Ұлғайтылып, кеңейтілудің орнына мал жайылымы неге тарылады?!.

Абызды іздеп барып ақыл алған,

Дананың ел бастауға хақы болған.

Ешкімнің атасының бұл далада,

Жері жоқ сататындай, сатып алған, – деп ақын жырлағандай,  «жер дауы, жесір дауы» қазақтың ең жанды жеріне тиетін мәселелердің бірі. «Жер шетелдіктерге де, жалға да берілмесін» деген талап пен толқулар әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Халық қанша айтып билікке талап қойса да жердің көп бөлігі латифундистердің қолында кеткені жасырын емес. Халықтың қамын емес, қалтасының қампаюын ойлаған пысықайлар ебін тауып, елді- мекендердің маңындағы алуға жарайтын жердің бәрін ешкімге жария қылмастан үндемей жүріп-ақ заңдастырып алып жатыр. Осындай пысықтар туралы  хакім Абай «іші залым» деген анықтама берген. Осы жерде тоқтала кететін бір мәселе осындайларға жоғарыдан қолдау көрсетіп отырған «көкелерді» де жауапқа тарту тетіктері қарастырылса және елдің маңайындағы жерлерді жалға бермес бұрын тұрғындардың пікірлері де ескерілгені дұрыс болған болар еді. Жер мәселесіне байланысты ауыл әкімдерінің айтарлықтай рөл атқара алмай отырғаны жасырын емес, егерде халқына жаны ашитын әкімдер болса, жерді жекеменшікке не жалға бергізбес бұрын мәселені сол жердің иесі болып отырған халықпен ақылдасып барып шешкен жөн болар еді. Өйткені, ауылға бара қалсаң, мал жаятын жердің тарылып бара жатқанын айтып налыған халық күнін көріп отырған қолындағы азғана малының азығын қалай тауып беріп асырарын білмей, дал болып отыр. Шөптің бағасы аспандап, бір тіркеменің құны қырық мыңнан елу мыңға дейін жеткен. Оның өзі жеткіліксіз, былтыр қыстан малын қалай алып шығарына алаңдаған жұрт жапа-тармағай бұзауларын алыпсатарларға өткізді. Кейбір пысықайлар «бармақ басты, көз қыстымен» дәл ауылдың іргесіндегі мал жаятын жерді алып алған. Ауылға таяу жеті шақырымға дейінгі жер мал жайылымы болу керек дегенге бір өздерінің ғана бас пайдасын ойлаған пысықайлар пысқыратын емес. Жайылатын жер тапшылығынан тақыр жерді жылқы, қара мал, қой да шиырлағаннан кейін сиырлардың сүті азайып, мал қысқа қарай қоң жинай алмай қораға көтеремнің аз ақ алдында кірді. Мұны бір деңіз. Екіншіден күзгі жиын-терім аяқталған соң ауылдың іргесіндегі алқаптағы қалдықты жеген малдар өлім-жітімге ұшырайды, оған жауап беріп, құнын төлеп жатқан ешкім жоқ. Қолындағы азғантай малымен бала шағасының нәпақасын айырып отырған ауылдықтардың көңілі алаң. Бұлай қыспаққа түсе берсе  ел іргесі сөгіле бастауы бек мүмкін ғой. Ертеде Қашаған жырау «Не жетім»  деген толғауында

…Айтылмаған сөз жетім,

Қатары жоқ қарт жетім.

Аққуы жоқ көл жетім,

Иесі жоқ жер жетім… деп жырлағандай елдің іргесіндегі өз жерлеріне сөзі өтпей отырған ел жетім дейміз бе?! Дейміз-ау. Заман ағымымен мал жайылымы мен шабындығы тарылған сайын ауылдың тынысы тарылып барады, ауылмен бірге қазақтың тынысы тарылып барады.

Сондықтан күнкөрісі төрт түлік малға қарап отырған ауылдағы қаймана қазақты қымбатшылық пен індет бір жағынан қысып бара жатса, екінші жағынан жерін алып, қыспақта қалдырып отырған латифундист пысықайларға елдің жанайқайын төрт шумақ өлеңмен түйіндегім келеді.

Тыңдасаңдар  сендерге айтарым бар,

Неге елдің ырысын шайқадыңдар.

Мал емес пе ауылдың тіршілігі,

Жайылымын малымның қайтарыңдар.

Өрісін төрт түліктің тарылдыру,

Бұл дегенің ауылдың малын қыру.

Күнкөрісі малына байланған соң,

Малын қыру – қазақтың жанын қыру.

Бұл жағдай ауыртады елдің жанын,

Жоқтайды жайылымын, бел, қырларын.

Неге ғана  ауылдың маңындағы,

Түгел жыртып тастады жердің бәрін.

Жыртқанда ауылдардың Жер анасын,

Қайғыға батырдыңдар ел арасын.

Сүйегін сырқыратып қорымдағы,

Тынышын әруақтардың неге аласың?!

Сендерге наз айтайын басқа қандай,

(Секілді сөз ұқпайтын қасқа маңдай).

Жерді сатып алғандар, жермен бірге,

Жүрегін елдің жыртып тастағандай.

Амантай Бейсекеев,

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар