Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Белгілі әнші-композитор, ақын Тыныштық Шаменовтың туғанына – 80 жыл - АРҚА АЖАРЫ

Белгілі әнші-композитор, ақын Тыныштық Шаменовтың туғанына – 80 жыл

Даланың еркін жыршысы

Қилы тағдырлы әр адам баласының өз ғұмырына жарасымды өмірі болады. Халқымыз «маңдайына жазылған» деп сол жайды айтар болса керек. Осы бір өз маңдайына жазылған тағдырымен ел арасында абыройлы өмір сүрген ел ағаларының бірі Тыныштық Шаменов деп білемін. Тыныштық ағамыздың есімі Көкшетау өңіріне ертеден мәлім болған-ды. Шалғайдағы ауылда өмір сүре отырып, сол жергілікті жердегі өнерпаз жас буын өкілдеріне тәлімдік етті, қамқорлық жасады.

Бұрынғы Көкшетау облысының Ленинград дейтін ауданындағы іргелі Айсары ауылында тұңғыш рет өнер мектебін ашып, бұлақтың көзін ашқандай еңбегін сіңірді. Сол Шаменов өнер мектебі түлектерінің алды қазір Қазақстанға белгілі ұлт зиялыларының қатарында жүр.
Ауылда жатқан Тыныштық ағамыздың өнері мен өнерге деген жанашырлығы, шығарған жырлары мен айтқан әндері өзіне ғана тән сырлы үнімен Көкшетауға да жетіп жататын-ды. Құдіретті өнердің қос қанаты талант пен дарын кейін Тыныштық ағамызды осы Көкшетау қаласына алып келген-ді. Ол әуелде Жанат Қасым ұйымдастырған білім ордаларында жүріп, тағы да жастарға қазақтың төл өнері әншілік пен жыршылықты үйретті, өнерге баулыды, қанат байлап, талай бір жас таланттардың бағын ашты.
Тыныштық ағамен таныстығым осы кезде басталды ғой деп ойлаймын. Өйткені, ағамыз қолына қалам ұстаған біздерді де жанына жақын тартып, газет қызметінде жүрген бізге үйірсектеп, өзінің ағалық көңілімен бізді жанына жақын тартатын-ды. Ой айтатын. Ел ішінің қызықты бір әңгімелерін айтқанда рахат бір күй кешетіндігі де көз алдымызда.
Жан дүниесі ән мен жырдан жаралған Тыныштық ағамыздың бойындағы құдіретті таланты оны биіктерге шығарды, елге кеңінен танымал етті. Тыныштық Шаменовтың әндерін әсіресе, ел адамдары сүйсіне тындайтын. Және де Тыныштық Шаменовтың Көкше өңірінің көптеген ауылдарына арнап шығарған туған жер сарыныңдағы әндері әркімнің жүрегін әлдилейтін, жандарын тебіреніске салатын бір құдіреті бар-ды. Өйткені, Тыныштық ағамыздың сол әндерімен әркім өз туған жерінің тал бесігінде тербелетін, әркім өз ауылының сағыныш күйіне бөленетін. Сол әнмен жан дүниелері тазаратын, сол әнмен жадырап, көкірек көздері ашылатын, әйтеуір, бір алапат сезімнің әлдилі ырғағымен бәрі де, мына кең дүниенің өзі де ән салатын!
Ауыл адамдарының жан дүниесі ән болып төгіліп жататын еді. Сондай әндердің біразы көптеген ауылдарымыздың туған жер гимніне айналып кетті десе де болғандай.
Көкшенің аяулы бір перзенті Арман Бердалиннің шаңырағында қонақта отырып, дастархан басына жиналған Айсары ауылының ұл-қыздары Тыныштық Шаменовтың Айсарыға арнаған әнін айтқандарында, осы бір әннің әсерімен тербелген, тебіренген, сағынышпен әсерленген жандарды көріп, ән құдіретіне тәнті болған едім. Мұнан кейін де Тыныштық Шаменовтың бірнеше ауылдарға шығарған, жеке азаматтарға арнаған әндерінің біразын тыңдап, шынайы талант иесінің шынайы дарынына риза болдым да, Тыныштық Шаменовты даланың еркін жыршысы ретінде таныған едім.
Ақиқатында Тыныштық Шаменовтың әндері мен жырларында даланың кеңдігі жатыр. Сол кең тыныспен жырлау Тыныштық ағаның тағдыры болды. Бұл әрине, бақытты тағдыр еді. Соңында өз өмірінің жалғасындай болып жырлары мен әндері қалды. Әкенің сөзін жалғастыратын ұрпақтары қалды.
Тілекші көңілмен аға есебінде болған Тыныштық Шаменовтың кісілік қасиетіне өз басым әрдайым риза едім. Ол ел ішінде өнерді насихаттаушы, жақсы адамдардың жақсылығын елге жеткізіп, таратушы бола білді. Ешкімді сыртынан ғайбаттап, біреудің жағасына кіршік түсіретін бөтен сөз айтпайтын қасиеті бар-ды. Әр адамға деген өз көзқарасы, өз пікірі болатын. Өмірінің соңғы жылдары еліміздің ардақты азаматы Сансызбай Алпысбаев екеуінің достық ниеттеріне, жарасымды жүріс-тұрыстары мен аралас-құраластықтарына шынайы сүйсінетін едім. Қос азамат бірінің-бірі қадірін біліп, бірін-бірі аспандатып, бірін-бірі қолдап, ірілік қасиеттерге лайықты бола білді.
Бірде әңгіме барысында Тыныштық аға өзінің ата-бабасының туған жері Аймақ ауылы екендігін айтқандығы бар-ды. Сол сәтте жүрегім дір ете түсті. Өйткені, менің де анамның туған жері осы Аймақ ауылы еді. Содан ба екен, Тыныштық ағаны жаныма жақын тұттым. Ол да тілеушім болды. 2011 жылы 19 тамызда Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты болып сайланғанымда Тыныштық ағамның шынайы қуанып, құттықтағаны көз алдымнан кетер емес. Құшағына ала тұрып:
– Сен біздің өңірден шыққан тұңғыш Сенаторсың! Мұндай дәрежеге ие бола қойған адам біздің аймақта бола қойған жоқ. Құтты болсын! – деп шын жүректен қуанғаны есімнен кетер емес.
Уақыт өтіп жатыр! Әр адам баласының басынан дәурен өтеді, көшеді және кетеді. Сол өтіп және кетіп те жатқан дәуренді ғұмырдың көз ұшында Тыныштық аға Шаменовтың жарқын бейнесінің тұрары да анық.
Осы бір күндері Көкшетаудың кең көшесін толтырып жүрер қайран да қайран, талай бір ағалардың арамызда жоқтығы өкінішті әрине. Өмірдің заңы осы! Алайда, Тыныштық Шаменов сияқты біртуар талантты адамның соңында өзіне лайықты ұрпақтары бар. Осыны көңілге жұбаныш етеміз. Бір ғана Ұлмекен Тыныштыққызының өзі неге тұрады?! Тыныштықтай әкенің тәрбиесін көргендігі, ұлағат сөзін естіп, өскендігі, қазақтың құдіретті өлеңінің мәйегіне қанып жетілгендігі бір ғана Ұлмекеннің тұла бойынан байқалатыны бар. Соңында салиқалы ұрпақ қалғандығы да мәңгі ғұмырдың мәңгілік әніндей естілері бар. Тыныштық әкенің жыр аманатын арқалаған Ұлмекен қарындасымыз да сол әкенің ғұмырлы жырын лайықты жалғастырып келеді. Әрине, мәңгі жасаған адам баласы жоқ әзірге. Алайда, сол адам баласының есімін, ісін өлтірмейтін ұрпақтары болуы бақыт! Ендеше Тыныштық ағамыздың есімі ешқашан өлмейтіндігі мен ұмытылмайтындығы тағы да бар.
Даланың еркін жыршысы бола білген Тыныштық Шаменовтың ардақты есімі, оның жырлары мен әндері сол даланың мәңгі үні болып жасай берері де анық.

