Қар күрт еріп, қауіп күшінде қалуда

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Манарбек Шапағатов «Ақмола облысындағы су тасқынына қарсы жұмыстар туралы» брифинг өткізіп, бұқаралық  ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Сәуір айының 1 жұлдызынан күн қабағы сынып, жылына бастаған. Оны алдын ала ауа райын бақылаушылар мәліметі арқылы білген құтқарушылар наурыз айының 28 жұлдызынан-ақ, қар суына қарсы қызметке қатысы бар барлық ұжымдарды  «жоғары дайындық» режиміне көшірді. Облыстық шұғыл штаб іске кірісіп, «шұғыл қоңырау»  желісі  ашылды. Термометр +8+11 градусты көрсеткенде тасқынның алғашқы кезеңі көрініс берді. Жоспарлы жүргізілген дайындықтың арқасында әзір ағын су тұрғындарға аса бір қатты қауіп келтірмеуде. Су жиналған жерлерге мотопомпалар іске қосылып, инертті материалдар, құм салынған қаптар жеткізіліп, бақылау жұмыстары үсздіксіз жүргізілуде.

Манарбек Қайыргелдіұлы алдағы уақытта күн +15 градусқа дейін жылуы мүмкін екенін, олай болғанда Целиноград, Аршалы, Астрахан, Атбасар, Сандықтау және Ерейментау аудандары қауіпті аумақ саналатынын айтты. Сондықтан да, тұрғын үйлерді су алмас үшін елді мекендерден қар шығарылып, су өтетін тұрбалар, арықтар тазалануда. Айта кетсек, 800 мың текше метр қар шығарылып, 315 тонна жанар-жағар май қоры дайындалған, 17 мың тонна инертті материалдар, 77 мың құм толтырылған қап дайын. 238 шақырым канал мен арық,  2 632 су өткізу орындары, автокөлік және темір жолдар бойындағы 553 көпір тазаланған.

Азаматтық қорғаныс құрылымдарынан 2598 адам, 1067 арнайы техника, 248 мотопомпалар, 47 жүзу құралдары дайын. Департамент 1 және 4 сәуір аралығында Целиноград және Аршалы ауданына жеке құрамнан 112 адам жіберген. Оның 105-і Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінен болса, 7-еуі Нұр-Сұлтан қалалық департаментінен. Сондай-ақ, 26 техника, 3 моторлы қайық, 25 мотопомпа жеткізілген.

Бүгінгі таңда Степногорск, Қосшы қалаларынан, Целиноград, Аршалы, Астрахан, Шортанды, Ерейментау, Жарқайың аудандарының елді-мекендерінен 203564 мың шаршы метр қар суы қауіпсіз жерлерге айдалған. Қардың жедел еруі салдарынан ауданаралық жолдардың 3 тұсын су алып, Қызылту, Еңбек, Бестоғай ауылдары автожолсыз қалып отыр. Жағдай бақылауға алынған.

11 ауданда, Нұра, Жабай, Есіл, Жыланды, Қалқаман, Қарасу өзендерінің қауіпті саналған тұстарында 22 мың шаршы метр жерге мұздарды жару, бұзу жұмыстары жүргізілген. Ақмола облысының бірқатар өзен-көлдерінің мұз отырып, су мұз бетімен жүруде. Осыған байланысты су арнадан көтерілуде. Өзендер бойындағы мониторниг бойынша белгіленген жерлерге тәулік бойғы, үзіліссіз бақылау постары қойылып, шұғыл шаралар алынған.

Алдағы күндері Ақмола және Павлодар облыстарында күн жылып, қар күрт еріп, қызыл су келіп, өзендер арналарынан шығуы мүмкін деген болжамдар бар. Ол сулардың қауіпсіз  ағу барысы ерекше бақылауда болады.

          Серік Сапарұлы,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар