Жуырда «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өткен апат пен өртке қарсы оқу-жаттығудың негізгі мақсаты–кезекші персоналдың өзара іс-қимылын пысықтау, жедел персоналдың авариялық ошақты оқшаулау, қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастыру және тұтынушыларды электр қуатымен жабдықтаудыжедел қалпына келтіру болып табылады.
Жаттығу жоспары бойынша су тасқыны кезеңінде шартты су басудың нәтижесінде 110 кВ «Антоновка-Еленовка» электр желісі учаскесінде тіректің құлауы, 110 кВ «Еленовка» қосалқы стансасындағы СОВ-110 кВ ұяшығындағы май ажыратқыштың ажыратудан бас тартуы, сондай-ақ,трансформатор майының сыртқа шығуына байланысты СОВ-110 кВ ұяшығындағы май ажыратқыштыңтұтануы орын алды. Бұл – шартты технологиялық бұзушылық барысында электр желілік жабдықтың істен шығуына себеп болды.
«Көкшетау Энерго» ЖШС бас инженері М.Нұралиннің басшылығымен және төтенше жағдай бойынша жетекші инженерС.Шаймерденовтың іс-қимылымен орталық техникалық қызметтер өртке қарсы жаттығулармен біріктірілген 110 кВ «Еленовка» қосалқы стансасында технологиялық бұзушылықтарды жою бойынша аварияға қарсы іс-шараларды өткізді.
Энергетиктер өртті сөндіру жөніндегі іс-қимылдарды ұйымдастыруға, сондай-ақ, тұтынушыларды электрмен жабдықтауды қалпына келтіру және апаттан кейінгі сенімді желі сұлбасын құру жөніндегі жұмыстарды жүргізуге тиіс болды.
Жаттығу барысында ақпарат берудің жеделдігіне, кезекші персонал мен өрт сөндіру қызметтеріне рұқсат беру тәртібіне, авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде қосымша құралдар мен күштерді, оның ішінде электр қуатымен жабдықтаудың резервтік көздерін тарту мүмкіндігіне, бригадаларды қажетті материалдармен және жабдықтармен жедел қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Өртке және авариялық жағдайға қарсы басым міндеттерді сәтті орындау табыспен аяқталды, сөйтіп, өрт ошағы дер кезінде оқшауланды, ал, бұл тұтынушыларды электр қуатымен жабдықтаудың қысқа мерзімде қалпына келтірілуіне мүмкіндік берді. Жаттығу соңында оқу-жаттығуларға қатысушылардың іс-әрекеттері оң бағасын алды.
Іс-шара Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаменті мен ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департаменті өкілдерінің қатысуымен өтті.
Еркін СЕЙІТОВ,
«Көкшетау Энерго» ЖШС
баспасөз хатшысы.