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының V-VI-шы шақырылым депутаты

Көкшетау,
20.01. 2018.

Жарқ еткен сәуле

немесе Тыныштық ағаны еске алу

Осынау жалған дүниеден ертерек озған жайсаң адамдар туралы сөз қозғағанда «жақсы адам өмірде өлмейтұғын болсайшы» деген ән жолдары еріксіз еске оралатыны бар. Мен үшін сондай ақ көйлек ағалардың бірі – Тыныштық Дәндекұлы болатын.
Ежелден ән мен жырдың алтын бесігі болған Көкшетау өңірінде сонау замандарда атақ-даңқтары алты Алашқа мәшһүр болған Біржан, Ақан, Ыбырай дәстүрінің үзілмей келіп жалғасқан өнер керуенінің бозбұйдасын ұстаған Кәрім Ілиясовтің, Иран Тасқараның, Жұмабай Есекеев пен Тыныштық Шаменовтың өнерлері өнегеге толы десек артық айтқандық болмас еді.
Анау Айсарыда жатып-ақ ұлттық өнердің көрігін қыздырып, туа бітті бойындағы дарын-қабілетінің өзгелерге жұғысты, өнегелі болуын қалаған Тыныштық аға талай балапанды баулып, бауырына басып, тәлім-тәрбиесін үйретті.
Кемеліне келген шақта шартарапқа Айсары әуендерін жолдап, қасиетті ән өнерінің туын желбіретіп жатты. Өзіндік сыр мен сазға, мұң мен сағынышқа толы әндері әр жүректен орын алып қана қоймай, талғамды әншілердің орындауында сахнадан шырқалып та кетіп еді. Иірімі нәзік, ырғағы қарапайым, бояуы бедерлі, табиғаты қазақы әндері кімді болса да ә дегенде баурап алатын. Сол Тәкеңмен танысып, білісудің де сәті түсті. Задында болмысы өнерге жақын адамдар бір-бірін іздеп, жылқыдай кісінесіп, шұрқырасып табысатын ғадет бар-ды. Тәкеңмен де солай болды. Бұрыннан білетін, жақын жүрген жандай шүйіркелесіп кеттік. «Жақсыға жаттық жоқ» деген осындайдан айтылған болар. Әрбір нәрсенің себебі болады. Болашағынан үміт күткен қызы Ұлмекенді қолынан жетелеп келіп, «Көкшетау» газетіне әкелгені сол тұс еді. Балаң жырларымен, балауса жазбаларымен енді таныла бастаған Ұлмекенді қаламгер ағаларына табыстырып, тапсырып тұрып, ізгі тілегін жеткізіп еді. Оны біз де қош көрдік. Білгенімізді үйреттік. Бір бөлімде қызмет атқардық. Әке тілегі, ағалар алқауы жай кеткен жоқ, сол Ұлмекен бүгінде елге танымал ақын-журналист.
Айсарысынан ара-тұра келіп-кететін Тыныштық ағамен әртүрлі тақырыпта әңгімелесіп, арасында әзіл-қалжыңға да жол табушы едік. Былай сырт қараған адамға көп ішін бере қоймайтындай тік мінезді болып көрінетін Тәкеңнің өзім деген адаммен іштесіп келгенде жайылып сала беретін жақсы мінезі бар еді. Өзі жақсы көрген, ұнатқан адамына жылы сөйлейтін. Әңгімені бастамастан бұрын қуақылана бір жымиып алатыны бар-ды. Қысты күні басындағы тымағын бір шекесіне қарай қисайта киіп, жанынан тастамайтын қоңыр домбырасын көтеріп, асықпай келе жатушы еді… Жақын танысып, біліскеннен соң мен ағаммен кәнігі құрдастардай ойнап сөйлейтін болдым. Әрине әдебімен. Ол кісі де басынан өткерген қилы-қилы қызықтарын ақтаратын. Бойында ақындық қуаты бар Тәкең жұлып алма сөзге, тауып айтуға да шебер болатын. Мен сондай сәтте:
– Әй, Тәкем-ай, аю атқан қара мылтықсың ғой! – деймін өзімсініп. Менің осы теңеуім ұнайтын болуы керек, оған мәз болатын.
Анау бір жылы Тыныштық аға Көкшетауда жеке шығармашылық концертін беретін болды. «Истоки» мәдениет үйінде. Айсарыдан арбаланып-дорбаланып келген ағамның таңдауы маған түсіпті. «Менің шығармашылық кешімді, бауырым, сен жүргізесің» – дейді. Менің сол кезде «көңілді» жүргенімді байқап қалған әлдекімдер:
– Тыныштық-ау, басқа біреу табылмады ма? – деген сыңайлы күңкіл әңгіме айтса керек. Алған бетінен қайтатын Тәкең бе, «Ондай сөзді қой, менің таңдауым Ерболат!» деп кесіп тастаған ғой. Сазгер, орындаушы, ақын Тыныштық Шаменовтың ән кеші ойдағыдай жақсы өтті. Тамаша әндері шырқалды. Біз бұрын естімеген. Шығармашылық адамның кейде бала секілді қуанып, өз дүниесіне өзі насаттанып, шалқып, толқып кететін тұстары болады. Тәкең дәл сондай күйде еді. Көрермен көпшілік Тыныштыққа, ал, ол кісі маған разы.
Сол кеште сегіз қырлы азамат Мәден де өнер көрсетті. Туған бауы-
рындай еркелейді. Еркін. Расында Тәкең сол азаматтың өнерін бағалап, қанатының астына алды. Қасына ертті. Екеуі Көкшенің көп жерлерін аралап, өнер көрсетті. Қызықтары да қырғын. Соның бірі есімде қалыпты. Апталап-айлап ел аралап, концерт қойып, ауыл қазағын қарық қылып жүрген Тәкең мен Мәкең кезекті бір гастрольдарынан аман-сау оралып, артынып-тартынып «Донскойға» (Аңғал батыр ауылы) тартады ғой. Мәденнің үйіне. Тәтті-тәбіз, ұн-шайларымен. Барса Мәденнің отбасы жоқ. Сөйтсе көрші ауылға көшіп кетіпті. Оған сасатын Мәден бе, айлын да жимапты…
Сөйткен Мәден де өмірден өтті. Қайран, асыл азаматтар-ай! Қазір сондай мәрт, ер көңіл, аңғал, түз тағысындай жортатын жігіттер жоқ-ау…
Сазгер ретінде Тыныштық аға әннің сөзіне қатты мән беретін еді. Бір күні менің «Жарқ еткен сәуле» деген өлеңімді ұнатып, ат-түйедей қалап әкетті. Ән шығарамын деп. Екі-үш күн өткен соң мені шақырды. Жанат Қасымовтың қазақ лицейіне. Тәкең сонда жұмыс істейді екен.– Сөзің қатты ұнап еді, міне, әні де тез шықты, – деп қуанып отыр екен. Домбырасын ала салып, басын бір сілкіп тастап, өзінің нақышымен айтып шықты. Сөз бен әуен қабысқан. Жалт еткен жарық сәуленің мәнін, маңызын, іңкәрлік дүниесін, адамның сезім күйін, жан тебіренісін одан әрі айшықтап, діріл үннің үндестігімен орап әкеткен екен. Ән тамаша! Әттең, сол әннің жолы болмады. Орындалмады. Кейініректе нотасымен әкеп беремін деп жүрді. Әлде маған әкелді. Анық есімде жоқ. Шығармашылықтағы салғырттық қазаққа тән құбылыс. Оның үстіне уақыт та қарбалас дегендейін…
Сол ән табылып қалар деп ойлаймын. Тыныштық аға екеуіміздің жолдастық, сырластық, ағалық-інілік қарым-қатынасымыздың әдемі бір белгісі еді ғой…
Жатқан жеріңіз жарық болсын, жақсы аға!
Ерболат БАЯТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-жазушы.

Өнердегі алғашқы ұстазым еді…

Сал-серілердің салып кеткен сара жолын ұрпаққа аманаттап, Көкше өңірінің өнеріне өзіндік өрнек қалдырған ақын, композитор Тыныштық Шаменов менің ұстазым. Әрине, адам баласына ақындық анасының құрсағында жатқан кезінде даритын қасиет. Бірақ, кез-келген жүйріктің бәйгеге қосатын бапкері болатыны анық. Ендеше, бойымнан осы қасиетті байқап, дұрыс бағыт сілтеп, батасын берген өнердегі алғашқы ұстазым деп танитын Тыныштық ағамыздың шарапатына талай жас өнерпаздар ие болып еді.

Талай адамның табалдырығын тоздырып, Айсары ауылында қос қабаттан тұратын өнер мектебін ашып еді. Мұндай мектеп әлі күнге дейін облыс орталықтарында да көрінбейді. Ашылу салтанатына облыс басшылығынан бөлек Ақын-жыршылар одағының Тұңғыш президенті, халық ақыны Көкен Шәкеев ақсақалдың келіп, Құлагердей болсам деген құлындарға ақ батасын беріп кеткені естен кетпес әдемі естелікке айналды. Бұл мектепте ақындықпен қатар, сурет салу, мүсіндеу, ән айту, күйшілік шеберлікті шыңдайтын сыныптар жемісті қызмет атқарды. Талай бұлақтың көзін ашып, яғни, боламын деген баланың жүрегіне үміт ұялатып, талабын шыңдап, са-
уапты істің басында тұрған Тыныштық Шаменов ұрпақ тәрбиесімен айналыса жүріп, ауыр аманатты арқалаумен қатар шығармашылығын да ұмыт қалдырған жоқ.
Ақындық пен композиторлықты қатар ұстап жүрген адамдардың қатары аз болар. Солардың ішінде Тыныштық ағамыздың орыны бөлек, шоқтығы биік. Әндерінің ырғағы мен иірімдері еріксіз еліктіріп, жаныңды баурап алады. Абай айтқан құлақтан кіріп, бойды алатын әсем әндер осындай болар бәлкім. Саны көп, сапасы жоқ ән жазып жүрген бүгінгінің сазгерлері үшін үлгі болары сөзсіз.
Дүниеден өзі өткенімен сөзі қалып, әндері елдің есінде сақталса ақынның еңбегінің еш кетпегені. Өнегеге толы өмір сүріп, ғибратқа толы ғұмыр кешкен ағамыздың жатқан жері жарық болсын!
Арман
БЕРДАЛИН, ақын.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар