? Ал, балалар тағдырына алаңдар кім? Осындайда ер азаматтарда жауапсыздық аз еекендігін мойындауымыз керек.  Бір Гүлназымның тағдырын-ақ, осыны аңғаруға болады.  Отбасын құрған соң, ондағы әрбір жанға алдымен отағасы жауапты ғой. Еркек ез болса, әйел қайтіп атқа қонбас? Бәлкім ұлттық құндылықтың жоғалғаны осы ма? Қара орман ойлармен астасып, ойымды жинақтауға ырық бермей жатқан бір ән жүректі бойлай берді. Әнші Қуандық Рахымның  орындауындағы «Шын ғашықтар» деген әні екен.

Сүйген жандар адал келер,

Ақ жүректі адамға ерер.

Шын ғашықтар қосылады,

Əкем – куə, анам – дəлел!

Шын ғашықтар қосылмайды

Кім шығарған осындайды?

«Адал сүйген адамдардың

Аралары ашылмайды!»

 …Бәлкім солай ма? Сіз қалай ойлайсыз оқырман?! Ең бастысы, Алланың алдында сезімге адал боламыз деп серттескендер, ажыраспасыншы! Ажыраспаңыздаршы! Себебі, бала тағдыры бәрінен де маңызды ғой…

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар