Қоғамдық кеңес жер телімдері мәселесін пысықтады

«AMANAT» партиясының облыстық филиалында экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысы болып өтті. Жиынды кеңес төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Омар Шоназаров жүргізді. Отырысқа партия филиалының атқарушы хатшысы Ғалым Бекмағамбетов қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Балжанов баяндама жасады. Ол мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметтің Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктеген міндеттеріне сай өңірлерде ауыл шаруашылығы жер телімдерін шаруа қожалықтарына беру мөлшерін анықтап, ұсыныстар жолдау туралы тапсырмасының орындалуы жөнінде баяндады.

Облыстық әкімшіліктің 2018 жылдың 30 қазан айындағы № А -11/465  қаулысымен және облыстық мәслихаттың 30 қазан 2018 жылғы №6С-25-2 шешімімен осындай жерлер көлемі белгіленген.  Жер телімінің шектік көлемін бекітуге жергілікті мәслихаттар депутаттары сын көзбен қарап, пікірлерін білдірген. Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен жер өлшеу Әдістемесінің кейбір талаптарының қисынсыздығы алға тартылған. Үстіміздегі жылдың 8 ақпанында Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл мәселені қайта көтеріп, министрлікке зерттеулерге орай, әр аудан, әр өңір ерекшеліктерін ескере отырып, жаңа әдістеме жасауды жүктеді. Ауыл шаруашылығы басқармасы аудан, қалалар әкімдеріне жер көлемі туралы жаңа ұсыныстар құжаттамалары жолданып, оң пікірлер алынды.

Зерттеліп, ғылыми тұрғыда түйінделген ұсыныс бойынша мемлекеттік емес заңды тұлғаларға уақытша пайдалануға  берілетін жер телімінің шектік өлшемі  облыс бойынша 48 600 гектар, оның ішінде егістік жер 22 000, жайылымдық  жер 24 600 гектар, шабындық жер 2 000 гектар. Облыс  бойынша шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтарға  жұмыс істеу үшін 7 900 гектар жер бөлінсе, оның 3 300 гектары егістік, 3 690 гектары жайылымдық,  300 гектары шабындық жер болып табылады.

Баяндаманың екінші бөлігі көктемгі егіс мәселесіне арналды.  Бұл науқан туралы мәліметтер жақында ғана болып өткен агроөнеркәсіп кеңесінде жан-жақты қамтылған болатын. Тұрақты кеңес отырысына қатысушылардың барлығы да ол есеппен таныс. Сондықтан, бірден талқылауға көшу келісілді.

Целиноград аудынындағы «АЭ «Маншук» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Тимур Пішенбаев, Ақкөл ауданындағы «Еңбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қуаныш Рақышев, «Агрофирма «Родина» жауапкершлігі шектеулі серіктестігінің директоры Иван Сауэр, тағы басқалары жер телімдерін тиімді пайдалану, субсидия берудегі талаптарды нақтыландыру, отандық техника мен тұқымды көбірек айналымға енгізіп, пайдалану сияқты құнды пікірлерін ортаға салды.

Жиынды «Аманат» партиясы Ақмола облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ғалым Бекмағамбетов қорытындылады.

                                                     Серік САПАРҰЛЫ,

                                                     «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар