Көпбалалы, белсенді аналар барлық құрметке лайық

 Көкшетау қаласындағы «Болашақ» сарайында облысәкімі Ермек Маржықпаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ақмолалық көпбалалы аналармен кездесіп, ескерткіш сыйлықтар тапсырды. Еркін форматта өткен кездесуде үйдің де, түздің де шаруасын үйлестіріп жүрген белсенді аналар облыс әкіміне хал-қадірлерінше өңіріміздің қоғамдық-саяси өміріне қосып келе жатқан  үлестері жайлы баяндап, осы еңбектерінің ескерілгеніне ризашылықтарын жеткізді.

–Көктемнің алғашқы күндері аналар мерекесімен басталады. Ана – өмірдің гүлі, отбасының алтын қазығы. Сондықтан, баршамыз үшін бұл мерекенің орны ерекше бөлек. Бүгінгі кездесудің «Болашақ» сарайында  өтуі де бекерден-бекер емес. Заманауи жабдықталған бұл білім нысаны біздің балаларымыздың шығармашылық және ғылыми дамуы үшін салынған. Біздің Ақмола облысында жыл санап әлеуметтік нысандар саны артып келеді. Озық технологиялармен жабдықталған мектептер, қажетті медициналық жабдықтармен қамтылған емдеу мекемелері, баланың жан-жақты дамуы үшін салынып жатқан спорттық кешендер, осының барлығы ұлт саулығы, ұрпақ тәрбиесі  үшін   атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар.   Біздің ортақ мақсатымыз – жаңа заман талабына сай алғыр да білімді ұрпақты тәрбиелеу, –дей келіп,  облыс әкімі жиналған аналарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Ақмола облысында 10 мың көпбалалы ана бар. Олардың 6 мыңға жуығы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері. Атап өтерлігі, ақмолалық көпбалалы аналар арасында өңірдің әлеуметтік өміріне белсенеат салысып жүрген кәсіпкерлер өте көп. Солардың бірнешеуі өңір басшысымен өткен кездесуге қатысып, сөз сөйледі. Атап айтсақ, «Әлемге жол» жарнама агенттігінің директоры, алты баланың анасы Анаргүл Мұхамедрахымова, «Ақай» сән үйінің директоры, жеті баланың анасы Ғалия Серікқызы, «Ана үйі» қоғамдық қоры жанындағы дағдарыстан шығару орталығының үйлестірушісі, он бір баланың анасы Құралай Жұмабекова, параолимпиадалық ойындардың жеңімпазы Давид Дегтяревтың анасы Ирэна Дегтярева, «Қазақстанның жүз жаңа есімі»  республикалық жобасының жеңімпазы, жас режиссер-сценарист Адия Айдарбековтың анасы Гүлнәр Айдарбекова, Зеренді аудандық балалар музыка мектебі директорының орынбасары, алты баланың анасы Жанна Түлкібаева, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы,  биология ғылымдарының кандидаты, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы–2021» республикалық байқауының жеңімпазы Зульфия Баязитова және тағы басқа да қоғамда белсенділігімен көзге түсіп жүрген аналар өз жұмыстары туралы айтып, өңір басшысына алғыстарын жеткізді.

  – Мен төрт баланың анасымын. Ана ретінде жер бетінде бар бала бақытты болса екен деп тілеймін.  Жасырары жоқ, қоғамда қамқорлыққа зәру балалар бар. Сондай балаларға қолұшын беруді мақсат тұтқан Ақмола облысындағы «Шанс» кәмелетке толмаған балаларға әлеуметтік-психологиялық, құқықтық қолдау көрсететін дағдарыстан шығару орталығын ашып, жұмыс істеп жатырмыз. Тағдыр тәлкегіне түскен балалардың тағдырына алаң көңілмен қарап, қамқорлық құшағына бөлеп келеміз. Қазіргі таңда орталықта 22 бала бар. Олардың 12-сі аналарымен бірге біздің орталықтан пана тауып отыр,  – дей келіп,  аталмыш орталықтың жетекшісі Әсем Асайынова облыс әкіміне осы орталықтың жұмысына қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.

Кездесу соңында іс-шараға қатысқан  аналарға естелік сыйлықтар мен көктем мерекесінің басты символы – әдемі гүл шоқтары тарту етілді.

 Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ, 

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар