Ауылсыз қалсақ, не боламыз?!.

Басқа өңірді қайдам, біздің өңірде қазақ иісі бұрқыған қайран ауылдар жылдан жылға азайып барады. Әуелі орта мектебі тоғыз жылдық болады, сосын бастауышқа айналады, ақыры, бала аздығынан ол да жабылып, ауыл оқушыларын көрші елді мекендерге тасиды.

Қуанып емес, көңілдері ортайып, ауылдарының басынан бағы тайғандығын іштері сезіп, езіліп жүріп… Баланың неге аз болатыны белгілі. Жастар жоқ. Жұмыс іздеп қалаға кеткен. Немесе балаларын жақсы мектептерде оқытып, түрлі ойын-сауық орындарына апару, бассейнде жүздіріп, спорт секцияларына беру үшін. Балалары қатарынан қалмай жан-жақты дамып өсуі үшін. Өздері де жұмыстан жалығып, шаршаған кезде шалқып жайлы шайхана, дәмханаларда отырып, сыңғырлаған сауда үйлерін аралап, бақтарда сейілдеп, дем алу үшін. Ондай ой-пиғылы үшін кімді кінәлай аласыз?!.

Сол себепті ауыл селдіреп, азайып барады. Ал, рухани құндылықтың, салт-дәстүрдің, қазақы тәрбиенің алтын бесігі сол ауыл емес пе еді? Қазақы мінезді ұрпақ тәрбиелеуде ауылдың орыны ерекше емес пе? Ауылдан біржола айырылар болсақ, не боламыз?!.

Ауылды дамытуға талай бағдарламалар арналды. Алайда, жоғарыда айтқан, қазақтың ауылдан кету үрдісі бәсеңсіген емес.Оны мамандар да білмей отырған жоқ. Ауыл тұрғындарына ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне бөлінетін субсидиялардың, неселердің оларға қолжетімді болуына мұқият кірісті. Қалай құжат толтыру, оған сонша қаражаттың неге керектігін дәлелдеу, сол қолға алған ісімен тұрақты айналысу мәселелері түптеп түсіндірілуде. Пысықайлардың жалған құжат толтырып, біреудің малын, біреудің қора-қопсысын көрсетіп дегендей, көлденеңнен килігіп, қыруар ақшаны қағып алып, құйрығын ұстатпай кететіндердің жолы кесілуде. Қаражаттың қайтарымы, малының, өндірген өнімінің өсімі сұралуда.

Бірқатар мамандар жастардың ауылда қалуы үшін елді мекендерде қаладағы сияқты қолайлы үйлер, ойын-сауық, спорт кешендерін салуды жөн санайды. Автоматтандырылған ауыл шаруашылығы фермаларын ғана салып қойып, «жастар неге келмейді?» деу әбестік дейді. Сәулетті мектептерге білікті мұғалімдерді, жаттықтырушыларды тарту қажет. Сонда ауасы таза, тамағы құнарлы, ың-шыңы аз ауылдан кету тоқталады деп біледі.

Ауылдың базарының тарқамауын, үйлердің қаңырап бос қалып, жайлаулардың жүдемеуін жанұшыра ойлап, әркет етіп жүрген азаматтар аз емес. Бала санының кеміп, мектептерінің жабылмасы үшін өзге өңірлерден көпбалалы отбасыларын шақырып, оларға жағдай жасап, орналастырып жатқан ауылдар бар. Ондай ауылдардың ауызбіршілігі қатты қуантады. Оны Бурабай ауданындағы Ұялы ауылына барғанымызда көріп, көңіл бірлегеніміз бар. Зеренді ауданы Қошқарбай ауылының тірлігі де өзгелерге үлгі  етерлік. Олар әр жылдары  балалар үйінен он төрт бала алып, тәрбиеледі емес пе?! Ол ауылда жергілікті серіктестік жетекшісі Қайыркен Хасенов көптеген игі іске мұрындық болып жүр. Әттең, белең алған үрдісті тоқтату оңай болмай тұр. Күні бүгін ауылда бес жасқа дейінгі бес бала ғана бар көрінеді. Тәрбиелеуге алған балалары есейіп, ержетіп, бала жасынан асып кеткен.

Бұл жерде үкіметтің шағын ауылдардағы мектептерді сақтап қалуға барынша көмек қолын созып отырғанын атап өткен жөн. Мәселен, осы Қошқарбайдағы бастауыш мектепте екі мұғалім, үш от жағушы, бір еден жуушы, үш күзетші жұмыс істейді. Мектеп директоры Ыбырай Балтағарин бір қыста мектепке 55-60 тонна көлемінде көмір жағылатынын, бес текше метр отын жұмсалатынын айтады. Оған электр қуаты, өзге керек-жарақты қосыңыз. Аз шығын ба? Ал, мектепте оқитын баланың саны жетеу-ақ.

Шіркін, осы ауылдың тұрған жерін айтсаңызшы! Топырағы құнарлы, шөбі шүйгін, орманы жеміс-жидекке толы. Аудан орталығы Зеренді ауылы тиіп тұр. Бақша салсаң да, мал өсірсең де опық жемейсің! Осы маңайдағы Айдарлы ауылындағы негізгі мектепте де небары 39 оқушы оқиды. Білім ордасында 15 мұғалім еңбек етуде. 1995 шаршы метрді құрайтын екі қабатты келісті мектеп ғимараты бар. Бұл мектептің директоры Айдын Манап та ауылда жастардың аздығын, егер алға қарай негізгі мектеп бастауыш мектепке айналар болса, бірқатар мұғалімдердің жұмыстан кетіп қалатынын айтып, қынжылады.

Жалпы, облыста  360 шағын мектеп бар болса, 6 мыңға жуық бала тасымалданып оқытылады. Бұл алаңдатарлық жағдай!

–Белгілеген тәртіп бойынша, шағын елді мекендердің оқушылары 25 шақырымнан аспайтын жердегі мектептерге тасымалданып оқытылады. Бұл туралы Үкіметтің Қаулысы бар. Тіпті, бала саны жетпейтін шағын мектептерді де ұстап тұруға мәжбүрміз. Шағын мектепті жабу – ауылды жабумен бірдей. Сондықтан, бұл мәселеге түсіністікпен, барынша жанашырлықпен қараймыз, – дейді Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова бұл орайда.

Ауылдың қадірін білетін ағайын, әрине, қолдан келгенше алтын бесік – ауылының құлазыған  жұрт болып қалмауын қалайды. Алайда, көптеген ауылдардың тұрғындарын маңайында жайылымның, қысқы мал азығын дайындауға шабындықтың жоқтығы, малының сүтін, терісі мен жүнін өткізе алмауы қинайды. Жем-шөп қымбат, еңбек- еш.

Шіркін, тұрмысқа қажетті өнім шығаратын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін, мал еті, сүті мен жүнін қабылдайтын, жұрт ағылып келіп-кетіп жататын заманауи завод, фабрикалар салынып, ауылда жастар тұрақтаса, олардың дүниеге келетін ұл-қыздары ауылдың сапалы білім беретін мектептері мен үйірмелеріне, спорт секцияларына барып жүрсе ғой!… Ауыл қайта жанданып, берекесі қайтып оралар еді-ау!

«Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек»- деген болатын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты биылғы 16-шы наурыздағы Жолдауында. Сол өзгерістердің септігі тиіп, қазақтың кең пейіл, ырыс-береке тұнған қасиетті ауылдары қайта түлер ме еді, шіркін. Әзірге ондай байқалмайды. Сосын да жұрт көңілі күпті. Үкіметке өкпе-реніштері мол. Ауылсыз қалсақ, ата дәстүріміз, ана тіліміз, салт-дәстүрімізден ада болатынымыз тағы бар…

                                                           Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,

                                                 «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар