Кешелі-бүгін Көкшетауда күн қабағы ашылғандай. Алдыңғы күндері аяқ астынан алай-дүлей қатты жел соғып, арасында қар жауып, қала ішінде болмаса да, далада боранның барын байқатып тұрған. Расында да солай еді. Облыс аудандарында немесе үстімізден өтетін республикалық жолдарда қиындық көп кезікті. Бірқатар жерде жаяу бұрқасын жол бұрылыстары мен қиылыстарын ұстап қалып, бөгет жасады. 26-27 наурыз күндері өңірдің оңтүстігінде тұман түсіп, көктайғақ болды.
Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өткен аптада сол жолдарда қар құрсауында қалған көліктерден, блок-бекеттерден 300-ге жуық адам жылыту орындарына жеткізілген. Техника таза жерлерге шығарылған.Телеарналардан сол жылыту орындарына жеткізілгендер: «Ешқандай қиындық көрген жоқпыз. Тез арада осында жеткізді. Мұнда жылы, шай-суымызды берді. Қауіп жоқ. Құтқарушылардың қамқорлығына ризамыз» деп, алғыстарын айтып жатты. Осы қауіпсіз жерге әкелінгендердің 80-і бала екенін білгенде, көңіліңді қорқыныш билейді.
Иә, құтқарушылардың алдын ала дайындалғанының, кәсіби тұрғыда белсенді және тиімді қимылдауының арқасында қайғылы оқиға орын алған жоқ. Алайда, құтқарушыларды тұрғындардың таратылған хабарларға, ескертулерге құлақ аспауы, немқұрайлылықтары қатты алаңдатады. Жолдар қайта-қайта жабылып, боран күшейіп, жел басылмай тұрғанда неге жолға шығады? Үлкендер тәуекел етсін дейік, неге өздерімен бірге балаларды алып шығады. Қар құрсағанқауіпті жол үстінде неге 80 бала жүр? Неге сонша жауапсызбыз? Неге сол жауапкершілікті сезінбейміз?
Департамент қызметкерлері жолдардың жабылуы туралы ақпаратты «Дәрмен» қосымшасын жүктеу арқылы немесе 1403 нөмірі арқылы білуге болатынын ескертеді. Әлеуметтік желі, интернет арқылы басқа да дерек көздерінен мәлімет алуға болады. Тек, соған құлық керек. Өзің үшін, өзіңнің отбасың, бала-шағаң үшін…
Айтпағымыз, дәл осы күндері боран басылып, жел саябырсығанымен, жолға шығарда әлгіндей дереккөздердің мәліметіне зер салған жөн. Өйткені, көктемгі ауарайы қашанда алдамшы. Күннің аяқ астынан бүлінуі әбден мүмкін. Енді қар еріп, қызыл судың сарқырай ағуы ықтимал. Қай жолды алады, қай сайды басады, белгісіз. Тіпті, аяқ астынан аяз соғып, боран тұрмасына, қалың тұман түсіп, көктайғақ болмасына кім кепіл. Сондықтан, облыстық төтенше жағдайлардепартаменті таратқан мәліметтерді, ескертулерді әрқашан мұқият тыңдаған жөн. Мәліметтерді әбден саралап, байыптап біліп алып, жолға шығу-шықпауды содан кейін шешу керек. «Сақтансаң-сақтармын» деген бар емес пе?!.
Серік САПАРҰЛЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.