Оңай олжа: алаяқтар кәсіпкерлердің аңғалдығын қалай пайдаланады

 Дара кәсіпкерлер мен өзін өзі жұмыспен қамтыған адамдар жиі түрлі «кредиттік делдалдардың» көмегіне жүгініп жатады және де алаяқтарға орташа есеппен қарыз сомасының  10%-ын төлеуге қарсы емес. Бұл IDF Eurasia компаниясының Қазақстанның барлық аймақтарынан 12 мың респонденттердің арасында жүргізген  соңғы зерттеулерінің нәтижесі болды.

 Заңды тұлғалар мен ДК зиянкестер үшін ерекше қызығушылық туғызады, және, көп жағдайда, оның «құрбандары» қаржы алаяқтарының  қолына ақшаны, сондай-ақ маңызды конфиденциалды ақпаратты өздері салып береді. Fingramota.kz-пен бірлесіп, бизнесмендер іс жүзінде кімдерге тап болатындары және өзін, сондай-ақ  өз қаржысын қалайша қорғай алатындарын қарастырайық.

 Делдалдардың түрлері

 «Қара кредиторлар» көрсететін қызметтер – бұл қазақстандық кәсіпкерлер жиі тап болып жататын алаяқтықтың кеңінен таралған тәсілдерінің бірі. Интернет  мен мұндалап тұрған «жеңілдікті онлайн-кредиттер», «төмен пайыздық мөлшерлемемен микроқарыздар», «артық төлемсіз адал кредиттер» ресімдеу бойынша қызметтер көрсетуге көмектесетін-мыс күмәнді делдалдардың хабарландыруларына толы, бұл ретте қарыз алушының дербес кредиттік есебіндегі мәліметтер олар үшін ешқандай рөл атқармайды. Мұндай делдалдар теріс кредиттік тарихты азын-аулақ ақы үшін «тазартуды» ұсынуы мүмкін.

Есіңізде болсын!

Кредиттік тарих – бұл 5 жыл ішінде барлық міндеттемелер: жабық, ағымдағы, мерзімі өткен кредиттер; қайтару мерзімдері; кредиттік ұйымдарға өтініштер туралы барлық ақпарат сақталатын қарыз алушының өзіндік досьесі. Жақсы кредиттік тарих – бұл екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар (мысалы, «Қазпочта» АҚ) және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар (МҚҰ, кредиттік серіктестіктер, ломбардтар) – кредиторлар үшін қарыз алушының оң имиджі. Кредиттік ұйымда лицензияның болуын ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің www.gov.kz сайтынан тексере аласыз.

Кредиттік бюроға ешқандай жеке компаниялар қолжеткізе алмайды, сәйкесінше, олар  мерзімін өткізіп алулар және басқа да ақпараттарды жоя отырып кредиттік тарихты тазарта алмайды

Қарызды «өте кремет» шарттармен ресімдеуге келетін болсақ, мынаны есте сақтау керек: Қазақстанда әлеуетті қарыз алушы мен кредитор арасында «жеңілдікті мөлшерлеме бойынша кредиттерге» көмектесе алатын ешқандай да делдалдар жоқ. Сонымен, сізге осындай кредит «алуға» кепілдік беретін адам алаяқ екендігі айдан анық! Қаскүнемдер тек кредиттермен ғана емес, сонымен қатар әкімшілік мәселелерді шеше отырып, әртүрлі тендерлерде  «көмек» ұсынуы мүмкін екендігін айта кетейік. Алаяқтыққа байланысты тәуекелдерді азайту үшін ресми түрде жұмыс істеп, бизнесте тек ашық схемаларды қолданған дұрыс!

Телефон алаяқтары

  Телефон алаяқтарының схемалары жылдар бойы дамып, жетілдіріліп келеді, алаяқтар өзінің әлеуетті құрбандарының санын арттыру үшін заманауи технологиялар мен әлеуметтік инженерия әдістерін белсенді түрде қолданып отырады.

Қаскөйлер өздерін банктердің, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сатып алушылар, сатушылар ретінде де таныстыруы мүмкін, олардың басты міндеті абонентті сөзге тарту, вирустық қосымшаны жүктеу не картаның толық деректемелерін, оның ішінде артқы жағындағы үш таңбалы кодты, сондай-ақ SMS арқылы растау кодын айтып беруге мәжбүрлеу болып табылады.

Есіңізде болсын!

Сізге қызмет көрсетілетін банктің өзіңізге таныс төрт таңбалы нөмірінен қоңырау шалып, мысалы, қауіпсіздік қызметінен хабарласып тұрмын деп айтса да, бәрібір сақ болыңыз.  Алаяқтар кез келген нөмірді өз мүддесіне пайдаланып, хабарласуы мүмкін, алайда ол әлемнің басқа түкпірінде отыруы да мүмкін. Егер қоңырау шалушы ақша туралы сөз бастаса, онда бұл әңгімені бірден аяқтаңыз және жедел желі нөмірін өз бетіңізше тере отырып банкке немесе бұның алдында өзіңізге қызмет көрсеткен банк менеджеріне қайта қоңырау шалыңыз.

Банк менеджерлері ешқашан сіздің төлем деректеріңізді алу үшін бірінші болып қоңырау шалмайды. Олар ақшаңызды дереу «қауіпсіз» шотқа аудару қажет деп қоқан-лоқы көрсетіп, қорқытпайды. Егер Банк операцияны күмәнді деп санаса, ол барлық шоттарды бірден бұғаттайды, содан кейін барып орын алған жағдайдың мән-жәйін анықтайды.

Сондай-ақ,  қаскөйлер өздерін салық қызметі, прокуратура, ІІМ, үкіметтік емес және басқа да ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстыруы мүмкін, алайда жеке деректеріңізді алғысы келетін бейтаныс адамдарға сенбеңіз!

  Фишинг-алаяқтар

Фишинг, яғни, пайдаланушылардың идентификаттаушы деректерін алу үшін пайдаланылатын интернет-алаяқтықтың түрі кез келген бизнеске елеулі зиян келтіруі мүмкін. Мысалы, қаскүнемдер сіздің электрондық поштаңызға бизнес-серіктестен немесе ірі форум ұйымдастырушысынан қандай да бір жобаны қарауды немесе іс-шараға қатысу үшін ақы төлеуді ұсынған хат жіберуі мүмкін. Сілтемені басу арқылы сіз түпнұсқадан айырмашылығы жоқ фишингтік сайтқа кіресіз. Немесе компанияның жалпы желісіне енетін және маңызды есептік деректерге қол жеткізетін зиянды бағдарламалық қамтылымды (БҚ) автоматты түрде жүктеу орын алуы мүмкін. Осылайша, сіз және сіздің кәсіпорныңыз туралы конфиденциалды ақпарат сыртқа жария болуы мүмкін, бұл алаяқтарға сіздің шоттарыңызды иеленуге, ақша аударымдарын жасауға немесе жалған қарыз ресімдеуге мүмкіндік береді.

 Есіңізде болсын!

Ешқашан күмәнді сілтемелерге, соның ішінде SMS, түрлі мессенджерлер арқылы келетін немесе әлеуметтік желілер директеріндегі күмәнді сілтемелерге кірмеңіз! Вирусқа қарсы БҚ-дан үнемдемеңіз, өз ұйымыңыздағы қауіпсіздік жүйесін күшейтіңіз. Ұйымның атауындағы қателер, әріптің түсіп қалуы мен жіберілген қателердің көптігі, қисық беттелуі, бөтен дизайн элементтерінің болуы күдік туғызауы тиіс. Өз қызметкерлеріңізді үнемі оқудан өткізіп отырыңыз, олар фишингті тани білулері тиіс. Фишингтік шабуылдардың түрлері күн сайын және сағат сайын өзгеріп отырады,  сондықтан киберқауіпсіздік мақсатында қызметкерлеріңіз өздерінің есептік жазбаларына кіретін парольдарын үнемі өзгертіп тұрулары тиіс.

Жосықсыз инвестициялық делдалдар

Кейбір кәсіпкерлер жедел ақша іздестіру барысында жалған брокерлерге немесе қаржы пирамидасына тап болуы мүмкін. Өздерін жиі инвестициялық делдалдар деп таныстыратын алаяқтардың сендіру қабілеті жоғары және өз құрбандарының аңғалдығын терісі пайдаланады. Мысалы, олар бірегей инвестициялық жобаға жылдық 200-400% табыспен салым салуды немесе қор нарығында немесе Forex нарығында сауда-саттық өткізу үшін жалған брокерлік ұйыммен шарт жасасуды ұсынады. Ақыр соңында ақшаны қолға түсірген «инвестициялық делдалдар» із-түссіз жоғалады, ал кәсіпкерлер тақырға отырады.

Есіңізде болсын!

