«Оқжетпестің» алғашқы жеңісі

Футболдан Көкшетаудың «Оқжетпесі» де өнер көрсететін бірінші лигада Қазақстан чемпионаты басталды. Өз алаңында Қызылорданың «Байқоңыр» клубын қабылдаған жерлестеріміз жақсы ойын өрнегін көрсетіп, 6:0 есебімен ірі жеңіске жетті.

Былтыр Премьер-Лигаға берілетін екі жолдаманың бірін жеңіп алуға оқжетпестіктерге бір-ақ ұпай жетпей қалып еді. Премьер-Лигада ойнаған кезінде шеттен шақырылған легионерлерге еңбекақы жөнінен қарыз болып қалуына байланысты тоғыз ұпайынан айрылған клуб маусым бойы жоғары деңгейде өнер көрсеткенімен, осылай жолы болмай, қайта бірінші лигада тұрақтап қалған.

Енді клуб алдында тұрған биылғы бар міндет – өткеннің есесін қайтарып, маусым қорытындысы бойынша қайткенде де жоғары топқа шығу. Бұл жолы жерлестерімізге былтыр Премьер-Лигадан түсіп қалған Қызылорданың «Қайсары» мен Талдықорғанның «Жетісуы» негізгі қарсылас болатындығы анық. Мамандар да, жанкүйерлер де жоғары топқа өту үшін негізгі бәсеке талай жыл Премьер-Лиганың дәмін татқан, онда тіпті «Қайсар» чемпион да болған осы үш клубтың арасында өрбиді деп болжап отыр.

Ендеше, «Оқжетпестің» алғашқы турдан ірі жеңіспен чемпионат көшін бастауы биыл командамыздың бұл додада жолы болады деген сенімге жетелейді. Мұны жерлестеріміздің алғашқы ойындағы жақсы қимылы да растай түскендей. Лайым солай болсын дейміз. Қызылорданың жоғарыдағы  «Қайсардан» кейінгі екінші командасы – «Байқоңыр» да бұл ойынға белгілі бір  үмітпен келгенімен, қонақтардың жолы бола қойған жоқ. Жергілікті стадионға жиналған қарасы қалың жанкүйерлер қонақтар тарапынан «Оқжетпестің» қақпасын нысанаға алған тым құрыса, бірер соққыны да көрмеді.

Екі тайм бойы алаңда еркін ойқастаған жерлестеріміз алғашқы голды ойынның басында-ақ салды. Гол авторы шабуылшы Р.Болов. Одан әрі алғашқы кезеңнің орта тұсы мен екінші кезеңнің басында басты сұрмергеніміз Ж.Молдақараев есепті 3:0-ге жеткізді. Әрі қарай ойынға жаңадан қосылған С.Сәрсенов пен команда капитаны С.Жұмаханов бір-бірден тағы екі гол соғып, 5:0 есебімен ойынның соңғы нүктесі қойылды.

Осылайша былтыр бірінші ойынында Жамбыл облысының «Игілік» командасына сырт алаңда 1:0 есебімен есе жіберіп, ақыры маусым соңында ұпай санай келгенде, соның ащы өкінішін тартқан жерлестеріміз бұл жолы шынымен ерлей түсті. Енді 24 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында «Жеңіс» клубына қарсы ойнайтын сүйікті командамыздан тағы да жеңіс күтеміз!

«Арқа ажарының» өз ақпараты.               

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар