Ақмола облысының аудан орталықтарында қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигондарының құрылысын салу және заңдастыру, сөйтіп, рұқсатсыз пайда болған қоқыс орындарын жою мәселелері тақырыбында жергілікті атқарушы органдардың басшыларының қатысуымен экологиялық форум болып өтті.
Форумға белсене қатысқан«Адалдықалаңы» жобалық кеңсесінің басшысы, белгілі эколог ғалымӘбілжан Құсайыновтың да пікірі осы. Ақмола облысының қалалары мен аудандарының әкімдері, Көкшетау қаласының осы мәселеге қатысы бар мекемелерінің, Ақмола облысы бойынша табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының, Ақмола облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасының өкілдері, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ғалым-зеттеушілері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Бүгінгі күні Ақмола облысында заңдастырылған қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының болмауы түйткілді мәселелердің бірінен саналады. Облыс аумағында130 қоқыс үйіндісі бар. Соның ішінде тек 24 полигонда ғана рұқсат құжаттары бар екені төзгісіз жағдай.
Облыс бойынша жыл сайын өткізілетін санитарлық абаттандыру айлықтарына қарамастан, есепке алынбаған стихиялық қоқыс тастайтын орындар елді мекендердің жанында үнемі пайда болумен келеді. Бұл жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылаудың әлсіздігінен және полигондарда коммуналдық қалдықтарды жинау, тасымалдау, орналастыру бойынша қажетті инфрақұрылымның жоқтығы салдарынан орын алуда.
Бүгінгі күнге өзекті болып отырған экологиялық проблемаларды шешу үшін төмендегідей шараларды қабылдау қажет. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдармен заңда белгіленген тәртіп бойынша барлық қатты тұрмыстыққалдықтар полигондарын ресімдеу жөніндегі жұмысты жандандыру, сондай-ақ, осы полигондарды тиісінше абаттандыру жөніндегі қажетті жұмыстарды жүргізу керек. Оларға қатты жабындысы бар кірме жолдар, торлы қоршаулар, көгалдандыру, қоймалау технологиясын сақтау, түтін мен жануға жол бермеу, ҚТҚ қалдықтарын қайта өңдеу сияқты іс-шараларды жүргізген жөн. Сонымен бірге, қайталама шикізатты қабылдау пункттерін ұлғайтқан ләзім. Оған пластмасса, пластик, полиэтилен және полиэтилентерефталатты қаптамалары, макулатура, картон және қағаз қалдықтары; шыны сынықтарын қабылдау жатады. Бір сөзбен айтқанда, халықты неғұрлым жоғарыда аталған қалдықтарды сұрыптап, тиісті орындарға тапсыруға ынталандыру қажет. Қазір облыс көлемінде мұндай орындар өте аз. Алдағы уақыттарда рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол бермеу үшін жергілікті полиция қызметкерлерімен де бірлесіп жұмыс жүргізу керек.
Форум қорытындысы бойынша экология департаментінің басшылығы қалалар мен аудандардың әкімдеріне келесі сипаттағы ұсыныстар берілді. Біріншіден, аудан әкімдіктері қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыруға арналған полигондар салу жұмысын жандандырулары қажет. Екіншіден, барлық аудан әкімдіктері аудан аумағында орналасқан заңсыз қоқыс үйінділерін жою жұмыстарын сөзбұйдаға салмай, пәрменді атқарулары керек. Сарқынды суларды тазарту кешендерін модернизациялау, салу бойынша жұмыстар да жандандырылуын күтуде. Аудан әкімдіктері өз аумағы шегінде заңсыз карьер орындары мен жер иелерін анықтап, рекультивациялау жұмыстарын жүргізулері тиіс. Аудандар бойынша экологиялық мәселелерді және оны шешу жолдарын көрсете отырып, Жол картасын жасап, оны біздің де департаментпен келісу қажет.Бұл жұмыс мерзімі әрі алғанда 2022 жылдың 15 сәуіріне дейін орындалуы керек.
Күләш РАХЫМОВА,
Ақмола облыстық экология департаментінің бас маманы.