Егер сіз брокермен ынтымақтастық құруды жоспарласаңыз, оның алаяқ емес екендігіне көз жеткізу қажет. Сол себепті қаржы реттеушісінің www.gov.kz сайтында оның бағалы қағаздар нарығында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға лицензиясының бар-жоғын тексеріп алыңыз. Агенттіктің интернет-ресурсындағы брокердің барлық деректемелері лицензияда көрсетілген деректемелерге сәйкес болуы тиіс. Сондай-ақ сіздің брокеріңізде уәкілетті органның лицензиясы жоқ және жоғары кірістілік кепілдігіне уәде бере отырып, клиенттердің ақшасын инвестициялық мақсаттар үшін тартатын жосықсыз делдалдар тізіміне кіре ме, жоқ па соны міндетті түрде тексеріңіз. Бұл тізімді Агенттік 2021 жылғы маусымнан бастап өз сайтында жариялауда.

Қаржы пирамидасының алданып қалған салымшысы болмау үшін оның негізгі белгілерімен таныс болу қажет. Олардың ішінде негізгілерін қарастырайық:

  1. Ертіп келген клиенттер үшін сыйақы. Егер сізге компанияға алып келген әрбір клиент үшін қосымша ақы төлеуге уәде берілсе, бұл ақшаны бермеу үшін және барлық таныстарды осындай қауіпті шарадан айнытуға жеткілікті негіз болып табылады.
  2. Нарықтық деңгейден бірнеше есе жоғары табыстылыққа кепілдік беру. Түрлі «инвесткомпаниялар» табыстылыққа кепілдік бере алмайды, бұған заң жүзінде тыйым салынған. Егер біреу кепілдік берсе, онда ол алаяқ.
  3. Қажетті лицензиялардың болмауы. Егер компания халықтан ақша салымдарын тартса немесе қор нарықтарына инвестиция салуды ұсынса және оның лицензиясы болмаса, онда онымен байланысуға бола ма, жоқ па дұрыстап ойланыңыз. Мұндай ұйымдар ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бақылауында емес, демек Сіздің құқықтарыңыз бен мүдделеріңізді ешкім қорғай алмайды.
  4. Мүшелікке кіру жарнасының болуы: ресімдеуге, оқытуға, акцияларға және басқаларға. Әдетте, бұл жарна пирамида ұйымдастырушыларының негізгі табысы, сондай-ақ қаржы пирамидасының айқын және тән белгісі болып табылады.
  5. Меншікті негізгі құрал-жабдықтарының, басқа да қымбат активтерінің болмауы. Оқиға жайсыз нәтижемен аяқталса, компанияның қолда бар мүлкі мен активтерін сатуға және салынған ақшаны ішінара қайтаруға болады. Бірақ қаржы пирамидаларында мұндай активтер жоқ.
  6. Агрессивті жарнама кампаниясы. Қаржы пирамидаларының жарнамасы аз уақыт ішінде барынша көп клиентті тартуға негізделген және пирамидалардың негізін қалаған адамдарға тиімді болатын ақпаратты ғана қамтиды. Әрине, мұндай компания клиентінің тап болуы мүмкін тәуекелдерді жарнама берушілер белгілі себептер бойынша айтпауға тырысады.
  7. Ұйым қызметінің нақты анықтамасының болмауы. Пирамиданың салымшылардың өздерінен басқа клиенттері жоқ. Сізге жеткізушілерді, мысалы, өзге де бизнес-серіктестерді ешқашан көрсетпейді. Егер компания осылай әрекет ететін болса, оған сенбеудің барлық негіздері бар, себебі ол ақша қаражатының қозғалысын бақылаудан барынша қашады.
  8. Консультациялардың тек жеке кездесу кезінде берілуі. Жеке кездесу кезінде клиенттің сеніміне кіріп, оны ақша салуға көндіру үшін әртүрлі психологиялық айла-тәсілдерді қолдану оңайға соғады.
  9. Төлемдер тек қолма-қол ақшамен қабылданады.
  10. Сізді «шартқа» ойланбастан қол қоюға шақырады. Асығыс шешім қабылдамаңыз! Сіздің заңгеріңіз шартпен мұқият түрде танысып шығуы керек. Ал ең дұрысы үнемі мына қағиданы басшылыққа алыңыз – талаптарымен мұқият түрде таныспай тұрып ешқашан ешқандай шартқа қол қоймаңыз!

Fingramota.kz-пен бірге қаржылық тұрғыдан сауатты болыңыздар!

 206 Total Views,  2 Views Today

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Өзге де жаңалықтар