Салиқалы сараптамалар және әркімнің еркін ойы болуы керек

Көкшетауда экономикалық зерттеу институтының  мамандары жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік емес мекемелердің өкілдерінің және оқу орындары студенттерінің қатысуымен семинар өткізді.

Онда «Экономикалық зерттеу институты» акционерлік қоғамы директорының орынбасары Е. Кәрімов баяндама жасады. Ерлан Сағатбекұлы экрандағы түрлі сайттар, графиктер мен роликтерге сүйене отырып, әлемдік экономиканың бүгінгі даму барысы, әртүрлі сарапшылардың экономика, сауда, экология, тағы басқа тақырыптардағы болжамдарын алға тартып, семинарға қатысушылардың осы мәселелер бойынша пікірлерін тыңдады. Таратылған сауалнамалар да қатысушылар пайымдарын байқауға жол ашты.

Көкірегі ояу, көзі ашық, интернет арқылы барлық ғылыми тұжырымдардан хабардар қатысушылар өздерінің ой-түйіндерін айтып, ол пікірлерінің қалыптасу себептерін дәлелдеуге тырысты. Баяндамашыға көптеген сұрақтар қойылды. Көкшетаулықтарды әсіресе, қалада  ауыз судың тапшылығы, қоршаған ортаның ластануы, жер қойнауынан қазба байлықтарды алу барысында  қауіпсіздік талаптарының орындалмауы, алынатын қиыршық тастар, топырақтар құрамының зерттелмеуі, өзен-көлдер суының, көлдердегі балықтың азаюы алаңдатады екен. Студент-жастар проблемалық мәселелерді көтеріп қана қойған жоқ, оларды шешу жөніндегі өз ойларын, ізденістерін де жеткізді.

Экономикалық зерттеу институтының жетекші маманы Мадина Нұржанова жүргізген «Миссия 2030» деп аталатын іскерлік ойынында алға тартылған сұрақтар көп болды. Ол сұрақтар әркімді тек ілгерідегі емес, осы күндері туындап отырған әлемдік проблемаларға назар аудартып, әрбір азаматтың ертеңгі күн алдындағы жауапкершілігін арттыра түсуге бастайды. Семинар жұмысына ересектермен қатар  көкшетаулық студент-жастардың белсене қатысуы әрі олардың өздерінің орнықты да батыл пікірлері бар екендігі қуантты.

                                                                               Серік САПАРҰЛЫ,

                                                                               «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар