Ынтымақ – достық кепілі

«Бірлік бар жерде ­бақыт бар». Отан – әр адамның жүрегіне  жылы тиер қасиетті сөз. Ол біздің туған жеріміз, туған-туысқандарымыз бен дос-жаранымыз, тұрып жатқан кең байтақ өлкеміз. Қазақтың  байтақ  даласы  бүгінде 130- дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдеріне  ортақ  Отан  болып тұр. Мұнда  ұлтына,  нәсіліне  қарамай,  барлық  халық  өкілдері  бір-бірімен  туысқан бауырдай болып кеткен. Олар Қазақстанның  шаруашылығы мен  мәдениетін  дамытуға  белсене  қатысып,  бірлесе  еңбек етіп келеді. Сондықтан  да, елімізде 1 мамырды – халқымыздың бірлігі  күні деп атап өтіп келе жатқанымыз орынды.

Бұл  күн ел халқы үшін ең  ірі  мерекелердің бірі болып саналады. Бұл  мерекенің  мақсаты ­– ел ішіндегі  түрлі  ұлт пен  дін  өкілдерінің  бір-біріне  деген  сый-құрметін  арттырып,  татулықты, бірлікті, ортақ  құндылықтарды  насихаттау. Жыл сайын атаулы  мерекеде біздер бір шаңырақ астында тату-тәтті,  береке мен  бірлікте,  бейбітшілік пен  ынтымақта  өмір  сүріп  жатқандығымызды  тойлаймыз.

Еліміздегі  этностарды  бұрынғыдан да  жақындастыру  мақсатында  «Достық үйі» атты  бір  шаңырақ  астында  шоғырланған  әрбір  ұлттық-мәдени  орталық  аталмыш мерекеде  ән  шырқап,  би билеп, дәстүр  мен  салтқа  толы  түрлі  көріністер көрсетіліп, түрлі  спорттық  жарыстар  ұйымдастырады.

1 мамыр – Қазақстан  халқының  бірлігі  күні  болып  1995 жылдың қазан айында Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен жарияланып, 1996 жылдан бастап тойлана бастады. Бүгінгі  күні  әрбір  ұлт өкілдеріне салт-дәстүрлерін жаңғыртуға,  мәдениеті мен  әдебиетін  дамытуға, тілінің  жетілуіне  қамқорлық  көрсетілуде.

Біздің  мемлекет  бейбітшілікті  жақтаушы,  достық пен тыныштықты  сақтаушы ел.  «Бірлігі  жоқ ел  тозады,  бірлігі  күшті  ел  озады» деген халық мақалы осы біздің елге  айтылғандай. Халқымыз   достық пен ынтымақтастыққа  ерекше  мән  береді. Мәселен, «қырғыз , қазақ – бір туған»,  «өзбек – өз ағам», «түбі бір түркімен» деп  қырғыз, өзбек, түркімен және  тағы басқа ұлттарды бауырына тартып, ынтымақтастыққа  шақырады. Жалпы, бірлік деген отбасынан басталып, бүкіл елдің, барша адам  баласының достығына ұласады. Халқымыздың  қанға  сіңген  осы берік  бірлігі, ұйымшылдығы, басқа  халықтармен  одақтасып,  достаса  білуі  жеңістен  жеңіске  жеткізеді. Оған  халық  куә,  тарих  куә!

Өз отбасыма келсем, мен қырғыздың қызымын, жолдасым – қазақ. Алып Алатаудың арғы беті мен  бергі бетін  ен  жайлаған  қазақ  пен қырғыз  ежелден  төскейде  малы,  төсекте  басы  қосылған  халықтар.  Екі елдің төрт түлігі бір далада  жайылып,  қыз  алысып, қыз  беріскен,  құда-жегжат болып етене араласқан туыстығымыз ерекше.   Қырғызстандың Нарын қаласында орта мектепті бітіріп, 1982 жылы   Көкшетауға келіп, оқуда жүргенімде өмірлік серігім Маратпен танысып,   бірге оқып, кейін отбасын құрып,  екеуміз  ұл, қыз тәрбиелеп, қазіргі таңда немере сүйген бақытты ата-әжеміз.

Осы жылдар аралығында ұстаздық  қызмет етіп, ұлтымыздың   сәндік-қолданбалы өнерін, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрып, тұрмыс- тіршілік болмысымызды қайта жандандыруға, балалардың ұлттық  қолөнерге деген қызығушылықтарын арттырып ұлағатты  ұл,  инабатты  қыз  тәрбиелеуге өз  үлесімді  қосудамын. Балауса қыздарымызға   ұлттық  қолөнерді  үйретіп, бірлігі  жарасқан  көп ұлтты  қаламыздағы  №2 мектеп лицейінде қызмет етіп келемін. Сонымен қатар, қоғамдық  жұмыстарға да белсене қатысып, қаламыздағы Достық үйінің жанынан ашылған Қазақстан  халқы  Ақмола  ассамблеясы жанындағы  сәндік-қолданбалы өнер шеберлері одағының төрайымымын және аталмыш ұйым жанындағы Аналар  кеңесінің  мүшесімін.

Мына бір аңызға тоқталсақ: «Бір кісі бармақтай құсты ұстап алып,  торға қамап қояды. Тұтқын құс күні-түні дамыл көрмей «Отан, Отан, Отан…» деп шырылдай береді екен.  Құстың  иесі: «Мұның  да  Отаны  болғаны  ма, ал  Отаны  болса қайда  екен?», құсты ұшырып  жіберейін де, ұшқан жағына қарап, ғажайып елге апаратын жолды біліп алайын»  деп  ойлайды. Сөйтіп,  торды  ашып,  құсты босатып жібереді.  Құс  ұшып  шығып,  бар  болғаны  10  қадам  жердегі  тастақты  тақырдың  арасында  өскен  жалғыз  түп  тікенге  барып  қонады.  Сөйтсе,  әлгі  бұтада  ұясы  бар  екен. Демек,  құстың  Отаны – ұя  салған  жері  болды  ғой деп  ойлайды әлгі адам.  Шынында да,  адам  түгілі  құстар да  ұя  салып,  мекендеген  жеріне   бауыр  басып  кетеді  екен.    Кеңпейілді  қазақ  халқының  дархан  даласын  жайлаған   барша  ұлт  өкілдері   қазақ  жерін «Отаным» дейміз. Мұндай  мақтаныш  сезімімен  айтылған  сөз  жанымызды  жадыратады.  Ауызбіршілік  пен  түсіністік,  қарапайым  сыйластық  үстемдік  құрған  жерде қашанда  нәтижелі  істер бар.

Халқымыздың Бірлік мерекесі қарсаңында, барша ақмолалықтарға баянды бақыт, зор денсаулық, еңбекте табыс  тілеймін.  Бір  шаңырақтың  астындағы  отандастарымыздың достығы,  өзара  түсіністігі  одан  әрі  баянды болып, еліміздегі  ұлтаралық  татулық  әрдайым  көңілімізді жадыратсын. Ынтымағымыз бен бірлігіміз үстем болып, осы татулығымыздың тамыры тереңдей берсін!

Гүлбара НҰРҚАНОВА,
Қазақстан  халқы  Ақмола  ассамблеясы
жанындағы  сәндік-қолданбалы  өнер
шеберлері  одағының  төрайымы,
Аналар  кеңесінің  мүшесі,
Көкшетау қалалық №2 мектеп-лицейінің мұғалімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар