Мамандығына адал азаматтар алғыс арқалады

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесі аясында «Болашақ» сарайында қоғамдық-саяси өмірдің алдыңғы легінен көрініп, ел игілігін еселеп жүрген бір топ ақмолалықтарды қабылдап, алғысын білдірді.

Игілікті шараны аймақ басшысы өзіжүргізіп, әр саланың білікті мамандарының жұмысына айрықша тоқталып, өз ризашылығын білдірді.

–Бұл мереке  жалпы ұлтымызға тән, сан ғасырлық салтымызға, қазақы қанымызға сіңіп кеткен өзара көмек пен қамқорлықтың, мызғымас бірлік пен татулықтың символы.Биыл біз Алғыс айту мейрамын жетінші жыл қатарынан тойлап жатырмыз.Алайда, көне көз тарихымыз халқымыздың дәстүрі мен мәдениеті, діні мен ділі жалпы бар болмысы,рақымшылық, қайырымдылық, ризашылық атты биік моральдық құндылықтарға негізделгенін талай дәлелдей түскен, – деп облыс басшысы қаңтар оқиғасы кезінде елдің тыныштығын сақтауға үлес қосқан азаматтарға, блокбекеттерде қызмет атқарған әскерилер мен полицейлерге ыстық тамағын апарып берген еріктілер мен кәсіпкерлерге және өңірдегі тыныштықтың сақталуына тілектес болып, қоғамдық тәртіпті сақтаған ақмолалықтарға алғысын жеткізді, бірлік пен татулықтың соңы берекеге әкелетіндігін атап өтті.

Бұл күні көптеген адамдар қиын сәттерде көмек қолын созған жандарға рахмет айтуға асығады. Осындай азаматтардың қатарында еріктілер, полицейлер, өрт сөндірушілер де бар. Мәселен, Көкшетау қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Евгений Ефремов өз жұмысы барысында 40-тан астам адамның өмірін сақтап қалған.

–Біз осы мамандықты таңдай отырып, туған-туыстарымызға, қоршаған ортаға жақсылық жасағымыз келеді. Біздер  тілсіз жаумен бетпе-бет келеміз. Біз үшін ең үлкен алғыс – құтқарылған адам өмірі деп білемін.Бұл күні мен өзімнің тәлімгерлеріме шынайы алғысымды білдіргім келеді, –деді  ол.

Салтанатты шара  барысында өскелең ұрпақты тәрбиелеу, қаланың инфрақұрылымын жақсарту мәселелері де талқыланды. Қаңтар трагедиясының оқиғалары да назардан тыс қалмады. Өңір басшысы ақмолалықтардың еліміз үшін қиын сәттердегі ауызбіршілігін ерекше атап өтті.

Кездесу өңірді дамытуға үлес қосқан азаматтарды облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттау рәсімімен аяқталды. Марапатталғандар арасында қалалық емхананың педиатриялық медбикесі, медицина саласында 30 жыл еңбек етіп келе жатқан  Ләззат Қалиева, ауылын көркейтіп, дамытып ұстап отырған Атбасар ауданының «Шуйское» серіктестегінің директоры Алтынбек Құрманқұлов, қаңтар оқиғасы кезінде Елорданың стратегиялық нысандарын күзету кезіндегі әскеринарядтарға басшылық еткен Ұлттық ұланның 5510 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальонының командирі Ерхан Мұсалимов бар.

Марапаттау рәсімі кезінде былтыр қазан айында кішкентай сәбиін облыстық балалар ауруханасына жеткізе алмай тұрған ананы көріп, тоқтаған полиция қызметкері Дәулетхан Матаевқа Татьяна Ходаковская баласының өмірін сақтап қалуға көмектескені үшін алғыс білдіріп, гүл шоқтарын табыс етті.

 Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар