Әрдайым дәстүрді сақтай отырып, жаңаға ұмтыламыз

Ә.Н. Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтына – 65 жыл

2022 жыл Ә.Н. Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты (ҒЗИ) ұжымы үшін маңызды жыл және бұл кездейсоқ емес. Өйткені, ағымдағы жылға бірқатар ауқымды жобаларды іске асыру жоспарланғаннан басқа, біздің институттың  құрылғанына 65 жыл толып отыр. Сондықтан да, осындай айтулы күн қарсаңында институт тарихына жүгініп, оның неден басталғанын еске түсіргім келеді. Біздің ұжым бұрынғы ізашарларымыздың даңқты дәстүрлерін сақтай отырып, жаңғыртуға және жаңа жетістіктерге ұмтылып отырған қазіргі заманға сай ұжым екенін айтуға тиіспін.

Қазақ орман шаруашылығы ҒЗИ-ының қалыптасуы мен дамуындағы есептеу нүктесі 1957 жыл болып табылады, ол Қазақ КСР Ғылым академиясының ботаника институтының орман шаруашылығы тәжірибелік станциясы мен орман бөлімі базасында ұйымдастырылған. Ол кезде институт ЛАБАШҒА Қазақ филиалына бағынды және Алматы қаласында орналасты. 1959 жылы оны Щучинск қаласына көшіру туралы шешім қабылданды, бұл – мекемені негізгі зерттеу объектілеріне жақындатуға мүмкіндік берді. Дәл сол сәттен бастап ҒЗИ еліміздің ең көркем аймағының бірінде орналасқан және осы уақытқа дейін Қазақстан ормандарын сақтау және көбейту жөніндегі өзінің маңызды миссиясын жалғастыруда. Осы кезеңде Қазақстанның әртүрлі табиғи аймақтарында ғылыми зерттеулерді орындау үшін орман тәжірибелік станциялары желісін құру бойынша маңызды жұмыс басталды, олардың үшеуі қазіргі уақытта еліміздің Алматы, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарындағы ҒЗИ филиалдары ретінде жұмыс істейді.

65 жыл ішінде орман шаруашылығы институты бірқатар қайта құрулар мен өзгертулерден өтті. Мысалы, 1989-1992 жылдары ҚазОШАҒЗИ базасында «Орман» ғылыми-өндірістік бірлестігі ұйымдастырылды, 2002-2007 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің«Орман шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» жұмыс істеді, 2007 жылы кәсіпорын «ҚазАгроИнновация» АҚ құрамына кірді. 2015 жылы «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ-ына, қазіргі уақытта ҚАТУ КЕАҚ еншілес ұйымы ретінде осықұрамға енді. 2020 жылдың мамыр айында институтқа Алаш көсемі, белгілі ғалым, қоғам қайраткері, журналист, этнограф Әлихан Бөкейханның есімі берілді. Бұл біздің мекемеміздің дамуындағы жаңа кезең болды.

Жалпы алғанда, 65 жыл ішінде Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ҒЗИ (ҚазОШАҒЗИ) ғылыми және кадрлық әлеуетті айтарлықтай арттыра отырып, ауқымды қалыптасу және реформалау жолын жүріп өтті.Әрбір сәтті жобаның, ҒЗИ-дың әрбір жаңа жетістіктерінің артында, өз өмірлерін орман ғылымымен байланыстырған, сүйікті ісіне берілген адамдар тұрғаны сөзсіз. Сондықтан да, ҚазОШАҒЗИ-дың қалыптасу тарихына көз жүгірте отырып, оның кімдерден басталғанын еске түсірмеуіме болмайды.Щучинск қаласына көшкеннен кейінгі алғашқы директор, «Қазақ КСР еңбек сіңірген орманшысы» атағының иегері, Құрмет Белгісі (1945 ж.), Еңбек Қызыл Ту (1966 ж.), Октябрь Революциясы (1971 ж.) ордендерімен, 11 медальменмарапатталған, оның 5-еуін Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін ьалған Сергей Николаевич Успенский, оның ғылым бойынша бірінші орынбасарлары Владимир Михайлович Савич және Владимир Алексеевич Богдановкәсіпорынның дамуына және жалпы орман ғылымына маңызды үлес қосты.

Орман шаруашылығы өндірісінің маңызды бағытының негізін қалаушы және ұзақ уақыт бойы жетекші ғалым болған Альберт Александрович Макаренко ҚазОШАҒЗИ-да басшы лауазымдарда жұмыс істеді: ғылыми хатшы, директордың ғылым жөніндегі орынбасары, институттың, сондай-ақ оның базасында құрылған «Орман» ҒӨБ-інің директоры болды. Оның кәсіби және ұйымдастырушылық қасиеттерікәсіпорын қызметінің жоғары нәтижелерін қамтамасыз етті.

ҒЗИ-дың ұзақ жылдар бойы республиканың орман қорғау саласындағы жетекші ғалымдарының бірі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Болат Мәжитұлы Мұқанов басқарды.

Институттың дамуына Константин Николаевич Пашковский, Игорь Александрович Лагов, Павел Сергеевич Чабан, Анатолий Петрович Юновидов, Александр Петрович Романов, Владимир Николаевич Бирюков, Юсуп Омарович Чимиров, Мерген Зәкірияұлы Мусин; Георгий Лаврович Дворецкий, Владимир Евгеньевич Смирнов, Валентин Андреевич Сидоров, Анатолий Иванович Гвоздиков, Галина Сергеевна Бозрикова, Владимир Иванович Мосин, Анатолий Матвеевич Данченко; Владимир Васильевич Бозриков; Михаил Григорьевич Соколов, Евгений Иванович Халиман, Владимир Семенович Каверин, Владимир Андреевич Архипов сияқты және тағы басқа ғалымдардың қосқан маңызды үлесін атап өткен жөн.

Бір мақала аясында есімдерін толық тізімдеу мүмкін емес ғалымдардың әрқайсысы алынған білім мен тәжірибенің сабақтастығы мен сақталуын қамтамасыз ете отырып, орман ғылымының дамуына өз үлесін қосты. Ең бастысы, бұл байланыстырушы жіп біздің ұжымда үзілмейді, бүгінде оны 30 жылдан астам уақытын ҚазОШАҒЗИ жұмысына арнаған әріптестері жалғастыруда. Олардың қатарында бас ғылыми хатшы Тамара Николаевна Стихарева, жетекші ғылыми қызметкер Надежда Константиновна Чеботько, ормандарды молықтыру және орман өсіру бөлімінің меңгерушісі Светлана Анатольевна Кабанова, инженер Эвелина Васильевна Обезинская бар. Олар отандық орман ғылымының игілігі үшін еңбек етіп қана қоймай, жас әріптестерімен тәжірибесі және білімімен бөліседі.

Шын мәнісінде, қазіргі кезеңде ҒЗИ ғалымдарының ұжымы маңызды міндеттерді шешуде. Міне, осыған толығырақ тоқталып өткім келеді. 2021 жылы біз «Қазақстанның аймақтары бойынша орман экожүйелерінің тұрақтылығын сақтау және арттырудың ғылыми негіздерін әзірлеу»ғылыми-техникалық бағдарламасын орындауға кірістік. Осы бағдарламаны іске асыру Кенді Алтайдағы өзен ағысының гидрологиялық теңгерімі мен табиғи режимін қалпына келтіруге; Жайық өзенінің тоғайлы ормандары мен жайылма ормандарының экожүйелерін сақтауға; Нұр-Сұлтан қаласының айналасындағы орман екпелерінің эстетикалық және рекреациялық қасиеттерін жақсартуға, іс-шараларға жұмсалатын шығындарды азайтуға; өсімдіктердің сирек кездесетін және шаруашылыққұнды түрлерінің биологиялық әртүрлілігін сақтауға; техниканы тиімді пайдалану есебінен орман шаруашылығы жұмыстарын орындау кезінде еңбек және материалдық шығындарды азайту жөніндегі шараларды іске асыруға ықпал етеді.

Біздің қызметкерлер Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы көне тораңғы ормандарын, сирек кездесетін түр ретінде шегіршін жапырақты тасжаңғақты сақтау тәсілдері, дәрілік шөптерді өсіру технологияларын әзірлеуге бағытталған зерттеулермен жұмыс істеуде.Сондай-ақ, ҒЗИ жетекші ғалымдары орман шаруашылығы мамандарының біліктілігін арттыру жұмыстарына қатысады. Тек 2021 жылы 96 адам біліктілігін арттырды. Жоспар бойынша 50 адам болса, оны 2 есе өсіруге қол жеткізілді. БҰҰДБ-мен «Оқыту бағдарламаларын әзірлеу және енгізу негізінде Қазақстанның мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелері қызметкерлерінің әлеуетін арттыру бойынша жұмыстар жүргізу» келісім-шарты бойынша қызметтерді орындау шеңберінде орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері қызметкерлері үшін біліктілікті арттыру курстарының бағдарламасы әзірленді.

2021 жылы институттың таяудағы бес жылға арналған заманауи даму бағдарламасы бекітілді, ол ғылым мен білімді интеграциялауға, ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға,кадрлық әлеуетті,инфрақұрылымды дамытуға, ғылыми-эксперименттік базаны кеңейтуге, жоғары рейтингті ғылыми басылымдарда жариялану белсенділігін арттыруға бағытталған.

Сондай-ақ, 2021 жылы бағдарламалық-нысаналы және гранттық қаржыландыру шеңберінде бөлінген қаражат көлемі ұлғайғанын атап өткім келеді. Атап айтқанда, 2020 жылмен салыстырғанда бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша іс жүзінде үш есеге, ҚР БҒМ гранттары бойынша 2,5 есеге өсу байқалады. Бюджеттік қаржыландырудан басқа, институт Халықаралық жобалар мен бюджеттен тыс көздер аясында кірістерге қол жеткізе алды. Мәселен, бюджеттен тыс қызметті тарту үшін Қазақстанның мұнай, металлургия, тау-кен байыту кәсіпорындары үшін жасыл аймақтар құру жобаларын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Олардың арасында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ, «Теңізшевройл» ЖШС, Солтүстік Каспий операциялық компаниясы (NCOC), «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС сияқты ірі өндіріс орындары бар.

Кадрлық әлеуетті сапалы жақсарту біз шешетін маңызды міндет болып қала береді. Қазіргі уақытта ғылыми дәрежесі бар (ғылым докторы, ғылым кандидаты, PhD) ғылыми қызметкерлер саны 12 адамды құрайды. ҒЗИ мамандары магистратурада (2 қызметкер) және аспирантурада (1 қызметкер) оқып жатыр, шетелдік тағылымдамалардан өтуде (4 қызметкер).

Сондай-ақ, мақалаларымызды жоғары рейтингті ғылыми басылымдарда жариялау белсенділігінің артқанын атап өткім келеді. 2021 жылы ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарда 5 жарияланым және Web of Science немесе Scopus базаларында индекстелетін басылымдарда 8 жарияланым жарияланды. Шетелдік ғылыми басылымдардағы жарияланымдар рейтингі бойынша олар мынадай үлгіде орналастырылған: бірінші квартильде – 3 мақала, екінші квартильде – 1 мақала, үшінші квартильде – 2 мақала, төртінші квартильде – 2 мақала, бұл ғылыми зерттеулердің жоғары деңгейін және біздің ғалымдарымыздың зерттеу нәтижелерінің әлемдік деңгейде танылуын көрсетеді.

Бізбен жас ғалымдарды қолдау мақсатында магистратурада немесе докторантурада оқу кезеңінде жұмыс орнын сақтау; гранттық қаржыландыру қаражаты есебінен ақы төлеу; шарттық ҒЗЖ қаражаты есебінен қосымша ақы төлеу; С. Сейфуллин атындағы ҚАТУ-де мақсатты даярлау сияқты шаралар қабылданып жатыр.Сондай-ақ, кәсіподақ жұмысы арқылы қызметкерлерімізге тек қолдау мен көмек қана емес, сонымен қатар, демалу, сауықтыру және тағы басқа жағдайларды қамтамасыз етуге тырысамыз.

Тәжірибе көрсеткеніндей, бұл жұмыс өзінің маңызды нәтижелерін береді. Өткен жылдың қорытындысына көз жүгіртсек, солардың қатарында біздің әріптесіміз Данияр Досманбетовтың философия докторы (PhD) дәрежесіне іздену диссертациясының табысты қорғалуын, ғалым орманпатолог, «Орман ресурстары және орман өсіру» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) Екатерина Вибенің «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының финалистерінің қатарына енген жетістіктерін атап өтуге болады, ол Қазақстан орманшыларының жүргізіп жатқан жұмыстары туралы ең биік мінбеден айтып берді.

ҒЗИ-да негізгі қызметтен басқа, қажетті жабдықтарды, ғимараттар мен үй-жайларды жаңғырту жұмыстары да жүзеге асырылуда. Осылайша, қазіргі уақытта бас кеңсе ғимаратының жалпы ауданы 907,3 шаршы метр болатын 3-ші қабатында жөндеу жүргізілді және осындай жұмыс іс жүзінде 2-ші қабатта аяқталды, қазіргі заманғы аспаптар – бу залалсыздандырғышын, электрондық таразыларды, ПТР бокстарды сатып ала отырып, биотехнология зертханасын жаңғырту жүргізілді.

Дендросаябақты жоспарлы күтіп-баптау, құндылығы төмен екпелерді қайта құру, топтамаларды толықтыру бөлігінде қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Дүниежүзілік банкке жалпы сомасы 192 миллион теңге қаржыландыруға өтінім берілді. Оған әзірленген маршруттар бойынша соқпақтар желісін жайластыру және оны жарықтандыру жөніндегі жұмыстар жүргізу көзделуде.

Тұтастай алғанда, біздің ҒЗИ-дың мерейтойлық жылы ғалымдардың, зерттеушілердің, мамандардың бірнеше ұрпағын біріктірген, үлкен өзгерістер кезеңі болды. Оларға тоқтала отырып, мен тәжірибелік-эксперименттік ғылыми тәлімбақтың құрылуын, әр түрлі екпелерде қолдануға анағұрлым төзімді сирек кездесетін және экзотикалық өсімдіктерді сынау, зерттеу және таңдау орны болып табылатын біздің бірегей дендросаябақты қайта құруды да атап өткім келеді.Сондай-ақ, біз ағаш екпелерінің зиянкестері мен ауруларымен күресудің биологиялық әдістерін әзірлеуге, ауылшаруашылығы жерлерінің топырақтық зерттеулерін жүргізуге, докторанттардың, магистранттардың, университеттер мен колледж студенттерінің тәжірибеден өтуіне негіз болатын зертханалық корпусты қайта құру және модернизациялауды қолға алып жатырмыз.

Біздің мамандар Арал теңізінің құрғаған табанын мелиорациялау, жобалау-іздестіру қызметін, басталған жобаларды, оның ішінде халықаралық жобаларды іске асыру, жаңаларын дайындау жұмыстарын жалғастыруда.

Бүгінгі күні, көп жылдар ішінде атқарылған жұмыстарды қорытындылап, келешекке арналған жоспарлармен бөлісе отырып, мен өз еңбегін, білімін, тәжірибесінӘ.Н.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтына арнаған және арнап жүрген әрбір адамға шын жүректен алғысымды білдіремін. Әріптестерімді институтымыздың негізі қаланғанына 65 жыл толған маңызды күнмен шын жүректен құттықтаймын, ортақ ісіміздің игілігі үшін жаңа табыстар мен жетістіктер тілеймін.

Әлімжан РАҚЫМЖАНОВ,

Ә.Н. Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтының Басқарматөрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар