Медбикенің жұмысы – қарбалас жұмыс

 Ақ желеңді абзал жандар – адам жанының арашашысы. Солардың ішінде «медбикелердің қызметінің күрделілігі неде?», «болашақ медбикелер қандай  қиындықтарға дайын болуы керек?» деген тұрғыда Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының қабылдау бөлімінде 35 жылға жуықжемісті еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман Гүлнәр Балғазықызы Рахымованы әңгімеге тартқан едік.

– Әлемдегі ең әдемі киім меніңше, сіздер киетін ақ қалпақ, ақ халат. Медицина қызметкерлерінің қолында әлемдегі ең құнды кілт – адам денсаулығының кілті жүреді. Бұдан асқан мейірімге толы жұмыс бар ма? Осы жөнінде не ойлайсыз?

– Расында, медбике – ең асыл мамандықтардың бірі. Ол әрдайым сабырлы және мейірімді болуы керек. Өйткені, біз айналысатын іс науқастың ауруын, соған орай туындайтын қайғы-мұңын жеңілдетеді. Сонымен қатар, мені адамдармен қарым-қатынас қызықтырады, олар бізге денсаулығы мен өмірін сеніп тапсырады. Сондықтан, менің мамандығым ең қызықты, қажетті және маңызды деп санаймын! Меніңкөмегім адамдарға қажет екенін есіме алсам, өмірімнің  қаншалықты маңызды екенін түсінемін.

– Сонда сіз атқаратын жұмыстың күрделілгі неде? 

– Мен өзім үшін ешқандай қиындық көрмеймін. Өз міндеттерін нақты білетін медбике үшін жұмыста ешқандай кедергі жоқ. Иә, кейде сырқаттанушылардың өздерінен де туындап жататынмәселелер болады. Мысалы, кейбіреулері ауруханаға мас күйінде түседі. Олар шу шығарып, басқалармен ұрысуы мүмкін. Оған қоса, бізге тұрғылықты жері жоқ адамдар жиі келеді. Бұл да жұмысымызға белгілі бір кедергі келтіреді. Сондықтан, әсіресе, жедел жәрдем бөлімінде жұмыс істейтін медбике мұндай стрестік жағдайларға төзімді болуы керек.

Ондай науқастарға не айтар едіңіз?

– Әсіресе, әдептілік ережелерін ұмытпау керек, өздерін азаматқа лайықты етіп ұстап және шыдамдылық танытқан жөн. Бірінші кезекте көмекке мұқтаж науқастар бар, ал, кейбіреулері өзін бәрінен маңызды санап, дереу көмек талап етіп жатады. Бұл әбестік. Сондықтан, ондайлар сабыр сақтаса деймін.

–  35 жылға жуық медбикелік өміріңіздегі есіңізде қалған кейбір жайттармен бөліссеңіз?

– 2018 жылы осы біздің облыстың аумағында жол апаты болып, онда Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтары зардап шекті. Сол кезде біздің аурухананың қабылдау бөлімі әскери госпитальға ұқсап кетті. Сонда мен қызметкерлеріміздің күші-жігері мен қуатына, бригадамыздың ынтымақ-бірлігіне айқын көзім жетті. Бізге басқа бөлімшелерден дәрігерлер мен басшылық та көмекке келді.

– Қазіргі медбике болуды армандаған жастар алдымен, нені ескеруі керек?

– Әрине, ақ халат пен қалпақ кию өте әдемі. Медбике мамандығын таңдап, диплом алғандар үшін оқу аяқталмайды. Олар барлық еңбек қызметі барысында өз білімін арттыруды жалғастыруы тиіс. Жұмыс қиын, ұйқысыз түндер мен стресс. Отбасы былай қалады, қазіргі жастар жақсы көретіндей интернетте отыруға мүмкіндік болмайды, өйткені, медбикенің бүкіл уақыты науқасқа арналған, соларда қабылдау, емдеу шараларымен өтеді. Соны түсіну керек.

– Жалпы, бір байқағаным, медицина қызметкерлері сирек демалатын сияқты, сіз бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

– Мүмкіндік болса, отбасыммен табиғатқа шығып, таза ауа жұтып,дем алғанды жақсы көремін. Әрине, күні-түні жұмыста болғандықтан, демалыста ұйқымды қандыруға тырысамын, өйткені, біздің жұмысымызда толыққанды ұйықтайтын мүмкіндік жоқ қой.Қалай десек те, науқастарға көмек қолымды созу арқылы өзімді жан-жақты маман ретінде сезінемін.

– Әңгімеңіз үшін көп рахмет! Сізге жемісті еңбек тілейміз!

 Әңгімелескен Алма СЫРЫМБЕТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар