Қаралы Қылшақты және қасқалдақтар

Осыдан тура 11 жыл бұрын газетте «Қылшақтыдағы қасқалдақтың зарлы мұңы» атты мақалам жарық көрген болатын. Естеріңізге сала кетейін, онда қала аумағындағы Қылшақты өзенінің жайын сөз еткен болатынмын. Сол мақаладан бір азат жол келтіре кетсем артық болмас. «Осы өзеннің жайын тереңіне сүңгіп, тайызына үңгіп жүрген қасқалдақтардай ешкім білмейтін шығар. Өзеннің шетіне бір сәт шығып тұрайын десе, сынған шыны ыдыстар, бос бөтелкелер, пластик қалбырлары, шегілген шылымның қалдықтары, тағысын тағылар… Жылдан-жылға суы да тартылып бара жатқандай. Олай дейтінім, көктемде мұз ерігеннен кейін сан төмпешіктер ұзақ уақыт су деңгейі көтерілгенше әлгі қасқалдақтар мен ондатр немесе су егеуқұйрықтары бір уақыт шығып, үстін кептіретін шағын аралға ұқсайды. Бұлай бола берсе Қылшақты өзен емес  көң-қоқыс төгетін орынға айналуы мүмкін».

Шынында да Қылшақтының қазіргі күйі – қатты тұрмыстық заттар қалдығын төгетін полигон десе де болады. Бұл өзенде не жоқ дейсіз. Көпірдің үстіне қарасаңыз көзіңіз жетеді…

Өткен жылы өзеннің шетін абаттандырды. Тіпті амфитеатр да салды. Құрылыс заттарының қалдығы онсыз да қаралы Қылшақтыға төгілді. Білетіндер алдымен өзенді тазалап алып, жағалауды жөндемей ме? «Қала экологиясына жауапты мамандар, басшылар қайда қарайды?» деген заңды сұрақ туындайды. Қазір компьютерді білсең, қолыңда қатты қағазың (диплом) болса, кез-келген салада істей беруге болады ғой деген ой келеді. Осылай «Жаңа Қазақстанды» құрмақшымыз! Бұл, ағайын, біреуді сынап-мінеу емес, бұл – жанайқай!

Қазір өзенге қарабауыр қасқалдақтар да келмей қойды. Жоғарыда жазылған мақаламда мынандай жолдар бар: «Бір күні сол қасқалдақтарымыз «мына былыққан өзеннен өлетін болдық» деп, пыр-пырлап ұшып кетсе, оларға өлеңдегідей «Өз босағаң – бұл жердің тауы, қыры, белесі, босағасын басқаға тастай ма екен, о, несі. Қарабауыр қасқалдақ, кері қайт» деп кім айтар екен?» деп жазыппын. Қазір қасқалдақтар сөзді түсінетін болған күннің өзінде олай айтуға ұяласың…

Өзеннің Қопаға бір кезде сарқырап құйылып жататын жерінің ені қазір бір-ақ метр. Әйтеуір, болмашы бір тіршілік бар, жыламсырап құйылған болады. Шыдай алмай, өзім түсірген мына екі суретті қоса бердім.

                                                                           Совет ХАМИТҰЛЫ,
                                     ауыл шаруашылығы саласының құрметті ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар