Жастарды мемлекеттік қызметке тартуға баса көңіл бөлінуде

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Берген Беспалинов «Департаменттің 2021 жылғы жұмыс қорытындылары туралы» хабарлама жасады.

Өткен жылы 1556 мемлекеттік қызметші біліктіліктерін арттырған. Аталмыш департамент басшысының айтуынша, мемлекеттік қызметшілерді оқытуға тұрақты көңіл бөлінеді. Оқу процесін ұйымдастыру барысында оқытудың жаңа формалары мен әдістері қолданылады. Сонымен қатар, Берген Беспалинов мемлекеттік қызметшілердің сынақ мерзімінен өту және тәлімгерлік мәселелеріне толығырақ тоқтала келе, мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған 197 адамның тәлімгерлікпен қамтылғанын және 121 адамның сынақ мерзімінен сәтті өткенін атап өтті. Бұған қоса, кадрларды іріктеу бойынша жұмыс нәтижелері де жан-жақты айтылды.

– Өткен жылы жергілікті атқарушы органдарда бос мемлекеттік лауазымдарға орналасуға 644 конкурс өткізіліп, оған 1011 адам қатысты. Оның 442-сі қызметке тағайындалды. Сонымен қатар, жоғары лауазымдарға тағайындалған мемлекеттік қызметшілер санының өсуі байқалады, – деп мәлімдеді департамент басшысы. Сондай-ақ, бір мемлекеттік органда үш жылдан астам жұмыс өтілі бар мемлекеттік қызметшілер санының көрсеткіші өңірдегі мемлекеттік аппарат тұрақтылығының айғағы болып табылады.

Брифинг барысында жастарды мемлекеттік қызметке тартуға ерекше көңіл бөлінетіні де атап өтілді. Өйткені, дәл осы жастар мемлекеттік қызмет жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізуге қабілетті. Қазіргі уақытта жоғары сынып оқушылары арасында кәсіптік бағдар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі жұмыс істеп, үнемі бос орындар жәрмеңкелері өткізіліп тұрады.

Өткен жылы облыс бойынша барлығы 8 миллион 534 мың мемлекеттік қызмет көрсетіліп, олардың 94,5 пайызы электронды форматта іске асырылған. Департамент мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында проблемалық мәселелерді анықтауға және жоюға мүмкіндік беретін бақылау іс-шараларын жүргізген. Мәселен, өткен жылы 82 тексеріс өткізіліп, 31 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, тәртіптік бақылау мәселелеріне де тоқталған Берген Беспалинов өткен жылы Әдеп жөніндегі кеңестің 15 отырысында 67 мәселенің қаралғанын да атап өтті. Оның қорытындысы бойынша 16 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы және Әдеп кодексін сақтау мәселелері бойынша 29 тексеру жұмыстары жүргізілген.

– Біздің қызметіміздің маңызды бір бағыты азаматтардың өтініштерін қарау және олардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру болып табылады. Мысалы, өтініштерді қарау нәтижелері бойынша бір азаматқа жылжымайтын мүлік объектісінің тұрақты мекенжайы, екіншісіне жеке куәлік және жеке шаруашылық пен бағбандық үшін жер учаскелері берілді, – деді осы орайда, Б.Беспалинов.

Қазіргі мемлекеттік қызметшілердің алдында тұрған маңызды міндет – өмір сапасын қамтамасыз ету. Осыған байланысты, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру өзекті міндет болып қала береді.

 Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар