Ел болу үшін халық бірлігі аса қажет

Шынында осы күнді, осы жаңалықтарды қоғам күткен еді. Соңғы геосаяси оқиғалар да біздің елімізге әсерін тигізіп жатқаны анық. Президенттің бүгінгі Парламент отырысындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауы еліміздің мемлекет тарихындағы ерекше оқиға болды дей аламыз.

Ең алдымен, бұл Жолдау әлемде үлкен ауқымды саяси өзгерістер кезеңінде, қанды қаңтардағы халық толқынысынан кейін жарияланып отырғандығымен де ерекшеленеді. Президент өз сөзінде осы оқиғаға әділ баға берілуі керек деген тұжырым жасады.

Ең бір ұтымды тұстары саяси реформаларға қатысты жақтары екендігі даусыз. Атап айтқанда, Конституциялық мәндегі реформалар: Конституциялық сотты және  сайлаудың 30 пайыз мажоритарлық түрін енгізіп, оның гибридттік формасына көшу, партияларды тіркеу шартының нормасын 5000 мыңға түсіру, билікті орталықсыздандыру, Президенттік-парламенттік басқару жүйесіне жақындату, жергілікті мәслихаттың өкілдіктерін кеңейту, аумақтық құрылым реформалары халық көңілінен шыққан өзгерістер болып табылады.

Сонымен бірге, елді басқару ісін жаңғыртуға арналған  – Ұлттық құрылтай шақыру сияқты ұсыныстар да құптарлық деп санаймыз. Сондай-ақ, трайбализм мен жершілдікті қоздыратын архаизмнен аулақ болу жағы да айтылды.

Декларцияланған реформаларды іске асыру үшін оған төменнен де, бюрократия тарапынан да шынайы қолдау керек. Президент осыған дейін көптеген бастамалардың жүзеге аспай келгенінің себебі, оған қарсы күштердің қарсылығы болғандығын ашып айтты. Геосаяси жағдай айналамызда ушығып тұрғанда ұлт, халық бірлігі аса қажет екендігіне басты назар аударылды.

Өткенде ғана Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровпен кездескен кезімізде осы сайлау жүйесі туралы ұсыныстарымызды айтқан болатынбыз. Енді шын мәнінде ол ұсыныстар іске асатынына көзіміз жетіп отыр. Бұл билік пен халық арасында сындарлы диалог орнады деген сөз.

Президенттің «Мен халқыммен сын сағатында бірге болдым», – деуі түсінетін адамға көп жағдайды аңғартса керек. Ендеше, халық сеніміне ие деген сөз. Тарихи тоғыстағы түбегейлі өзгерістерге кәміл сенуіміз керек.

Марат СЫРЛЫБАЕВ,

Шоқан Уәлиханов атындағы

Көкшетау университетінің ректоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар