«Көкшетау – Қазақстанның 2021 жылғы мәдени астанасы» жобасы аясында «Көкшетау» мәдениет сарайында Кеңес Одағының Батыры, даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллиннің Мәскеу түбінде неміс-фашист басқыншыларымен шайқаста жасаған ерлігіне 80 жыл толуына арналған «Ерлікке тағзым» атты көрме болып өтті.
Көрмеге Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің әскери-тарихи және Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейлерінің қорынан жинақталған жәдігерлер қойылды.
Іс-шараға Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейінің ақпараттық-имидждік жұмыстары бөлімшесінің бастығы Салтанат Ермекқызы, Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қайрат Зекенұлы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты, Аманай Асылбайұлы, М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек және өңірлік бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.
Ашылу салтанатына Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы қатысып, құттықтау сөзінде Нұр-Сұлтан мен Семей қаласынан келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандық жауынгерлердің жанқиярлық ерлігін ұмытпай, өскелең ұрпаққа насихаттау және жас ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу маңыздылығын атап өтті.
Мәлік Ғабдуллин музейінің аға ғылыми қызметкері Аягөз Махметова жиналған қауымды тарихи жәдігерлермен таныстырса, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейінің қызметкері Айнұр Нұрланқызы көрмеге қойылған көне жәдігерлер туралы мол мағлұмат берді.
Көрмені тарих пәнінің мұғалімдері, жоғары оқу орындарының студенттері тамашалап, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы батыр ағаларымыздың қайсар ерліктері туралы мазмұнды мағлұматтар алды.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.