Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штаб агроөнеркәсіптік кешен мәселелерін қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
24 наурызда Нұр-Сұлтанда Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті . Отырыс аясында жедел штаб мүшелері ҚР агроөнеркәсіптік кешені (АӨК) саласының бірқатар шұғыл әрі жүйелі мәселелерін талқылады, атап айтсақ: — көктемгі егіс жұмыстарына қосымша қаражат бөлу; — ауыл шаруашылығы өндірісі үшін қажетті тауарлық-материалдық құндылықтарды жеткізу логистикасының негізгі проблемалары.
Отырыста қазіргі сыртқы саяси ахуалдың әлем елдерімен қатар Қазақстанда да ауыл шаруашылығы тауарларының, оның ішінде техниканың, тұқымның, генетикалық материалдың, минералды тыңайтқыштардың және т. б. өнімдердің қымбаттауына түрткі болып отырғаны атап өтілді.
Премьер-Министр Ә. Смайыловтың тапсырмасына сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, минералды тыңайтқыштардың бағасын төмендету бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, 16 наурыздан бастап аммиак селитрасының бағасы тоннасына 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін төмендеді.