Мен мықты қорғаушы боламын!

(әңгіме)

«Футбол ойнаймын. Жаңадан команда құратын болдық. Мықтап дайындалып, көрші ауланың балаларымен сайысқа түсеміз!» деп, құлшынып кеткен Батырхан арада екі сағат өткенде үйге көңілсіздеу оралды. Дегенмен, әдетінен жаңылмай, спорттық киімдерін орын-орнына мұқият қойып, жуынып алды. Диванда телевизор қарап отырған атасы оның көңіл-күйін аңғарып қалған-ды.

–Бері кел, балам, отыр. Иә, команда құрдыңдар ма? – деп, сөзге тартып, жанына шақырды.

–Құрдық…

–Енді неге көңілсізсің? Ойнап жүріп құлап, жарақат алып қалған жоқсың ба?

–Жоқ. Жәй… Мен шабуылшы боламын ғой, деп ойлап едім, қорғаушы болатын болдым.

–Иә, оның несі бар? Бәрібір командада бар емессің бе?

–Шабуылшы болсам, алда жүріп, гол соғар едім. Қорғаушы артқы жақта, көбіне қақпашыны қорғап жүреді ғой…

Батырхан: «Мен гол соқсам бәрі шулап, есімімді айтып, айғайлайды. Ойын аяқталған соң жүгіріп келіп, қолымды алады, арқамнан қағады» деген сөздерін тежеп, айтпай қалды.

Атасы тамағын кенеп біраз ойланып отырды да немересінің басынан сипап,  ойлана сөйледі:

–Ал, мен керісінше, сенің қорғаушы болатыныңа қуанып отырмын. Қорғаушы болу деген – абырой. Демек, сенің қорғаушы бола алатыныңа командаластарың сеніп отыр. Өзің ойлашы, ең қысылтаяң сәт, қарбалас қақпа алдында болады ғой. Гол соғуға жанұшыра, барлық айла-тәсілін салып ұмтылған қарсыласқа сен төтеп беріп, қарсы тұруың керек. Қас пен көздің арасында болатын қапылыста тез ойлап, жол тауып кетуің керек. Нағыз шеберлік, батылдық сол жерде көрінеді емес пе?! Нашар ойыншыны қорғаушы қылмаса керек.

Атасының бұл сөздері Батырханға қатты әсер етті. Ол көзі жарқырап, ойланып қалды.

–Рас, ата! – дейді содан соң қуанып, – Құстай ұшып келе жатқан қарсыластар шабуылшысының алдынан шығып, добын қағып алып, өз шабуылшымызға тез-тез жалғап жібермеймін бе?!.

–Соны айт! Сонда, бұлар бергі жақта жүргенде сенің шабуылшың жылдамдатып оларға гол соғып үлгереді!

–Солай, істеуім керек, ата!

Атасы көңілі қайта көтеріліп, бойында құлшыныс оянған немересіне қарап, әңгімесін жалғады.

–Батырым, жалпы, ер адам әрқашан қорғаушы болуы керек. Өзің ойлашы, анау кішкентай қарындасыңды қорғауға тиіссің бе, тиіссің. Отаныңды қорғауға тиіссің бе, тиіссің. Солай емес пе?..

–Иә, ата, солай!

–Ендеше, бұл сенің қорғаушы, азамат  болуға алғашқы дайындығың. Шыңдал, шынық. Ал, гол соғып, көзге түсу міндетті емес. Командаңның сол жеңісіне үлес қоссаң болғаны. Мәселен, елін қорғаған талай батырдың есімі аталмай қалған болуы да мүмкін. Олар ерлікті атын шығару үшін жасаған жоқ қой. Өзінің ары, намысы соған бастады…

–Түсіндім, ата! – деді, екі беті албырай қуанған Батырхан, – Мен мықты қорғаушы боламын!

–Бәрекелді, құлыным! Әрине, боласың! Мен саған сенемін!

Атасы Батырханның өз сөзінің мәнісін терең түсінгеніне аса риза еді…

                                                     Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар