Сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу үшін

«Аманат» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы және партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңестерінің біріккен отырысы болып өтті.

Онда Ақмола облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының және жергілікті атқарушы органдардың «Аманат» партиясының сайлауалды бағдарламасына орай, Жол картасы бағдарламасының орындалу барысы бойынша есептері тыңдалды.

Аталған басқарма басшысының орынбасары Біржан Абдрахмановтың күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндамасы тыңдалғаннан  кейін, оған аудандарға газ тарту жоспарлары, кейбір бұдан бірнеше жыл бұрын жасалған жобаларды жаңадан үйлер салынуына байланысты қайта қарастыру, алдын ала тартылып қойылған газ желісі тұрбаларының ұрлану қаупі жөнінен бірқатар сұрақтар қойылып, ұсыныс-пікірлер айтылды. Болаттан жасалған газ желісі тұрбаларын ұрлықтан сақтау мақсатында кейбір аудандар желіні жер астымен жүргізуде. Бірқатар аудандар іске қосу уақытына дейін жер үстімен тартылған желіні жинап алып, тұрбаларды қоймаларда сақтауда.

«2015-2025 жылдар аралығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы» бойынша  облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде осы басқарма басшысының орынбасары Еркеш Әленов баяндама жасады. Комиссия мүшелері оған егін егу және ору науқандарында жеңілдетілген бағамен берілетін дизельдік отынды бөлу операторының жұмысы, оның есебі жөнінде көптеген сұрақтар қойды. Ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін шаруа қожалықтары мен фермерлердің субсидия алу мәселесі туралы да сұрақтар қойылды. Субсидияны көбінесе белгілі адамдар ғана алады деген мәлімет бар. Басқалары оның жарияланатын күнін естімей, оларға хабар жетпей қалады. Шындығында, бұл хабар барлық шаруа қожалықтарына тегіс жетуі керек. Ол үшін әлеуметтік желілер, порталдар, жергілікті газеттер пайдаланылуы керек деген ұсыныс айтылды. СМС хабарлама арқылы әр шаруа қожалығы жеткешісінің ұялы телефонына хабар түсіруге болады. Осындай әдіс-тәсілдердің бәрі де қолданылуы қажет.

Бірлескен кеңеске онлайн форматта аудандар да қатысып, өздеріне қойылған сұрақтарға жауап берді. Жиынды партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Болат Жұпынов қорытындылады.

                                           Серік САПАРҰЛЫ,
                                           «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар