Қоғамның сыйлысы да, нұрлысы да ардақты Аналар!

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев 8 наурыз –  Халықаралық әйелдер күніне орай, «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен «Көктем шуағы» атты салтанатты іс-шараға қатысып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлестерін қосып жүрген бір топ нәзік жандыларды Алғыс хаттармен марапаттады.

Көктемнің шуағымен сезімге нұр құйып келген әсемдік мерекесі – Халықаралық әйелдер күніне арналған бұл салтанатты жиын осыдан екі жыл бұрын қойылған карантиндік талаптар мен шектеулерден кейінгі дәстүрлі форматта өткізіліп отырған алғашқы үлкен іс-шара. Оған облыс экономикасының әр саласында елеулі еңбек етіп, жетістіктерге жетіп жүрген нәзік жандылар, кәсіпкер-ханымдар, білім мен ғылым жолында, спортта табысты балаларды тәрбиелеп отырған аналар мен көпбалалы аналар қатысты.

–Нәзік жандылар мерекесінің көктемнің алғашқы күндерінде атап өтілуінің өзіндік себебі бар. Көктем табиғатқа тіршілік берсе, аналар адамзатқа өмір сыйлайды. Сондықтан, әйел-анаға деген құрмет еш уақытта артық болмайды. Біздің әрқайсымыз үшін мәңгілік және маңызды құндылықтар болып табылатын туған үйдің жылуы, мейірімділік және адалдық ұғымдары әйел атаулымен байланысты. Құрметті, әйелдер қауымы! Сіздер өздеріңіздің айтулы жетістіктеріңізбен ел тәуелсіздігінің нығаюына және облыстың дамуына елеулі үлес қосып келесіздер. Бүгін мен сіздерге осы еңбектеріңіз үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді, – дей келе, өңір басшысы отбасы институты, балалар жылы, көп балалы аналарды қолдау, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталып, облыстың дамуына ерен еңбек сіңірген айтулы да қайратты нәзік жандылардың есімдерін атады. Сонымен бірге, облыста Ұлы Отан соғысына қатысқан 2 нәзік жанды ардагердің бар екендігіне ерекше назар аударылды. Олар – Біржан сал ауданының Макинка ауылында тұрып жатқан Нина Скорюкина мен биыл 100 жасқа толғалы отырған Степногорск қаласының тұрғыны Клавдия Дорош.

Бүгінде облыстың қыз-келіншектері ел экономикасының барлық бағыттарының дамуына өз үлестерін қосуда. Отбасылық құндылықтар, бала тәрбиесі әрқашан біздің қоғамымыздың негізі болған және болып қала береді.

Салтанатты шарада жеті бала тәрбиелегені үшін «Алтын алқа» алқасымен Ақкөл ауданының «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының мейіргері Әсел Олжабаева, Есіл ауданынан Валентина Шволь, сол секілді 6 баланы дүниеге әкеліп, өсіп-өндіргендері үшін «Күміс алқамен» бұландылық Наталья Акимбаева, ерейментаулық Нұрзағипа Жаукерхан, көкшетаулық ұстаз ана Маржангүл Темірболатова наградталды. Облыс әкімінің Алғыс хатына ие болғандар ішінде әйелдер арасында бокстан әлем чемпионы, Болгарияда өткен халықаралық турнирдің күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Дина Жоламан, Токио паралимпиадасының чемпионы Давид Дегтяревтің анасы Ирэна Дегтярева, Атбасар ауданындағы І.Есенберлин әдеби-мұражайының директоры Ұлболсын Қомбатырова да бар.

Салтанатты шара облыстың өнер ұжымдары әзірлеген тартымды концертке ұласып, жиналған қауымның көңіл хошын одан әрі көтерді. Айтулы іс-шараға арнайы шақырылған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор Жеңіс Сейдоллаұлы да сахна төріне шығып, өнер көрсетіп, нәзік жанды арулардың ыстық ықыласына бөленді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар