Мерекелер құрметіне өткізілді

Өткен аптаның бейсенбі және жұма күндері Ақмола облыстық ардагерлер кеңесі мен облыстық дене шынықтыру және спорт, туризм басқармаларының ұйымдастыруымен Көкшетау қаласындағы «Бурабай» спорт кешенінде  Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 77 жылдығы,  Қазақстан халқының бірлігі күні және республикалық ардагерлер ұйымының 35 жылдығының құрметіне арналған ардагерлер арасында шахмат және дойбы жарысынан дәстүрлі 17-облыстық турнир ойындары өткізілді.        

Турнирдің ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт  басқармасының басшысы Әсет Бүкібаев, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Үкітай Ахмадеев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, қалалық, аудандық спорт бөлімдерінің төрағалары және көптеген жанкүйерлер қатысты.

Аталған турнирге облысымыздың аудандары мен қалаларында  ардагерлер арасында спорттың осы түрлерінен өткізілген іріктеу жарыстарының жеңімпаздары шақырылды. Жарыста барлығы 20 шахматшы, 13 дойбышы сайысқа түсті.

Жарыс шахматтан да, дойбыдан да швейцариялық жүйе бойынша өткізілді. Шахмат 6 турға, ал, дойбы 7 турға бөлінді. Әрбір қатысушыға ойнау үшін 30 минуттан уақыт берілді. Аудандардың құрама командалары 2 спортшыдан жасақталды, яғни, жарысқа шахматтан 1 адам, дойбыдан 1 адамнан қатыстырылды. Ал, Көкшетау қаласынан 5 шахматшы, (3 ер адам, 2 әйел адам) 3 дойбышы сайысқа түсті. Екі күнге созылған тартысты додада шахматшылар мен дойбышылар жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Бұл ретте, Көкшетау қаласы, Аршалы, Атбасар, Астрахан, Біржан сал, Бұланды, Зеренді, Жарқайың, Шортанды, Сандықтау, Аршалы аудандарының шахматшылары мен дойбышыларының шебер ойындарын ерекше атап өткен орынды.

Тартысты кездесулерде шахматтан бірінші орынды осы спорт түрінен спорт шеберлігіне кандидат көкшетаулық ардагер, Көкшетау қаласының және Зеренді ауданының құрметті азаматы,  бұған дейін 6 дүркін облыс чемпионы атанған Тельман Шәріпұлы Мұқышев, екінші орынды Көкшетау қаласының өкілі Уәлиден Ілиясов иеленсе, үшінші орын  Жарқайың ауданының  шахматшысы Амантай Ахметовке берілді. Ал, әйелдер арасында шахматтан бірінші және екінші орындарды Көкшетау қаласының өкілдері Людмила Титенко және Виктория Мұхамеджанова бөлісті.

Дойбыдан жарыс нәтижесі бойынша бірінші орынға Аршалы ауданының дойбышысы Бахытберім Латипов, екінші орынға жарқайыңдық Ермек Кәрімжан,  үшінші орынға көкшетаулық ардагер дойбышы Сайлау Көшкен ие болды.

Жарыс жүлдегерлері Ақмола облыстық спорт және дене шынықтыру, туризм басқармаларының және Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің мақтау грамоталарымен, ақшалай және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.                                                                                      

                                                                                           Үкітай АХМАДЕЕВ,
                                                                                      Ақмола облыстық ардагерлер
                                                                                      кеңесі төрағасының орынбасары.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар