Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Бүкіләлемдік үкіметтік емес ұйымдар күні аясында азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті.
Ермек Маржықпаев азаматтық сектордың өзін осыдан 15 жыл бұрын бірнеше үкіметтік емес ұйымдармен танытқанын атап көрсетті. Ол бүгінде дамыған қоғамдық институтқа айналып отыр. Қазір облысымызда көптеген проблемаларды шешуде айрықша орын алатын 600-ге жуық үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Айталық, қоғамдық кеңестердің төрттен бірі үкіметтік емес сектордың өкілдерінен тұрады. Үкіметтік емес ұйымдардың 12 мүшесі барлық деңгейдегі мәслихаттардың құрамына кірген. Ақмола облысында 700-ден астам қоғамдық жұртшылық өкілі тәуелсіз байқаушылар ретінде Парламент сайлауларын өткізуге қатысты.
–Мемлекет жекелеген әлеуметтік мәселелерді шешуді үкіметтік емес ұйымдардың құзырына берген, – деп атап көрсетті облыс әкімі. –«Ана үйі» балалар үйлері санының қысқаруына, балалардың отбасыларында тәрбиеленуіне басымдық берілуіне игі ықпалын тигізді. Қиын өмірлік жағдайларға тап болған дағдарыс орталықтары мен адамдар паналайтын үйлердің санын көбейту, онда халықтың психикалық денсаулығын жақсарту, оңтайлы өмірге бейімдеу, паллиативтік көмек көрсету, салауатты өмір салтын насихаттау, экология мәселелерін ойластыру үкіметтік емес сектор қызметі мен бағытының тек бір болмашы бөлігі болып қана табылады. Байқап отырғанымыздай, жұмыс ауқымы жан-жақты әрі кең.
Кездесуде үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің облыс әкімімен бөлісетін мәселелері аз болмай шықты. Олар күнделікті жұмыс барысы туралы ой-жоспарларымен бөлісіп, әлеуметтік маңызды жобаларды, кездесіп қалатын проблемаларды ауызға алды.
«Өмір» отбасылық тәрбие орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Юлия Сәрсекеева өткен жылғы қызғылықты жобалар туралы айтып берді. Сол сияқты, «Мирас» қоғамдық қорының төрағасы Руслан Жүзенов, «Ашық жүрек» жекеменшік қайырымдылық қорының президенті Олеся Жағыпарова және облыстың үкіметтік емес секторының басқа өкілдері сөз сөйледі. Азаматтық Альянс төрағасы Ирина Терентьеваның қорытынды сөзінде де біраз маңызды жайлар айтылды.
Ермек Маржықпаев үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне бүгінгі таңда атқарылып жатқан елеулі жұмыстары үшін алғыс білдіріп, облыс әкімдігі мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор арасындағы өзара байланысты нығайту жөніндегі ұсыныстардың бәрін қолдайтынын жеткізді.
Шара соңында азаматтық қоғамның белсенді өкілдері облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Айбек Данияров.