Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» тақырыбында Қазақстан халқына арнаған бүгінгі Жолдауы тәуелсіз еліміздің тарихындағы жаңа қадам болып табылатыны сөзсіз.
Бүгін шын мәнінде тарихи күн болды. Мемлекет басшысының бұл Жолдауы еліміздің құрылымдық реформаларын одан әрі жүзеге асыруға бағытталған. Ел Президенті Үкіметке халық алдындағы әлеуметтік міндеттерін орындауды тапсырды. Сонымен қатар, ел экономикасының өсіміне әсер ететін салаларды қолдау керектігін баса айтты. Сондай-ақ, ел көкейінде жүрген қаңтардағы оқиғаларға егжей-тегжейлі тоқталып, мемлекеттік қауіпсіздік пен аумақтық тұтастықтан маңызды ештеңе жоқ екенін атап өтті.
Жолдауда Парламенттің рөлін күшейту мәселесіне тоқталып, осыған орай «Күшті Президент – ықпалды Парламент– есеп беретін Үкімет» қағидасы басшылыққа алынатыны айтылды. Сонымен қатар, Президенттің өз өкілеттіктерін орындау мерзіміне саяси партияға мүшелігін тоқтату міндетін заңнамалық түрде бекіту, Президенттің жақын туыстары үшін квазимемлекеттік сектордағы саяси мемлекеттік қызметшілер мен басшылар лауазымдарына орналасуға заңнамалық тыйым салу айтылды.
Азаматтық қоғам институттарының рөлі күшейеді. Мемлекет басшысының бастамасы бойынша қоғамдық диалогтың жаңа форматы – «Ұлттық Құрылтай» құрылатын болады. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының көптеген дәлелдерінің бірі емес пе?. Сондай-ақ, Президент БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін де арттыруды тапсырды.
Әрине, жаңадан Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының ашылуы туралы жаңалық кім-кімді болсын, тебірентпей қоймады. Менің ойымша, бұл еліміздің экономикалық және аумақтық дамуы үшін ең бір дұрыс шешім.
Мен Мемлекет басшысының барлық бастамалары мен реформаларын толық қолдаймын. Қазірдің өзінде заңдық тұрғыдан қол жеткен жетістіктеріміз осы сөзіміздің айқын дәлелі екені анық. Осы орайда, Жолдауда атап көрсетілген ортақ міндетке өзінің лайықты үлесін қосу әрбір азаматтың абыройлы парызы екендігіне баса назар аударғым келеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, барлығымыз да бірлесе іске кіріссек, еліміз Мәңгілік елге айналары сөзсіз.
Омар ШОНАЗАРОВ,
Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы төрағасының орынбасары,
Ақмола облыстық мәслихатының
депутаты.