Туған жерім – алтын бесік елім

Застанциондық қалалық үлгілі кітапханасында  Балалар жылы, сонымен қатар, балалар әдебиеті апталығы аясында«Туған жерім менің,алтын бесік елім»әдеби шолуы өтті. Әдеби шолуға №14 орта мектептің  оқушылары қатысты.

Халықтың рухани байлығы – көркем әдебиетті жасайтын талантты дарындар екені талассыз шындық. Ақмола облысының мәдени мұрасы өте бай. XIX ғасырдың атақты өнер жұлдыздары Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай туған өлке бұл.

Арғы кезеңдерді айтпағанның өзінде, ұлт руханиятының өрісі тарыла түскен кешегі кеңес дәуірінде де бұл өңірден көптеген талантты қаламгерлер шығып, туған елінің тыныс-тіршілігін қалам ұшымен өрнектеп, таныта білді.Іс-шара барысында Ақан сері Қорамсаұлы, күні кеше ғана дүниеден өткен көрнекті ақын-жазушы Төлеген Қажыбай, Колыма қасіретін кешкен Ибрагим Салахов,әнші-композитор, ақын Иран сал Тасқара, Серік Жетпісқалиев,Алмас Темірбай, Қуаныш Оспанов, Әлия Ахетова және тағы басқа да ақын-жазушыларымыздың кітаптарына әдеби шолу жасалды.

Жүрдек қаламымен оқырмандарға қалтқысыз қызмет еткен біртума дарындардың, құрмет тұтар жерлестеріміздің мәңгі жасайтын мұралары – бүгіннің ғана емес, болашақтың да кәдесіне асатын, келер ұрпақтың да ғибрат алуына әбден татитын, кір шалып, тот баспайтын мол қазына. Қуаныш Оспанның «ӘнЕЛ», «Төбел» деген атпен қос кітап болып шыққан туындылары да осы жолы оқырман жүрегіне жол тартты. Бұл жинақтан бүгінгі қала қазағының далаға деген шексіз сағынышы мен махаббатын  сондай-ақ, аспандагы жұлдыздан өлең өрген жас ақынның шынайы жүрек бұлқынысы мен сезім кұштарлығын аңғарасыз. Жинақта өлеңдермен қатар, хан Абылай заманында өткен қазақтың хас батыры Ер Жәпектің өмірінен сыр шертетін «Жәпек батыр» тарихи дастаны қоса ұсынылып отыр.

Кітаптың адам өмірінде алатын орны ерекше, ол дегеніңіз киелі ұғым. Туған жер, туған ел деген екі ғана сөзде қаншама мағына, қаншама ой жатыр десеңізші?! Туған жердің қадірін әр адам әрқалай түсінеді. Туған жер қадірі дүниедегі ең ұлы деген нәрсемен пара-пар. Себебі, ол – сенің әлпештеген анаң, аялап өсірген әкең, туған-туысың, аға-әпкең, сені білім жолына жетелеген ұстаздарың, сол білімге ұмтылу жолындағы тай-құлындай тебіскен жора-жолдастарың, дүниеге келген жерің, қызыққа толы өткен балалық шағың, туған үйіңнің ауласы. Жерлес ақын-жазушылардың осы тақырыптарға қалам тербеген, ел туралы жазған өлеңдері адам баласын толғандырмай қоймайды.

Туған елге, туған жерге, туған тілге деген ыстық сезімнің бір үлгісі мен үшін осындай болмақ. Туған жердің қадірін біле жүрейік дегім келеді. Көпшілік ықыласын өзіне аударған әдеби шолудың да түп мақсаты осы екенін айту ләзім.

Фарида СҮЛЕЙМЕНОВА,

Застанциондық қалалық үлгілі кітапханасының

кітапханашысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар