Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Отбасым деп шуақ шашқан көңілі,  қазақтың инабатты бір келіні - АРҚА АЖАРЫ

Отбасым деп шуақ шашқан көңілі,  қазақтың инабатты бір келіні

 Бүгінгі мақаламыздың басты кейіпкері – немістің қызы Лилия. Лилия Викторовна Көкшетау қаласында туған. Отбасында үш қыз екен. Қазіргі таңда екі әпкесінің бірі – Германияда, ал, екіншісі – Көкшетауда тұрады. Лилия өте талантты қыз. Жастайынан өнерге жақын болып өсті. Содан болар ол мамандық таңдар тұста, өз болашағын өнермен сабақтастырамын деп бірден шешім қабылдаған.

Ойлаған арман-тілегі жүзеге асты. Әуелден, мектеп қабырғасында оқып жүрген кезден-ақ, балғын жүрегі өнерге ынтызар жауқазын биші қыздың бойындағы қабілеті көпті тәнті ететін. Кейін ол сол дарын-қабілетін колледжде дамытып,  бүгінде өз ісінің нағыз шебері атанып отыр. Әрине, біздің өңірдегі  өнерпаз өрендердің бойындағы қарым-қабілетін   дамытатын, оларды өнер жолына қанаттандырып, жол ашатын бірден-бір өнер ордасы – Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжі екендігі даусыз.  Лилия да осы колледжге оқуға түсіп,  2007 жылы оны ойдағыдай тәмамдап, хореграф мамандығын меңгерсе керек. Айтудан жалықпаймыз, адамды абзал атына сай ететін алдымен оның еңбекқорлығы мен адами болмысы. Қазақ халқы «Жүзі жылыдан түңілме» деген емес пе?!. Бір көрген сәттен-ақ, Лилия таныс емес адамның өзін кішіпейіл мінезімен-ақ баурап алады. Мейірім мен инабаттылық, ізгілік, кісілік сияқты парасаты биік адами қасиеттер бір бойынан аңғарылып-ақ тұрады. Үлкен адам келе жатқанда орнынан атып тұрып, ізет танытуының өзі тәрбие көргендігінің белгісі емес пе?! Астамшылдық танытпай, көбік сөзді алға тартып, асыра сілтемей әр сұраққа байыппен, сабырмен жауап беріп, ақырын сөйлеп, жылы жымиып отырғанының өзінде көп мән жатыр. Тегінде қазақ келіні осындай болуы керек деп ой түйдік біз де.

– Колледжде оқу тәжірибесінен өтіп жүрген кезімде өңіріміздің бір ауданына қазба жұмыстарын жүргізуге барған болатынмын. Сол сапарда жанжарым Сәкенмен таныстым. Екеумізде студентпіз. Алғашқы албырт сезім алдамайды ғой. Таныстығымыз тойға ұласты. 2009 жылы шаңырақ көтердік. Аллаға шүкір, қазіргі таңда бір қыз, үш ұлымыз бар. Некемізді қиған сәттен, ислам дінін қабылдадым. Біздің отбасымызда қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, бәрі-бәрі қатаң сақталады. Мінекей, екі жыл қатарынан жолдасым екеуіміз ораза тұтып жүрміз. Жұма сайын шелпек пісіремін, отағасы аруақтарға құран оқытып, мешітке баруды да ұмытпайды. Ұлттық дәстүрді ұлағаттауды өз парызымыз санаймыз. Қазақтың ұлттық тағамдарының барлығын жасай аламын. Жолдасымның разылығын алу мен үшін зор бақыт», – дейді Лилия Балтакескенова.

Отау құрған сәтте бәрі  оп-оңай орала қоймасы анық. Пәтердің жоқтығы, ақшаның аздығы  ештеңе емес қой, Сәкен мен Лилияның жанын қинағаны тұңғыш ұлдарының денсаулығы еді. Мұндайда сабыр керек. Әсіресе, әйел адам сабырлық танытпаса  қиын. Өмірдің тартқан сынағы деп қабылдады олар мұны. Алдымен барлығы Алланың арқасы, кейінгісі әкесінің алқауы, анасының ақ тілегі болар,бүгінде Аланның денсаулығы жақсарып келеді. Қазіргі таңда оның соңынан ерген қос інісі мен бір қарындасы бар. Аллаға шүкір, балаларының барлығы өздері сияқты кішіпейіл, қазақы тәрбие көрген өрендер.

Жоғары атап өткеніміздей, өмірде бақыттың барлығы еңбекпен келеді. Лилия ешқашан еңбектенуден жалыққан емес. Ол үнемі ізденіс үстінде.  Атап өтерлігі, ол колледжді тәмамдаған соң,білімін жетілдірмек ниетпен Ресейдің Челябинск мәдениет институтында хореография мамандығы бойынша оқуға түсіп, жоғары білім алған екен. Сонымен қатар, ол логопед-дефектолог мамандығы бойынша да білім алып, тағы бір мамандықты меңгерген. Қазіргі таңда, Лилия Викторовна Көкшетау қаласындағы №4 орта мектебінде хореография сабағынан оқушыларға сабақ береді. Сонымен қатар, облыс орталығындағы «Kinder.ok» жекеменшік оқыту орталығында логопед-дефектолог болып жұмыс істейді.

Сезім мен сыйластық бар жерде отбасының ырыздығы мол. Сәкен екеуі адал еңбек ете жүріп, үй салды, жеңіл автокөлік те сатып алды. Балаларын да жан-жақты тәрбиелеп, қарым-қабілеттерін шыңдауда. Сұхбат барысында «Біздің отбасымыз», «Отағасының разылығы үшін» деп тебірене сөйлеген Лилияның әр сөзіне тамсанып қарай отырып, іштей тәнті болып жүрекпен екеуіне бақыт тіледік біз де.

 Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар