Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналды

 «Болашақ» сарайында ұлт ұстазы, ағартушы-ғалым, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы – әлемдік руханият кеңістігінде» тақырыбындағы халықаралық  ғылыми-әдістемелік конференциясының пленарлық мәжілісі өтті. Іс-шараға қатысушыларды облыс әкімі Ермек Маржықпаев онлайн байланыс арқылы құттықтап, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Бүгінде тәуелсіздігіміздің арқасында бұған дейін есімін айтуға да мүмкіндік бермеген ұлы тұлғаларымызды жас ұрпаққа танытып, насихаттап жүрміз. Өткен жылы ЮНЕСКО Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойын атап өту жөнінде шешім қабылдады. Бұл ұлт арысының әлемдік деңгейдегі аса көрнекті ғалым, ірі тұлға екенін айғақтайды.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының әлеуметтік өмірі мен мәдениетіне адал қызмет еткен ірі қоғам қайраткері, тарихта орны бар зор тұлға. Ол өзінің барлық саналы ғұмырын қазақ қоғамының білімі мен ғылымының дамуына арнады. Туған халқының болашағы үшін «халық жауы» атанып, ату жазасына кесілген қайраткердің артында қалдырған мол мұрасы біз үшін құны жетпес қазына. Ақмола облысында Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай іс-шаралар жоспары әзірленіп, бүгінде біртіндеп жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі –осы ғылыми конференция болып табылады.

Облыстық әкімдіктің қолдауымен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ұйымдастырған конференцияның пленарлық мәжілісін аталмыш оқу орнының оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Ақбота Бексейітова ашып, жүргізіп отырды.  Конференцияға алыс-жақын шет мемлекеттердің ғалымдары, әдебиеттанушылар,  тарихшылар, депутаттар, зиялы қауым өкілдері мен жастар қауымы қатысты.

–ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының рухани көсемі, «Алаш» қозғалысы көшбасшыларының бірі, ұлт ұстазы, елді біліммен сусындатқан ағартушы, ана тілімізді түрлеуші, қазақ тіл білімінің атасы – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы – әлемдік руханият кеңістігінде» тақырыбындағы халықаралық  ғылыми-әдістемелік конференция шет ел және отандық ғалымдардың басын қосып отыр. Конференция мақсаты – ұлтымыздың біртуар перзенті, қоғам қайраткері, әдебиеттану, тілтану ғылымының негізін салушы, түркітанушы, публицист, ұлттық жазудың реформаторы  Ахмет Байтұрсының еңбектерін әлемдік деңгейде насихаттап, жаңаша бағалануын ұрпақ санасына жеткізу. Көрнекті ақын, жазушы С.Сейфуллин «Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен шын ұлтшыл» деп баға берген болатын, –дей келе Ақбота Тастанбекқызы ұлт ұстазының бірқатар парасатты істері мен ғылыми еңбектері туралы жан-жақты айтып беріп, қатысушыларға ғалымның мерейтойына арналған конференцияға келгендері үшін алғысын білдірді.

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев конференцияның салтанатты ашылуында сөз сөйлеп, игі тілектерін білдірді. Ол сөзінде:

– Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес биыл баршамыз «Алаш» қозғалысының қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойын жалпыұлттық деңгейде атап өтудеміз. Бүгінгі конференция еліміз үшін абыройлы, жас ұрпақ үшін тәлімдік маңызы зор шаралардың бастауы болмақ. Биыл Ахмет Байтұрсынұлының және «Алаш» қозғалысының басқа да қайраткерлерінің шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында түрлі форматтағы мәдени шаралар топтамасы өткізілуде. Ұлы ғалымның шығармашылығына арналған «Ұлттың ұлы ұстазы» атты өңіраралық айтыс, «Рухани көсем» тақырыбында театрландырылған қойылым және тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары арасында облыстық байқау өткізілетін болады, –деп, өңірде ұлт ұстазының мерейтойлық датасына орай әлі де түрлі конференциялар мен семинарлар, дөңгелек үстелдер, дәрістер, көрмелер, дебаттық турнирлер және басқа да танымдық-ақпараттық шаралар ұйымдастырылатындығын тілге тиек етті. Жыл бойына жоспарланған іс-шараларда «Ахмет тағылымы» онкүндігі, «Ұлттың рухани көсемі» тарихи сағаттары, «Ұлттық сана сәулесі» әдеби кештері, «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық тіл білімінің негізін қалаушы» филологиялық симпозиумы, жас тарихшы-өлкетанушылардың форумы өтеді деп белгіленген. Қазіргі уақытта Ақмола облысының Степногорск қаласында 1 мектеп пен облыс аумағында 22 көшеге Ахмет Байтұрсынұлының есімі беріліпті. Биыл Көкшетау қаласының жоғары техникалық колледжіне, Біржан сал, Жақсы аудандарының 2 орта мектебіне, аудан орталықтары мен ауылдарының көшелеріне ғалымның есімі берілетін болады.

Пленарлық мәжілісте Өзбекстанның Ташкент қаласындағы өзбек мемлекеттік әлем тілдері университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Маханбет Джусупов  «А.Байтұрсынұлы еңбектерінің фонология ғылымындағы орны» тақырыбында баяндама жасап, ғалымның әлем тіл ғылымына, әсіресе түркологияға қосқан ересен еңбегін атап өтті. Фонемалар мен морфемалардың  қолданылу айырмашылығы, қазіргі латын графикасына ауысуда ұсынылып жатқан әліпбидегі дыбыс пен әріп арасындағы кейбір сәйкессіздіктер туралы жан-жақты баяндап берді. Сөзінің соңында өзі 1998 жылы А.Байтұрсыновқа арнаған өлеңінен бір шумақ оқып берді.

«Көк аспанды құс билейді,

Жұмыр жерде адам би,

Барлығын да ой билейді,

Ойдың басы әліпби».

–Қазаққа әліпбиді жасап берген Ахмет Байтұрсынұлы. Сондықтан, ойдың басын өзгертуге болмайды. Ал, әліпбиді ауыстыру рухани мәңгүрттікке алып барады, –деді ол.

Бұдан соң, Түркияның Памуккале университетінің профессоры, ғылым докторы Нергиз Берай онлайн байланысқа шығып, «Ахмет Байтұрсынұлының терминологиялық зерттеулері мен Түркия Республикасының бас кезеңіндегі терминология зерттеулерін бағалау» тақырыбында сөз сөйледі. Ол көрнекті ғалымның тіл біліміне енгізген терминдерінің өміршеңдігіне тоқталып, оның еңбектеріне сүйене отырып шет ел ғалымдарының әлемдегі кейбір ұлттарға  жасап әліпбилері мен тіл білімі еңбектерін ерекше атап өтті.  Сонымен бірге, пленарлық мәжілісте А.Байтұрсынов атындағы Қостанай университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадықтың «А.Байтұрсынұлы: Қостанай–Омбы кезеңі», Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы Құралай Күдеринова «Ахмет Байтұрсынов қазақ жазуының негізін салған ғалым», Ш.Уәлихнов университенің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Бәрия Жахина «Ахмет Байтұрсынұлы: жұрт бүгіншіл, менікі ертең үшін» баяндамаларын тыңдалды.

Конференцияның секциялық жұмыстары ШУәлиханов атындағы университет қабырғасында жалғасын тапты.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар