Қарғын суға жол бермеу жұмыстары жалғаса түседі

Өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн режимінде өткен брифингте Астрахан ауданының әкімі Нұрлан Сейілов осылай деп мәлімдеді.

–Біздің өңірде әлі далада қар көп. Басы ери бастады. Егер күн қатты жылынар болса, Ягодное, Старый Колутон, Колутон, Зеленое, Новый Колутон, Жаңатұрмыс, Қоскөл, Жалтыр, Оксановка елді мекендерінің  қауіпті аймақта қалу қаупі бар, – деді аудан әкімі.

Қар суына қарсы жұмыс бұл ауданда да жоспарлы түрде жүргізілген. 2020 жылы Старый Колутон ауылы маңайында жол жиегі биіктетіліп, 380 метр жер бекітілген. Астраханка  ауылында су жолына диаметрі 1,5 метрлік құбыр орнатылуы жолды су баспауына себеп болған. Оксановка ауылында су ағар тұсқа қосымша құбырлар орнатылған. 2021 жылы Астраханка ауылында табиғи су жолдары, арықтар аршылып, Зеленое ауылында арықтар кеңейтіліп, тереңдетіліп, Первомай ауылында жол жиектері биіктеліп, бекітілген. Осындай алдын алу шаралары қолға алынған. Олардың тасқын судан қорғануға себеп болары сөзсіз.

Аудан әкімшілігі  қарғын суға қарсы жұмыстарды жеделдету мақсатына жергілікті бюджеттен 2 миллион теңгеге инертті материалдар алған. 31 наурыз бен 1 сәуір аралығында «Көкше Бур» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өзендер үстіндегі мұздың 2000 шаршы метр аумағында мұз жару жұмыстарын жүргізген. Аудан бойынша 87,0 мың шаршы метр аумақтың қары шығарылған. Биыл қар ери бастағаннан бері елді мекендерден 460 текше метр қар суы  сыртқа шығарылған. Барлық су жолдары, құбырлар тазаланған. «Көктем 2022» республикалық командалық-штабтың сынағы кезінде аудандағы барлық инженерлік нысандар, төтенше жағдай орын алған күнде пайдаланылатын техника түрлері түгел тексерілген.

Қар еруі бел алмай тұрып, қауіпті елді мекендерден ауыр науқастарды, аяғы ауыр әйелдерді қауіпсіз жерлерге жеткізу жүзеге асырылмақ. Ондай ауылдарға алдын ала азық-түлік қоры жеткізілуде. Аталған елді мекендер маңайы, басқа да қауіпті жерлер үзідіксіз бақылауға алынбақшы.

–Біз қар шығару, қауіпті жерлерді бекіту, тағы басқа тасқынға қарсы жұмыстарымызды одан әрі, тоқтаусыз жүргізе беретін боламыз, – деді өз сөзінің қорытындысында аудан әкімі.

Серік САПАРҰЛЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар