«Тіл шебері» таңдаулыларды анықтады

Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты туралы 2020-2025 жылдарға арналған  мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен  қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастар арасында «Тіл шебері» облыстық байқауы болып өтті.

Байқаудың басты мақсаты – мемлекеттің тіл саясатын жүргізу, үш тілді қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастарды анықтау және қолдау, тіл мәдениетін көтеру,  үштілділікті насихаттау болып табылады. Байқауға үш тілді жетік меңгерген 21-35 жас аралығындағы облыс тұрғындары қатысты.

Тіл сайысына Көкшетау қаласындағы арнаулы орта және жоғары оқу орындарынан, Қосшы қаласынан және  Біржан сал ауданынан барлығы  9 үміткерден өтінім келіп түсті.

Байқау үш кезең бойынша өтті. Қатысушылар бірінші «Елтаным» кезеңінде қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, негізгі атаулы даталар, қазақ жері және оның аймақтары бойынша берілген тақырыптар аясында үш тілде жауап берді. Екінші «Сөзтаным» кезеңінде қазақ тілінде берілген мақал-мәтелдерді оқып, орыс және ағылшын тілдеріндегі баламасын немесе аудармасын айтып, мағынасын түсіндірді. Соңғы үшінші «Ойтаным» кезеңінде қатысушылар қазақ тілін насихаттайтын бейнебаяндарын ұсынды.

Байқауда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің тәжірибелі оқытушылары төрелік етіп,  қатысушылардың үш тілді меңгеру деңгейін, дыбыстардың дұрыс айтылуын, жауаптың мазмұны мен толықтығын, үміткерлердің өзін-өзі ұстауын, берілген уақытты дұрыс пайдалануын  бағалады.

–Үш тілді меңгергендер арасындағы «Тіл шебері» байқауы тартысты өтті. Барлық қатысушылар жақсы дайындықпен келген. Үш тілді білуде осындай байқаулардың пайдасы зор, – дейді қазылар алқасының төрайымы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы М.Нұржақсина.

Қазылар алқасының шешімі  бойынша үшінші орынды аталған университеттің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы  Рамида Бердіқұлова, екінші орынды тағы да осы оқу орнының жанындағы көпсалалы колледжінің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Жанерке Қази және бірінші орынды Қосшы қаласының №2 орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы  Жантөре Шәймерден иеленді.

Барлық қатысушыларға тиісті дипломдар мен алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суретте: іс-шарадан көріністер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар