Қаржы пирамидалары салымшыларын тақырға отырғызуда

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қазақстан Республикасы қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасының басшысы Қуат Рахымбаев «Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл бойынша жұмыс қорытындылары туралы» деген тақырыпта брифинг өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

–Аяқ астынан байығысы келіп, қаржылық пирамидалар құрығына түсіп қалушылар негізінен жастар болып тұр. Ойынға қатысу үшін олар банктерден несие алады. Ол қаражатын пирамидаға апарып салып, одан көп пайда түсіруді көздейді. Әрине, ондай тегін олжа жоқ. Кейін сол алған ақшасын банкке қайтара алмай қиналысқа түседі. Сондықтан, қайда болмасын қаражат саларда тұрғындар олардың құжаттарының дұрыс-теріс екендігін қарап, жоспар жүзеге аспай қалғанда әлгі фирманың оны қайтарып беретін жағдайы бар ма, жоқ па, соның бәрін анықтап алуын, сақ болуларын сұраймыз, – деп бастады сөзін Қуат Рахымбаев.

Экономикалық тергеп-тексеру департаменті облыс бойынша «LV Force» қаржы пирамидасының  ұйымдастырушысы және басшысына қарсы тергеу жұмысын аяқтап, істі сотқа жолдапты. Аталмыш пирамидаға 5822 салымшы тартылып, 3,7 миллиард теңге қаражат жиналған. Заңсыз әрекеттерінің арқасында пирамиданы ұйымдастырушылар 147 миллион теңге көлемінде пайда түсірген.

Үстіміздегі жылдың 13 сәуірі күнгі жүргізілген шұғыл-іздестіру шараларының арқасында Көкшетау қаласында «QNet» қаржылық пирамидасының да жолы кесілді. 2022 жылдың 15 сәуір күні оның жетекшісінің әрекеті  қаржылық пирамиданы ұйымдастырып, оны басқарғаны, заңсыз қомақты қаржы, тағы басқа көлемде өзге дүниені иеленгені үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 217 бабы бойынша қылмыс ретінде тіркеліп, үй қамаққа алынды. Сотқа дейінгі тергеу барысында департаментке 14 тұрғын жазбаша түрде өтініш түсірді. Тек солардың ғана батқан шығыны 17,5 миллион теңгені құрайды. Сан соғып, қапы қалғандардың жасы негізінен 18 бен 22 жас аралығы. Олар Каспий банктен займдер мен несиелер рәсімдеген.

Пирамиданың салымшыларға құрған амалының бірі «QVI tripsavr» саяхат картасын ұсыну. Түсімі 225 АҚШ долларын құрайды, салған қаражаттың қайтымы  2134  АҚШ доллары көлемінде. Әр салымшыға 10 салымшы тарту керек. Осылайша әуелі біреуді қызықтырып, сосын оған басқаларды қосақтатып, қарапайым жандарды уайымға батыра береді.

–Сондықтан, біздің облыстың да, басқа өңірлердің де тұрғындарына айтарым, аяқ астынан баюды ұсынған кез-келген ұсынысты мұқият тексеріңіздер. Ешқашан асығыс қадам жасамаңыздар. Ал, егер ол хабарласқан адамдардың әрекетінен заңсыздықты байқасаңыздар, қаржылық пирамиданың деректерін сезсеңіздер,  әлеуметтік желідегі Агенттіктің аккаунты немесе департаменттің 25-14-88 телефоны арқылы хабарлаңыздар, –деп аяқтады сөзін департамент басшысы.

Бір өкініштісі, алдау-арбауға арналған қаржы пирамидасы қаншама жылдан бері мүлдем жойылмай келеді. Бет-пердесін өзгертіп, амал-айлаларын асыруда. Оған алданып қалмаудың бірден-бір жолы сөзіне еріп, жеңіл ақша табудың жолына түспеу. Ондайды біле қалған күнде тиісті органдарға хабарлау. Әйтпесе, алдағы күндерде де кез келген адамның оңбай алданып, опынып қалуы әбден мүмкін. Сірә, еселеп еңбек етіп, тер төкпесең, байлық шіркіннің, аяқ астынан тап бола кетуі екіталай ғой!..

                                   Серік САПАРҰЛЫ,

                                   «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар