Университет вымпелі ғарышта болып келді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің әлеуметтік-мәдени жұмыс жөніндегі проректоры Ғалым Байтұқ, университеттің Студенттік парламент төрағасы Алмаз Теміров, Студенттік парламент төрағасының орынбасары Аяулым Құлжанованың қатысуымен брифинг болып өтті.

Жиында сөз сөйлегендердің хабарлауынша, ордалы оқу орнының 60 жылдық  мерейтойы аясында халықаралық ғарыш станциясына аталмыш университеттің вымпелі жіберілді. Таяуда яғни, 2022 жылғы 18 наурызда Ualikhanov University вымпелін халықаралық ғарыш станциясына «Союз МС-21» ғарыш кемесі жеткізсе, 30 наурызда «Союз МС-19» ғарыш кемесімен жерге келіп қонған ресейлік-американдық халықаралық экипаж жерге жеткізіпті. Аталмыш іс-шара Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінен қолдау тауып, Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитетінің көмегімен жүзеге асырылған.

–Біздің университетімізде үлкен қуаныш. Ғарышкерлер мен астронавттардың қолтаңбасы бар вымпелге халықаралық ғарыш станциясының арнайы мөрі қойылды, бұл вымпелдің ғарышта болуын растайды. Бұл мөр халықаралық ғарыш станциясының бортында тұрады және ол ешқашан жер бетінде болмайды. Жойылған күннің өзінде мөр объектінің ғарышта болғанының дәлелі болып табылады, – деді жиын барысында Аяулым Асқарқызы. Жалпы, кез-келген студент үшін өзі білім алып жатқан оқу орнының абыройы маңызды. Ал, бұл белес – жоғары оқу орнының ғана емес, тұтастай еліміздің мерейі десек те болады.

–Бұл Қазақстан университеттері вымпелінің ғарышта болуының алғашқы оқиғасы. Бұған дейін бірқатар шетелдік университеттер, оның ішінде Массачусетс технологиялық институты, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Воронеж мемлекеттік университеті және тағы да басқалар өз вымпелдерін ғарышқа жіберген болатын,– дейді Ғалым Сымбекұлы.

Вымпел Ualikhanov University бас экспозициясының стендіне қойылып, университеттің жоғары беделі мен оның Ақмола облысы, жалпы, Қазақстанның экономикасы мен халық шаруашылығы үшін білікті кадрлар даярлаудағы маңыздылығын көрсететін болады.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті Көкшетау педагогикалық институты негізінде 1962 жылы құрылған. Ордалы оқу орны Солтүстік Қазақстан өңіріндегі  жетекші жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. Университет бакалавриаттың 55 білім беру бағдарламасы, магистратураның 36 бағдарламасы, докторантураның 9 бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды. 2021 жылы жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингісінде университет Қазақстанның үздік 10 жоғары оқу орындарының қатарына енді.

Жиын соңында журналистер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Ағымдағы жылы университеттің 60 жылдығына орай, оқу ордасында көптеген игі шаралар мен соны жаңалықтар орын алатыны туралы баса айтылды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар