Бір сыныпта оқыған ауғандық майдангерлер

Осыдан 38 жыл бұрын қазіргі Сандықтау ауданына қарасты Победа орта мектебінде білім алып жүрген 16-17 жасар бозбалалар мен бойжеткендер «біздің арамыздан соғыс ардагерлері шығады»  деп ойлады ма екен?! 1983-1984 оқу жылының түлектері алда күтіп тұрған армандарына қол созып, емтихандарын тапсырып, орта білім туралы аттестаттарын қолдарына алуын асыға күтіп, болашақта «кім боламын?», «қандай оқуға түсемін?»  деген сұрақтарға жауап іздеумен болды. Қыздар сүйікті ұстаздары сияқты мұғалім немесе медицина саласында еңбек ететін медбике мамандығын таңдаса, ұлдар ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін механизатор, агроном, механик мамандықтарын таңдап, өз болашақтарын ойлап қойған болатын.

Сонымен қатар, күні ертең ұл балалар Отан алдындағы әскери борышымызды атқарамыз деп әскер қатарына да асық еді. Бұл сол кездегі мектеп қабырғасында өтетін алғашқы әскери дайындық пәнінің де әсері болса керек. Әрі тағы бір айта кететін жай, осы Победа орта мектебінде бұл пәннен дәріс беретін ұстазымыз Ұлы Отан соғысының ардагері, запастағы гвардия аға лейтенанты Әбдіғапар Бижанұлы Мұстафин болатын.

Сонымен, бір күн болмай, осы 1984 жылы оқу бітірген бозбалаларға да Кеңес әскері қатарына аттанар уақыт келіп жетті. 1985 жылғы көктемде сыныптас жігіттер Балтабек Әшірбеков, Қайрат Тәженов және олардан бір жас үлкен Жақсыбай Жақыпов әскерге аттанды.

Бұл кезде 1979 жылғы желтоқсан айында КСРО Қарулы Күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған соғыстың жүріп жатқанына алтыншы жыл еді. Қазақстаннан ауған соғысына 22000 адам қатысты. Осы 22 мың адамның қатарында шағын Победа ауылынан өзімнің сыныптастарым Қайрат Балтабаев, Андрей Глухов, Виктор Мещеряковпен қатар, Балтабек, Жақсыбай мен Қайрат та бар болатын.

Балтабек Әшірбеков 1966 жылғы 2 қараша күні қазіргі Сандықтау ауданы, Хлебное ауылында қарапайым отбасында дүниеге келді. Әкесі Сейілбек ағамыз совхозда жұмысшы, ал, анасы үй шаруасында болды. 1985 жылғы көктемде Балтабек КСРО Қарулы Күштерінің қатарына шақырылды. Қысқа дайындықтан кейін БТР жүргізушісі мамандығын игеріп, әскери міндетін атқару үшін Ауғанстан аумағына аттанды. Ауған жерінде әскери міндетін абыроймен атқарып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бір айта кететін жайт, Балтабектің атасы Әшірбек Оспанұлы атамыз да Ұлы Отан соғысына қатысып, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған ардагер. Әскер қатарынан оралған соң Балтабек Қарағанды дене шынықтыру техникумын бітіріп, өзі оқыған Победа орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Мектепте жұмыс істей жүріп, балаларды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында «Жалын» әскери-патриоттық клубын құрды. Оған қатысатын 9-10 сынып оқушыларын жекпе-жек, пневматикалық мылтықтан оқ ату тәсілдеріне үйретті. Тоқсаныншы жылдардың соңында отбасын құрып, Атбасар қаласына қоныс аударды. Атбасар локомотив депосына жұмысқа орналасқан Балтабек еңбекте абыройлы болып, талай марапаттарға ие болды. Өкінішке орай, бұл өмірден ерте кетті. Небары 50 жыл ғана өмір сүрген асыл азаматтың артында қалған ұрпақтары осы күні әкелерінің ісін лайықты жалғастырып жүр. Ұлы Нұрислам Щучинск педагогикалық колледжін бітіріп, дене шынықтыру пәнінен дәріс беруде. Қызы Диана да өз мамандығы бойынша еңбек етіп жүр.

Осы Балтабек бауырымның сыныптасы Қайрат Таженов қазіргі Сандықтау ауданына қарасты Барақкөл ауылында 1967 жылғы 18 қаңтар күні дүниеге келді. 1984 жылы Победа орта мектебін бітірген Қайрат әскери комиссариат арқылы ДОСААФ ұйымында оқып, әскери жүргізуші мамандығын игерді. 1985 жылы 18 сәуір күні Балкашин аудандық әскери комиссариатымен КСРО Қарулы Күштері қатарына шақырылды. 1985 жылғы тамыз айынан бастап Ауғанстан жеріне аттанды. Бірнеше рет әскери операцияларға қатысқан. Соңғы ұрыста Руху елді мекеніне жүк машиналарының колоннасын енгізу кезінде жау жолды жауып тастайды. Колонна дұшмандардың торауылына тап болып, майор Колокольцев отырған Қайраттың БТР-ы ұрыс жүріп жатқан жерге көмек көрсету үшін жетуге тырысып, басқарылатын фугаста жарылды. Командир екі аяғынан айырылып, сол жерде көз жұмды, ал, Қайрат бірнеше жерінен жараланып, Баграмдағы госпитальға эвакуацияланды. Алайда, алған жарақаттарының салдарынан 1987 жылы 11 наурыз күні көз жұмды. Ол кезде небары 20 жасар жігіт болатын. Көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін қайтыс болғаннан кейін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Тағы бір айта кетер жайт, Қайраттың туған ағасы Совет Тәженов та ауған соғысына қатысып, көптеген медальдарды иеленген азамат. Соңғы жылдары Атбасар қаласындағы №8 орта мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беріп, оқушыларға патриоттық тәрбие мен дене тәрбиесін берудің үлгісін көрсете білді.

Үшінші кейіпкеріміз Жақсыбай Жақыпов та 1966 жылы Сандықтау ауданының «Победа» совхозында дүниеге келді. Әкесі Жаналы Жақыпов ақсақал Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер. Жақсыбай осы шаруашылықтың Ащылы ауылындағы Победа сегізжылдық мектебін  бітірген. 1981 жылы Атбасар ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, оны 1985 жылы аяқтап шықты. Оқу бітірісімен 1985 жылғы көктемде КСРО Қарулы Күштері қатарына шақырылып, сол кездегі көптеген жастар сияқты, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып кетті. Бірақ, 19 жасар бозбала майдан даласына тап боларын білген жоқ. 1985 жылдың күзінде ауған еліндегі Чарикар елді мекеніндегі Кеңес әскерлерінің қатарына қосылып, сол жерде 1987 жылға дейін интернационалдық борышын өтеп, аман-есен туған жерге оралды. Елге келген соң ауыл өміріне ат салысып, отбасын құрды. Жан жолдасы Нұржамал осы «Победа» совхозының тумасы, жергілікті мектепте мұғалім болып еңбек етті. Туған ауылында бірер жыл тұрған жас отбасы Қарағанды қаласына көшіп, екеуі де сонда еңбек етті. Жақсыбай Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орнын аяқтап, облысы орталығындағы мекемелердің бірінде абыройлы жұмыс атқарды. Өкінішке орай, ол да бұл өмірден жастай кетті. Бірақ, оның ісін Темірлан, Кәкен, Шотан сияқты ұлдары жалғастырып, Нұржамалдай асыл жары шаңырағына ие болып отыр.

Өтер жылдар, айлар тағы алыстар,

Тағдыр талай тауқыметін табыстар.

Өздеріңді жырлап өтер ұрпағың,

Ауғандағы азап шеккен арыстар! –

деп ақын жырлағандай, өмір тоқтамайды, ерлік өшпейді, заманнан замандарға жалғаса береді. Сонау ауған жерінде қару асынып, мұң арқалаған, сын сағаттарда бірін-бірі бауыр дескен азаматтар бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Ал, біразы жоғарыда айтқанымыздай, бұл күнде өмірде жоқ.

Осылай шағын ғана ауылда, бір сыныпта қатар оқыған майдангерлер туралы әңгімемді аяқтай келе, арттарында қалған ұрпақтарына тек ғана қуаныш пен бақыт тілеймін, аспанымызды соғыс жалыны шарпымай, жас ұрпақ бейбіт заманда алаңсыз өмір сүрсін дегім келеді.

Бауыржан Тұрарұлы.

Атбасар қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар