«Ән-ғұмыр» жүректі тербейді

Осындай тақырыпта Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері, күміскөмей әнші Гүлжан Ахметованың жеке концерті болып өтті. Дәріс-концертті философия докторы, ақын-жазушы Ерболат Баят жүргізіп отырды. Өнер кешінде атақты сал-серілер Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайдан бастап, Көкшеден шыққан композиторлардың әндері  шырқалды.  Концертке мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиев, облыстық мәдениет, архивтер  және құжаттамалар  басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

  –«Ән-ғұмыр» деп аталатын бұл дәріс-концерттің негізгі мәні мен мағынасы, мазмұны мен мақсаты қазақтың ән өнерінде, қазақ руханиятында, Есіл-Көкше өңірінде өмір сүрген, қазір көздері тірі үлкен рухани сабақтастықты жалғастырып келген Арқаның дәстүрін, бүгінгі жай-күйін насихаттау болып отыр. Өйткені қазіргі руханият саласындағы әртүрлі ағымдағы экспансиялар, манипуляциялар қазақтың төл өнерін, соның ішінде қазақтың дәстүрлі ән өнерін, халық әндерін, халық композиторларының әндерін, солардың ізін жалғастырған жергілікті сазгерлердің әндерін тыңдаушылар қатары сиреп бара жатқанын аңғартады. Сол әндерді орындаушылар да азайып бара жатыр. Ән деген рухани ұлылығымыздың сарқылмас бұлағы. Қазақтың ән өнері дегенде  ғажайып бір үлкен, бояуы қалың, қат-қабат үні де сазы да, сөзі де бір-біріне ұқсай бермейтін ғажайып бір ән керуенін, ән көшін көз алдымызға әкелгендей күй кешеміз. Жалпы, алғанда қазақтың әні мен сазының түрлері сан алуан.  Ән қазақтың жан дүниесінің жауһардай жарқыраған көңіл күйінің құбыла түрленген ғажайып бір сәтінің көрінісі іспетті. Ән дегеніміз – шежіре, ән дегеніміз – тағдыр, ән дегеніміз – ғұмыр. Қазақ әндерінің ғасырлық дәстүрі жалғаспаса, ол әсте сарқылған емес. Есіл-Көкше өңірінде өнер жалғастығы үзілмек емес. Соның бастауында азан шақырып қойған шын аты Мұхамедқанапия, лақап аты Сегіз сері тұрғаны рас. Сегіз серінің ғажап дүлдүл әндерінің ішіндегі шоқтығы биік бір әні  – «Алқоңыр» екендігі сөзсіз. Сол әнмен бүгінгі кештің шымылдығы ашылады, –деді ақын Ерболат Баятұлы.

Сахнаға әнші Гүлжан Ахметова шыққанда, әнсүйер талғампаз көрермен халық қошаметіне бөлей жөнелді. Ән қандай, әнші қандай десеңізші! Сырнайдың сырлы әуенімен бұлақтың күміс күлкі сыңғырындай әнші дауысы астасып, жүректі мөлдір әуез тербей жөнелді. Ән аяқталмаса екен дейсің іштей. Шынында да қазақтың әндері, оның ішінде Арқаның әншілік дәстүрінде бір ғажайып тылсым бар-ау!

Мұндай дәріс-концерттің бір ғажап ұтымды тұсы ән тыңдай отырып, сол әннің тарихына бойлай түсесің, жаныңды кәусар сұлулықпен ажарландырып, тағылымды ой түйесің. Ғажап! Тағылым мен таным қатар өрілген өнер кешінде өзгеге ұқсамайтын сұлу бітімімен, айрықша ажарымен, тылсым сұлулығымен жаныңды баурайтын, әр иірімінде даланың кеңдігі, қазақтың жаны, болмысы бәрі-бәрі тұнып тұрғандай таңдай қақтырар әсем әндер бірінен соң бірі шырқалды. Арқаның ән мектебінің көш басында, әрине, Біржан салдың тұрғаны анық.  Концертте   Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайдың әндері, сонымен қатар, жергілікті композиторлар, Кәкімбек Салықов, Кенжебек Күмісбеков, Кәрім Ілиясов, Маман Ементаев, Иран Тасқара, Тыныштық Шаменов, Құрмет Сақайдың әндері шырқалды. Осы орайда, әншінің орындауындағы әндерді аспапта сүйемелдеп, өз өнерлерін ортаға салған концертмейстерлердің де еңбегін атап өткеніміз орынды. Баянда сүйемелдеген Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Марат Бектасов пен фортепианода сүйемелдеген Мақпал Дәулетжанованың өнерлеріне көрермен тәнті болды.  Сонымен қатар, облыстық филармонияның әншілері Шыңғыс Сәрсенбай мен Мирзат Молдахановтың орындауындағы әндер де көптің көңілін бір серпілтіп тастады.

Ән кешінде уақыттың зуылдап қалай өте шыққанын байқамай қалдық. Жүректі әнге бөлеген әсем кештен рухани қуат алған көрермен күміс көмей әншіге алғыс айтып тарқасты.

 Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар