Бірде Алла елшісі (с.ғ.с.): «Менің ізбасарларыммен мына нәрселер үнемі еріп жүреді: жаман ырымдарға сену, іштарлық пен өзгелер туралы жаман нәрсе ойлау», – дейді.
Сахабалардың бірі: «Егер бұлар біздің біреуіміздің бойымызда болса, онда олардан қалай арыламыз?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): Егер іштарлық жасап қойсаң, Жаратушыдан кешірім сұра, бір адам туралы жаман нәрсе ойласаң, оны растама, ал егер бір нәрседен сескеніп, көңіліңе жақпайтын бір нәрсе көрсең, оған мән берме, алға қарай жүр» – деп жауап береді.
Расында, адам баласы бұл үш күнәнің алдында дәрменсіз. Сондықтан оларды қалай да бойымыздан байқап қалсақ, дереу күресуіміз қажет. Бұл жайлы Қасиетті Құранда былай делінген:
Жаман ырымдарға сену.
«….Ал бастарына жамандық келсе, сол жамандық Мұса мен маңайындағылардың кесірінен болды деп жориды (ырымдайды). Жоқ, олай емес, олардың өздерінше ырымдап, жақсылық немесе жамандық дегендерінің бәрі бір Алланың үкімі һәм жаратуымен болады. Алайда, олардың көпшілігі хақ ілімнен мақұрым болғандықтан мұны білмейді» («Ағраф» сүресі, 131-аят).
Іштарлық пен қызғаныш.
«Әлде олар Алланың шексіз шарапатымен пенделеріне берген нығметтерін қызғана ма?» («Нисә» сүресі, 54-аят).
Өзгелер туралы жаман ойда болу.
«Уа, иман еткендер! Ой атаулының көбінен аулақ болыңдар (яғни, өзге адамдар жайлы, әсіресе, мүмін бауырларың жайлы түрлі (жаман) ойларға беріле беруден аулақ болыңдар)! Өйткені ой атаулының бір парасы (яғни, өзгелер жайлы ойлаған жаман, яки арам ойлар) күнәға жатады! Бір-біріңді аңдымаңдар және біріңді-бірің ғайбаттамаңдар!» («Хужурат» сүресі, 12-аят).
Ендеше, Алла бізді бұл күнәлардан сақтап, әлсіздік танытпауымызға жәрдем етсін деп тілейік.
Дайындаған Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.